БАҚЫТ ОСЫ ЕМЕС ПЕ? Еркектің жүрегі нені аңсайды?
БАҚЫТ ОСЫ ЕМЕС ПЕ? Еркектің жүрегі нені аңсайды?
1 сағат бұрын 108 islam.kz/

Күні бойы даланың қарбаласы мен түрлі сынақтарынан шаршап келген ер азамат, үйінің табалдырығын аттағанда суық үнсіздікке емес, жайлылық пен шуаққа бөленсе, қалай қуанбасын!

Есік алдынан жары жарқын жүзбен, әдемі де таза киініп қарсы алса... Үй ішінен жаңа демделген кофенің немесе дәмді бәліштің иісі мұрын жарып, алдынан балалары жүгіріп шықса, дастарқан басында асықпай отырып, отбасының күлкісі мен жайдары дауысын естісе... Бұл бақыт емей, немене? Ер азаматтың жүрегі осыны аңсамайтын ба еді?

Алла Тағала Құранда былай дейді:

«Оның белгілерінің бірі — сендерге жандарың жай тапсын деп өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда махаббат пен мейірім орнатуы...»1.

Тағы бір аятта: «...Олар сендер үшін киім, сендер де олар үшін киімсіңдер...», делінген2. Осы теңеудің мағынасына үңіліп көріңізші: киім адамды қалай сәндеп, суықтан қорғап, жылытса, ерлі-зайыптылар да бір-біріне солай қорған әрі жылу бола алулары тиіс.

Әбу Хурайраның (р.а.) жеткізген хадис шәрифте Пайғамбарымыздан : «Әйелдердің ең қайырлысы қандай?» — деп сұрайды, сонда Ол : «Күйеуі қарағанда көзі қуанатын, бір нәрсе бұйырса бағынатын, өзіне немесе дүниесіне қатысты күйеуі ұнатпайтын істерде оған қарсы келмейтін әйел», — деп жауап берген (Ахмад, ән-Нәсәи).

Қымбатты әпке-сиңлілерім!

Шаңырақтың берекесі мен жылуы — сіздердің қолдарыңызда. Ер азамат сырттан нәпақа тауып, жасап, табыс әкелуі мүмкін, бірақ сол үйді махаббат пен сұлулыққа толтыратын — әйел. (Сонымен бірге, ер азамат та өз жауапкершілігін ұмытпауы тиіс: жарына қамқор болып, жылы жүзбен қарсы алып, оның көңілін көтеріп, жігерлендіруі керек. Өйткені махаббат пен мейірім — өзара сыйластықтан тұрады).

Күйеуіңіз келгенше 20-30 минутыңызды өзіңізді ретке келтіруге арнап, ең әдемі көйлегіңізді киіп, ең бастысы — оны жақсы көңіл-күймен қарсы алуға дайындалсаңыз, бұл үлкен қуаныш емес пе? Біз қонақ келерде барымызды салып дайындаламыз ғой, сонда сүйікті жарымыз сол құрметке лайық емес пе?

Әрине, өмір болған соң ауыр күндер де болады. Шаршау, ауру-сырқау, бала тәрбиесімен таусылатын сәттер кездеседі. Ешкім әйелден мінсіз болуды талап етпейді. Бірақ жұбайыңыз үшін жасаған титтей де талпынысыңыз — үлкен жақсылық. «Мен Алланың разылығы үшін жарымды қуантқым келеді» деген шынайы ниетіңіз жеткілікті. Сонда сіздің бір ғана күлкіңіз бен жылы сөзіңіз ол үшін сарқылмас қуаныш көзіне айналады.

Жарыңыз үшін сәндену — тек киім мен бояну емес. Бұл — жақсы көңіл-күй, жылы сөз бен нәзіктік, қылық. Дәл сол сияқты, жарын қамқорлығымен сәндеп, аялаған еркек те әйелінің жүрегін бақытты етеді.

Жұбайыңыз есікті ашқанда сіздің жарқыраған жүзіңіз бен қуанышты жүзіңізді көргендегі жанарын елестетіп көріңізші. Ал, қымбатты аға-бауырларым, сіздер де үйге ашу-ызамен емес, мейіріммен, қолдаумен келсеңіздер, жарыңыздың жүрегі қалай гүлдейтінін сезініңіздерші.

Үйлеріңізді жан сарайларыңыз асыға жететін мекенге айналдырыңыздар. Әрбір бас қосуларыңыз мерекедей болсын, бір-біріңізді күтіп жүргендеріңізді, жақсы көретіндеріңізді сезіндіріңіздер. Тек көшеге немесе жат жұрттың көзі үшін емес, бірінші кезекте өздеріңізге тірек, қорған және нұр болған жақындарыңыз үшін сәнденіңіздер. Сонда қарым-қатынастарыңыз өрге домалап, жайнап сала береді. Шаңырақта күлкі мен қуаныш, жүректе махаббат пен тыныштық орнайды. Сөйтіп үйіңіз махаббат пен рақымдылықтың салтанат құрған, осы дүниедегі Жәннаттың бір бағына айналады.


1 Рұм сүресі, 21-аят.
2 Бақара сүресі, 187-аят. 

Дереккөз: as-salam ru
Қазақшалаған islam.kz

0 пікір