Баланың бүлдіршін кезеңіндегі тәрбиесі (2-6 жас аралығы)
Баланың бүлдіршін кезеңіндегі тәрбиесі (2-6 жас аралығы)
3 жыл бұрын 4794
Құдайберді Бағашар

Бүлдіршін кезеңі баланың омыраудан ажыраған кезінен бастап тәмииз жасына[1] дейінгі уақыт аралығын қамтиды. Бұл кезең шамамен екі жастан бастап, 7 жасқа дейін жалғасады.

Енді осы уақыт аралығындағы бала тәрбиесін, әр жастың физиологиялық-психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып қарастыруға тырысайық. Сәбиліктен бүлдіршін кезеңіне қадам басқан баланың тілі жайлап шығып, шүлдірлеп сөйлей бастайды. Өзіне айтылғандарды түсінеді. Кейбір психологтар 2 жасты бала өмірінің «бақытты шағы» деп қабылдайды. Себебі, бұл жаста бала жүру, сөйлеу сияқты аса маңызды екі қабілетті игереді. Баланың тілі шыққан уақыттан бастап тәрбиенің маңызы да арта түседі. Себебі, Ахмәд ибн Ханбәлдің «Мүснәд» атты хадис жинағында Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай дегені баяндалады:

«Әрбір нәресте пәк бір жаратылыспен дүниеге келеді. Тілі шыққанға дейін осы қасиетін сақтайды. Одан кейін ата-анасы оны яһуди немесе христианға айналдырады»[2].

Демек, бала дүниеге періштедей пәк күйінде келеді және осы пәктігі тілі шыққанға дейін жалғасады. Ал тілі шыққаннан бастап оның санасында қоршаған ортаға қатысты пікірлер қалыптаса бастайды.

Сүт ему кезеңі аяқталған баланың айналасындағылармен қарым-қатынасы артады. Өзінің күшін сезініп, басқалардың жәрдеміне мұқтаж еместігін дәлелдегісі келгендей, қолы жеткен нәрсені өзі алуға тырысады. Біртіндеп «мен» деген түйсік қалыптаса бастайды. Қолына түскеннің бәрін алып ойнағысы келеді. Бұл кезеңде ол өзін тани бастайды. Қандай қабілеттері барын байқайды. Қалағанын жасағысы келеді. Сондықтан үлкендердің үйдегі ұстанған тәртібі кейде оның ашу-ызасын тудырады. Ондайда қырсығып, үлкендерді тыңдамай, бәрін керісінше жасайтынды шығарады. Тіпті екі жас пен үш жастың аралығын кейбір психологтар бөпеліктен балалыққа қадам аттау шағы ретінде «өтпелі кезең» деп те атайды. Психолог мамандардың айтуынша, бұл кезеңде тура жеткіншек балалардың балалық шақтан жастық шаққа өтер кезде тап болатын өтпелі кезеңі секілді мінез-құлқында түрлі келеңсіздіктер бой көрсетеді.

Осы жастан бастап бала жалықпай әртүрлі сұрақтар қоя бастайды. Тоқтамай сөйлегенді ұнатады. Кітапты, дәптерді оқыған сыңай танытып, қолына қалам түссе айқұш-ұйқыш қылып сызады, кейде оларды жыртады. Тапқан нәрсесін аузына салып, қолына түскен нәрсесін ешкімнің рұқсатынсыз әрі-бері қарап, ойнай бастайды.

Бұл − баланың тез жетілетін кезеңдерінің бірі. Себебі, бала екі жасына келгенде 50 шақты сөзді білетін болса, ал 2,5 жасында оның сөздік қоры 250-ге дейін артады. Сондықтан болар Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай сәтті кезеңді пайдаланып, баланың тілі анық бола бастағаннан-ақ (шамамен 2,5 жас) қысқа, иманға қатысты түсінікті аяттарды үйретуді жөн санаған. Мысалы, бір күні туысқандарының бірінің баласы тілі шығып сөйлей бастағанда, Пайғамбарымыз оған жеті мәрте қайталатып, мына аятты үйретеді:

«Әлхамду лилләһил-ләзи ләм иаттахиз уәләдән уә ләм якун ләһу шәрикун фил-мүлки» (Барлық мадақ Аллаһқа арналады, Оның ешқандай баласы да, серігі де жоқ)[3] .

Тағы бір өсиетінде:

«Балаларыңа алғаш үйрететін сөздерің «Лә иләһә иллаллаһ» болсын. Қайтыс болар сәтінде де осы сөзді айтқызуға тырысыңдар»[4], – дейді.

