Балаңызды дұрыс тамақтандырып жүрсіз бе?
Балаңызды дұрыс тамақтандырып жүрсіз бе?
9 жыл бұрын 75844
Мағжан Жұмабаевтың бала тәрбиесіне қатысты кеңестері бойынша

1. Баланың тамағы. Баланың жақсы өсуі үшін оның тамағы жақсы болуға тиіс. Бастапқы кезде балаға ең дұрыс тамақ – ананың сүті. Сүттің ішінде денеге керек тамақ заттардың бәрі бар.

2. Қолдан асырау. Қолдан асыралғанда балаға лайықты тамақ – ... және ешкі сүті. Бұл екеуінің бірі болмаған күнде сиыр сүті. Бірақ сиыр сүтінде ақ пен май көп, қант аз. Сондықтан сиыр сүтін сұйылту һәм тәттілеу керек. Жаңа туған балаға берілетін сиыр сүтіне үш есе су қосу керек.

3. Аралас тамақтандыру. Анасы емізген бала біраз өскен соң анасының сүтінен басқа тамақ тілей бастайды. Балаға жай тамақты алты айсыз бере бастау дұрыс емес. Жай тамақ бергенде әуелі жеңілінен бастап, бірте-бірте ауырына көшу керек. Жас балаға (бір жасқа толмаған) май, нан, ет беру тіпті дұрыс емес.Балаға нан беріп, ет беріп, сорғалатып май беріп қойған ана – баланың досы емес, қасы. Қазақ баласының ауру болуы, көбінесе, осы талғамай тамақ жегенінен болады.

4. Тамақтандыру тәртібі. Баланы ананың өзі емізсе де, яки қолдан асыраса да, баланы белгілі бір тәртіппен тамақтандыру керек. Баланы да емізген күнде емізу тәртібі былай: жаңа туған баланы күндіз 2-3 сағатта бір, түнде 3-4 сағатта бір емізу тиіс. Ал енді бала өскен сайын емізуді сиректете беру керек. Былайша – бірінші айда тәулікте 8-9 рет, 4 айға шейін 7-8 рет, жарты жасқа шейін 7 рет, 9 айға шейін алты рет. Түн – ұйқы уақыты. Сондықтан баланы түнде сирек емізуге әдеттендіру керек. Мысалы, 5 айлық баланы түнде бір емізу жетеді. Баланы қолдан тамақтандырғанда да тамақтандыру тәртібі осы.

Балаға тамақты тәртіппен беру оның дұрыс өсуіне, аурулы болмауына, мінезінің дұрыс болуына да көп пайдасы бар. Балаға тамақ тәртіпсіз, ретсіз, былапыт берілсе, бала аурулы болады. Асқазаны бұзылады, ішкен-жеген тамағын сіңіре алмайды. Жер жүзінде балаға тәртіпсіз тамақ беретін әйел екеу болса, біреуі – қазақ әйелі. Бала ұйқысы қанып оянса да, бір жері ауырып, яки төсегі тынышсыз болып жыласа да, оны шешіп алып қарау жоқ, емшегін алып барып баланың аузына сала қояды. Түнде ың етсе, бесікті албастыдай басып отырып алады. Емшек – балада, ана – ұйқыда. Баланың аузынан емшегін алса, баланың қолына басқа бір тамағын ұстатады. Сорлы баланы бір минөт тамақтан босату жоқ. Яки мынандай іс те болады. Шеше не бір жұмыспен, не жай қыдырып кезіп кетеді, мана кеткен шеше әлі жоқ. Ерте күн түс болды. Түс кеш болды. Бала аштан аш жатыр. Қарны ашады. Шырқырап, ішегі қатып, жылайды. Бишара бала жылап-жылап әлсіреп, талып барып ұйықтайды. Кешке келіп ұйқылы-ояу талып жатқан баланы көріп: «Құлынымның тамақ іздемей, жыламай, тәтті ғана ұйықтап жатқанын қарашы!» – дейтіні бар.

5. Емшектен айыру. Бала аурулы болмаса, бір жасқа толғанда ана сүтінен басқа ас ішіп, біраз тісі (8-12) шыққан болады. Міне, осы уақытта баланы емшектен айыру керек. Айырғанда күл, көмір сеуіп, насыбай жағып әурелемей-ақ, емізуді сиретіп, баланы бірте-бірте (3-6 жеті ішінде) бездіру керек. Ал енді кейбір қатындардың еркелеткеннің жөні осы екен деп, 5-6 жасар балаларын арда емізіп қоюлары тым-ақ ұнамсыз іс. Ұнамсыз ғана емес, балаға да, анаға да зиянды іс.

6. Екі жасар һәм үш жасар баланың тамағы. Екі жасар баланың денесі әжептәуір берік болады. Сондықтан бұл жаста балаға бірте-бірте ет, нан сықылды күшті ас беруге мүмкін. Ет бергенде жеңілінен бастау керек. Ешкі, қой, сиыр еті. Жылқы еті ауыр. Оны 2-3 жасар балаға бермеген дұрыс болар. Баланың асқазанына лайын нан – бидай ұнынан пісірілген нан. Балаға шай ішкізу тіпті дұрыс емес. Кәмпит, пряник, өрік, мейіз сықылды тәтті беруге де жарамайды. Бір жасқа толмаған бала түгіл, 2-3 жасар балаға да қымыз ішкізу мақұл емес. Қымыз баланың тынышын алып, мең-зең беймаза қылады. Екі-үш жасар балаға тәулікте төрт рет тамақ беру керек. Түнде емес, күндіз, төрт сағатта бір.Балаға тамақты бөлек үйде беру артық (дұрыс). Үлкен кісілермен бірге ішіп, бірге жесе, үлкендерді еліктеп, мөлшерден артық ас ішеді. Мұның зиян екені белгілі.

Жалғасы... Басы 

0 пікір