Бүгінде отау құрып, шаңырақ көтерем дейтін жастар көбінесе, алатын жарының сыртқы келбетіне, шыққан жеріне, тегіне, байлығына, пысықтығына қарайды. Бұл, әрине, дұрыс. Алайда Ислам тәлімі бойынша, бұл аталғандар өмірлік серік таңдаудың шарттарын түгел қамти алмайды. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде дініне берік, құдайшыл жар таңдауды өсиет еткен. Бұл – мәселенің бір жағы. Екінші жағынан алғанда, ер кісілер жұбай таңдағанда, оның күні ертең бала-шағасына қандай ана болатынын ескеруі керек. Өйткені перзенттеріміздің бұл дүниедегі ең алғашқы ұстазы да, тәлімгері де олардың анасы.
Бұл тұрғыдан келгенде, егін егетін кісі үшін дән көметін құнарлы топырақ табу қаншалықты маңызды болса, мұсылман өмірінде жақсы жар таңдаудың мәні сондай. Құранда мынадай аят бар: «Топырағы құнарлы, жақсы бір жұрттың өсімдігі Раббысының әмірімен көгеріп, жақсы өседі. Ал нашар, жерде тым аз және пайдасыз өсімдіктер шығады. Шүкір еткен қауымдар үшін аяттарымызды, міне осылай әр қырынан сала-сала етіп баян етеміз» («Ағраф» сүресі, 58-аят).
Бұл аятты кейбір ғалымдар жар таңдауға да қатысы бар деп түсіндіреді. Ендеше, өмірлік серік таңдағанда, олардың сұлулығы мен тартымдылығын немесе шаруаға пысықтығын ғана ескеру жеткіліксіз. Кез келген сұлулық мәңгі емес. Түсі оңбайтын, өңі қашпайтын мата жоқ. Сондықтан дүниеге Алла тағалаға құлшылық ететін, игілікті істер атқаратын, ата-анасын қадірлейтін, қияметте ардақты Пайғамбарымызды қуандыратын, еліне пайдалы ізгі ұрпақ әкелу бәрінен бұрын жар таңдауға байланысты.
Қазақта «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» деген тәлімді сөз бар. Ана Алланың шариғатына мән бермесе, намаз оқымаса, Аллаға дұға етіп мінәжат жасамаса, соны көріп өскен перзенттердің Құдайға қандай құл боларын өзіңіз болжай беріңіз.
Ертелі-кеш телесериал көру, тамақ ішу, жатып ұйықтау, айнаның алдында таранып-сыланып отырғаннан әрі аса алмаған аналар бала-шағасына одан артық тәрбие бере алмайды. Ал темекі тартып, сыра ішуден арланбайтын әйелдердің ұл-қыздары да әдеп пен көркем мінезге ие болып шығады деп сену қиын.
Анасы әдепсіз болса, баласы ұялатыны тағы бар. Кез келген перзентке «сенің шешең жаман» деген айыптаушы сөзден артық соққы жоқ.
Ертеде Әбул Әсуад деген кісі балаларына: «Мен сендер кішкентай кезде де, есейген кездеріңде де, тіпті дүниеге келмей тұрғандарыңда да жақсылық жасадым», – депті. Сонда перзенттері: «Кішкентай күніміз бен есейген шағымыз түсінікті, бірақ біз туылмай тұрғанда қандай жақсылық жасадыңыз?» деп сұрайды таң қала.
– Мен сендер кейін ұялып, қысылмайтындай ана таңдадым, – дейді әкесі.
Сүйікті Пайғамбарымыз хадистерінің бірінде: «Қоқыста өскен әдемі гүлге қызықпаңдар» деп ескерткен. Бұл әйелдікке таңдалған кісінің өскен ортасы, шыққан жері маңызды дегенді білдіреді. Қазақта «Шешесін көріп, қызын ал» деген аталы сөз қалған. Олай болса, екі дүниеде бақытты болғысы келген жандар жар таңдауда қателесуіне болмайды. Ата-ананың жақсы тәрбиесін көрген иманды, діндар әйел ғана бала-шағамызға үлгілі ана бола алады. Ал басқа жолмен бақытты болам деу өзімізді немесе өзгені алдау ғана. Алланы ешкім алдай алмайды. Жаратушы иеміз перзенттеріміздің анасын ибалы, иманды, инабатты етсін.