Яғни, сәбидің тілі шыққанда алғаш сөйлеген сөзі «Лә иләһә иллаллаһ» болса, онда тақуа өмірге жол ашылуы мүмкін. Баласының тақуа болғанын қай ата-ана тілемейді дейсіз. Пайғамбарымыздың балаларымызға жақсы сөздерді айтуға үйретіп, үнемі жанға жайлы сөздерді құлағына құйып отыруды өсиет етуі, сірә, сондықтан болса керек. Сахабалар да осы жастағы балаларына «Лә иләһә иллаллаһ», «Әмәнту билллаһ, кәфәрту биттағути» деген сияқты иманға қатысты қысқа сөздерді 7 мәрте қайталатып жаттататын болған. Демек, осы жастағы балаларға «Дінім – Ислам», «Раббым – Аллаһ», «Пайғамбарым – Мұхаммед» деген сияқты қысқа сөз тіркестерін үйретуге болады.

Осы кезеңнен бастап баланың бойында қызығушылық қабілеті артып, қасындағыларға сұрақты оқша жаудыра бастайды. Бұл қоршаған әлемді тануға тоймайтын баланың рухани дүниесін азықтандыруға оңтайлы кездің басталғанын білдіреді. Екі жасынан асқан баланың суретті кітаптарға деген қызығушылығы артады. Ертегі тыңдағанды ұнатады. Суреттердегі нәрселердің аттарын қайталайды. Ертегідегі адам аттарын есіне сақтап, тіпті оның не істегенін өзінің түсінігі бойынша айтып та бере алады.

Сондықтан баланың осы қабілеттерін ескере отырып,дінге, адамгершілікке қатысты, қоршаған ортаға байланысты суреттері бар кітаптарды алып, оның танымын кеңейтуге болады. Сондай-ақ баланы жақсылыққа тәрбиелейтін ертегілерді айту керек. Балаға ұнаған ертегіні қайталап айтудан жалықпаған жөн. Бұл баланың есте сақтау және ойлау қабілетін арттырады әрі сөйлеу қабілетін жетілдіруге көмектеседі. Өтпелі кезеңді тәмамдап, бала үш жасына аяқ басқанда, сіз үшін «алтын кезең» іспеттес күндер басталады. Қасыңызда томпаң қағып жүгіріп жүрген өрімдей бүлдіршін сізбен әңгімелескенді жақсы көреді. Себебі, үшке толған бала айналасымен оңтайлы қарым-қатынас құра алады. Ата-анасына, бауырларына ұнайтын қылықтар жасайды. Бұл жас − оны белгілі бір тәртіпке үйретуге ең ыңғайлы кезең. Ғалымдар 2-3 жастағы балаларды кез-келген әдетке дағдыландыруға бейім деп санайды. Бұл кезде тамақты өзі жеуді үйренген балаға өзінің алдынан, оң қолмен жеу, үлкендер бастамай тұрып асқа қол созбау секілді сүннет әдептерін үйретуге, ұқыптылыққа, тиянақтылыққа баулуға болады.

Үш жасында баланың әңгімелер мен мультфильмдерге деген қызығушылығы артады. Осы сәтті пайдаланып, оған мейірімділік пен әдепке баулитын діни-тәрбиелік мәні бар көркем суретті дүниелер көрсеткен абзал. Бір ескерте кетерлігі, қазіргі таңда көптеген жанұялар, әсіресе аналар теледидарды «бала күтуші» ретінде қолданады. Қолдары тимей жатқан кезде баланы теледидардың алдына отырғызып қояды.

Тіпті бала 4-5 жасқа келгенде күнұзақ теледидардың алдында отырса да оған мән бермей, әйтеуір менің үй шаруама, істеріме кедергі етпесе болғаны деп ойлайды. Тіпті баласын қасынан қуып, «бар, отырып теледидар көр» дейді. Осылайша баланы қара жәшіктің тәрбиесіне тапсырып, соның алдына шегелеп қояды. Ал үлкендердің бақылауынсыз теледидарды айналдырған бейкүнә бүлдіршіннің санасына тәрбиеге жат көріністер сіңе бастайды. Тіпті күнұзақ мүл-дем тәрбиелік мәні жоқ көркем суретті туындыларға байланған баланың ойлау қабілеті де төмендей түседі. Қазіргі мультфильмдердің көпшілігі шым-шытырық, атыс-шабыс, ұрыс-төбелес сияқты көріністерге толы. Тап-таза бейне таспа секілді сәбиіміздің санасын осылайша өз қолымызбен улап жатқанымызды байқамаймыз. Осыдан барып ата-анасын тыңдамайтын, ешкімге жұғымы жоқ, тек өз айтқаным болсын дейтін менменшіл, қатігез ұрпақ өседі. Бұл жағдайда бала тәрбиесіне теледидар емес, ата-аналар жауапты екенін ұмытпаған жөн. Осы кезеңдерде балаға қысқа да болса пайдалы нәрселер үйреткен жөн.

