Балаңызды ұялы телефоннан аулақ ұстаңыз
Балаңызды ұялы телефоннан аулақ ұстаңыз
3 жыл бұрын 6210
Абдусамат Қасым

Ұялы телефонның пайдалы тұстары бары анық. Кітап оқисыз, жақындармен үнемі байланыста боласыз, жазған хатыңыз лезде жетеді, жаңалықтар оқисыз, видеобайланыс арқылы жырақта жүрген балаларыңызбен және немерелеріңізбен немесе ата-анаңызбен, ата-апаңызбен байланысқа түсіп, олармен көзбе-көз сөйлесіп, бір сағынышыңызды басып алуға болады. Дегенмен «пайдалы нәрсені шамадан тыс қолдансаңыз, ол зиянға айналады» деген өмірлік түйгенім бар. Мысалы, тамақты керегінше әрі ашыққанда жесеңіз ол сізге пайдалы, ал шамадан тыс жесеңіз ол сізге зиян. Ұялы телефон да солай. Өкінішке орай, бүгінде көпшілігіміз ұялы телефонға байланғанымыз рас. Қажеттен тыс үңіліп, алтын уақытымызды босқа кетіріп жататынымыз жасырын емес. Тек уақыт қана емес, шамадан тыс көп телефон шұқылаудың денсаулығымызға да елеулі залалы барын мамандар жарыса жазуда. Осындайда «бізді қойшы, балаларға обал болды» дейді түйсік. Расында да қазіргі таңда кішкене бүлдіршіндердің өздері бесіктен белдері шықпай жатып, смартфонға үйір болып жататыны шындық. Ал оның балаға пайдасынан гөрі зияны орасан. Атап айтсақ:

  1. Жаттау қабілетін төмендетеді. Үнемі ұялы телефоннан ойын ойнап, мультфильм көріп жүрген баланың жаттау қабілеті едәуір бәсеңдейді.
  2. Пайымын баяулатады. Үнемі ұялы телефонға үңілген бала бейнебір меңіреу адамша, естіген нәрсесін бірден түсіне қоймайды.
  3. Шынайы өмірмен байланысы азаяды. Көп уақытын ұялы телефонға ұңіліп, түрлі ойындар ойнаумен өткізетін баланың миы виртуалды кеңістікте қалып қойып, шынайы өмірмен байланысы үзіледі. Бүкіл ойы осыдан бірер сағат бұрын беріліп ойнаған ойынның ішінде болып, қайтсем тезірек сол ойынға қайта оралсам екен деп көксеумен жүреді. Ондай баланың сабаққа үлгерімі де нашарлайды.
  4. Көру қабілеті әлсірейді. Телефонға көп үңілген баланың көзі де нашар көретін болады. Кішкентайынан смартфонға байланып, өсе келе көз жанары зақымданып, көру қабілеті төмендеп кеткен балалар қаншама.
  5. Дәрігер мамандардың айтысына қарағанда, сегіз жасқа дейінгі балалардың телефоннан берілетін электромагнитты сәулесінен ми ісігіне шалдығу қауіпі жоғары екен.
  6. Сабаққа үлгерімін баяулатады. Әрине, жоғарыда сайып өткен зияндықтардың бәрі айналып келгенде, баланың сабақ үлгеріміне кесірін тигізбей қоймайтыны анық. Қазіргі таңда кішкене сәбилер әріп танудан бұрын смартфонмен танысып жатады.  
  7.  Үйкүшік болып өседі. Жас бала үшін сыртта жүгіріп, достарымен тайдай тебісіп, ойнау – олар үшін спорттық жаттығумен тең. Кішкене кездегі ойындар баланың дамуына септігін тигізеді. Бала жүгіріп ойнау арқылы шынығады. Миы дамиды. Ал кішкентайынан телефонға ұңіліп өскен бала, сыртта ойнағаннан гөрі ұялы телефонда ойнағанды жақсы көріп тұрады. Мәселен, осыдан онбес-жиырма жыл бұрын ғана ата-анасы баласын сырттан ішке кіргізе алмай шаршайтын болса, енді қазір балаларымызды сыртқа қуумен әлекпіз. Бұл өз кезегінде баланың әлжуаз, көпшіл емес, елмен тіл табыса алмайтын болып өсуіне алып соғуы мүмкін.
  8.  т.б.

Сондықтан да, балаларыңызды смартфоннан аулақ ұстағаныңыз жөн. Әрине, көпшіліктің айырылмас серігіне айналған бұл смартфондармен жеткіншек баланың ара-қатынасын мүлдем үзіп тастау мүмкін емес шығар. Дегенмен, шектеуге болады. Мысалы, балаға тек сөйлесу үшін ғана жай телефон алып беріп (жай телефонның өзімен екі-үш минуттан артық сөйлеспеуін қадағалау керек), ал смартфондарды күніне жарты сағат, қырық минут қана ұстауға рұқсат берген жөн. Одан бұрын мектептен берілген үй жұмысын орындатып, сабақтан тыс кітаптан бес-он бет оқытып барып, рұқсат берсе болады. Сонда бала ұялы телефонды шұқылаудан да маңызды дүниелердің барын сезінеді әрі біліміне де зиян болмайды.

Және ең бастысы, ата-аналардың өздері ұялы телефонды қажеттен тыс шұқыламауға ден қойғандары жөн, осылайша балаларына үлгі болулары керек. Ата-анасы қашан көрсе ұялы телефон шұқылап отыратын болса, баланың да қызығушылығы артып, ол да шұқылағысы келеді. Тым болмағанда балалардың көзінше шұқыламауға мән берген жақсы. Оның орнына қол бос кезде кітап оқып, балаңызбен бірге спорт жаттығуларын орындаңыз немесе бірге серуендеңіз, балаңызды музей, кітапхана, мешіт сияқты рухани пайдасы бар орындарға апарыңыз т.б. осы сияқты уақытын пайдалы өткізуге үйретіп баққан абзал.  Алла баршамызға тауфиқ бергей!

islam.kz

0 пікір