Баланың таза өсуіне күннің сəулесі, таза ауа қажет
Баланың таза өсуіне күннің сəулесі, таза ауа қажет
7 жыл бұрын 5197
Нәзипа ҚҰЛЖАНОВА

Емшек баласына ана сүті, түзу тəрбие қандай керек болса, таза ауа, күннің көзі, жайлы орын да сондай керек. Адам баласы өне бойына тынысын ішіне таратқанда, таза ауа жұтып, тынысы сыртқа шыққанда, керексіз ауаны сыртқа шығарып отырады. Адам көп жиылған үйдің сондықтан ауасы нашарланып, адамның тынысы тарылып тұрады. Бұған жəне көп кісінің терлеген иісі де қосылады.

Біздің қазақтың жылы үйінде əлгі айтылғандардың үстіне бұзау-торпағы да жатады, қазаны да асылады, кірі де жуылады. Сонымен алақандай терезесі бар, төбесі басыңа тигендей аласа, тар үйдің ауасы тым нашар болады. Мұндай ауада үлкен кісі тұншыға жаздаса, емшек баласының дертті болып, өлуіне себеп болады. Сондықтан балалардың өкпесі сау болып, тынысы кең болуы үшін күніне бір-екі мезгіл есік ашып, үйді жел қақтырып алу дұрыс. Балаға суық тиеді деп, қауіптену қате. Бетін ашық қалдырып, денесін көрпемен жауып қойса болады. Емшек баласын əлсін-əлсін далаға алып шығып жүрген дұрыс, суық тиеді деп қорқудың қажеті жоқ.

Қырқынан шыққан баланы қысты күні желсіз аязға шығаруға болады. Əуелі аздап шығарып, бара-бара уақытын бір сағат шамасы жүргізуге де болады. Баланы далаға шығарғанда бетін жабудың қажеті жоқ, тек суықта мұрны, құлағы үсіп қалмауын қарау керек, киімі жылы болғаны дұрыс.

Осыны, əсіресе қыстаудағы ел əйелі қатты ескеруі керек. Біздің қысқы жылы үйлеріміз түкке татымайды десек, ел намыстанбасын, намыстанса, үйлерін түзетер. Қысты күні баланы ылғи түс кезінде күн барында шығарған дұрыс.

Жаз туған бала күні бойы далада болуы мүмкін. Бірақ күннің ыстығында көлеңкеде ұстаған дұрыс. Ыстық күндерде емшек баласына ара-тұра қайнаған салқын су ішкізу қажет. Оқымысты дəрігерлердің айтуына қарағанда, күн сəулесі – дерт біткеннің жауы. Жұқпалы аурулардың құртын күн сəулесі өлтіреді. Ағаштың жазғытұрғы бүршігінде күннің көзі жарқырап жарық сəулесін түсіргенінде ғана жапырақтанып, жасара бастайды. Адам баласына үлкен болсын, кіші болсын, сол сияқты күннің сəулесі керек. Əсіресе емшек баласын күн көзінен қашырту қате. Бала жатқан үйдің терезесінен өне бойы күн түсіп тұрғаны дұрыс. Баланың төсегі күн түскен жерде тұрсын. Тұрақты күн түспейтін, қараңғы үйлерде көбінде дымқыл болады. Ондай үйде өскен бала нашар, кеудесі тар, қансыз, сөлсіз болып өседі. Баланың мешел болуының да бір үлкен себебі – осы күннен қашық өскендік.

0 пікір