Үш жастағы бала қысқа тақпақ жаттай алады. Ән тыңдап, өзі де қосылып айта бастайды. Қысқа сүрелерді, намаз дұғаларын осы кезде жаттатуға болады. Діни әндерді, әсіресе кішкентай балалардың орындауындағы әндерді қосып қойсаңыз, балаңыз да соларға қосылып, өлеңнің мәтіндерін жаттай бастайды.

Бұл жаста оның сұрақтары бұрынғыдан да көбейе түседі. Сұрақтарын сабырлықпен тыңдап, санасына қонатындай етіп жауап беруге тырысқан жөн. Аллаһ, періште, пайғамбар, жаннат, тозақ секілді ұғымдар әлі ол үшін жұмбақ. Бірақ ол осы тылсым әлемнің сырын үйренгісі, білгісі келеді. Сондықтан осы ұғымдарға қатысты да сұрақтар қоя бастайды. Баланың сұрағына жауапты кейінге ысыру немесе оны жауапсыз қалдыру дұрыс емес. Сұрағына мардымды жаcап ала алмаса немесе мүлдем жауап берілмесе, онда баланың қызығушылығы, үйренуге деген құлшынысы бәсеңдейді.

Бұның кері әсері баланың бойында ұзақ жылға қалып қояды. Баланың ойлау қабілеті оған жәрдемдескен жағдайда ғана жетіледі. Осыған байланысты мұсылман ғұламаларының бірі былай деген екен:

«Бала кішкентай кезінде иман сабақтарын бойына дұрыс сіңірмесе, уақыт өте келе иманға қатысты мәселелерді қабылдауы қиындай түседі. Бейне-бір мұсылман емес адамның Ислам дінін қабылдағаны сияқты дінді жатырқап, жатсынып тұрады. Әсіресе, әке-шешесі мұсылмандық мінез-құлықты өз бойларында көрсете алмаса, онда баланың дінді үйренуге деген ынтасы мүлдем азайып, табиғатындағы қасиеттері басқа жаққа ауа бастайды». Ал иман сабақтары осы жастағы балалардың сұрақ-жауаптарымен басталады десек, артық айтқандық емес.

Үш жастағы балаңызға түнде жатарда немесе күндіздері ертегі, әңгіме айтуды әдетке айналдырыңыз. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм), сахабалар мен ғұлама-әулие кісілердің өмірлерінен ғибратты оқиғаларды әңгімелеп беріңіз. Себебі, 3 жасынан бастап бала әңгімедегі тұлғаларға қызығып, соларға ұқсауға тырысады. Әсіресе ұйықтар алдында қызықты етіп діни әңгіме айтсаңыз, жан дүниесіне әсер етіп, бойына Аллаһқа, пайғамбарға деген сүйіспеншіліктің алғашқы дәндерін себесіз. Ұйқыға дайындық − бала тәрбиесі тұрғысынан ата-анаға берілген тамаша мүмкіндік. Осы сәтті тиімді пайдаланған жөн. Діни әңгіме айтып болған соң, оған дұға жасауды үйрету керек. Бірге отырып дұға жасасаңыз да болады. Бұл балаңыздың көңіліне қуаныш ұялатумен қатар, санасында иманға қатысты түсініктердің қалыптасуына жол ашады. Мысалы:

«Раббым, мені, анамды, әкемді, бауырларымды және барлық мұсылмандарды түрлі апаттардан сақта. Мен жақсы ұл (қыз) болып өсейін. Менің айтқандарымды сен үнемі естисің. Бізге жақсылық бере гөр!» деген сияқты қарапайым дұғаларды үйретуге болады. Сонда уақыт өте келе дұға жасау баланың әдетіне айналады. Үш жастан асқан балаға осы жасқа дейін құлағына сіңісті діни терминдер мен сөз тіркестерін қайталатып, рухани түйсіктерінің ашылуына жағдай жасау керек.

Бұл кезде баланың діни тәлімінде мына ұғымдарды қолдануға болады:

Бізді Аллаһ жаратты. Біз Аллаһты жақсы көреміз.

Аллаһ барлық балаларды жақсы көреді.

Барлық нәрсені жаратқан – Аллаһ.

Хазірет Мұхаммед – Аллаһтың елшісі.

Хазірет Мұхаммед Аллаһтың әмірлерін бізге жеткізді.

Құран – қасиетті кітап.

Үлкен кісілер мен балалар мешітке барады.

Мешітте намаз оқиды, т.б.

Баламызбен үнемі бала секілді тілдесетін болсақ, ол да әрдайым бала күйінде қала береді. Сондықтан оны үлкен кісідей көріп, әңгімелескенде маңызды кісімен әңгімелесіп отырғанымызды аңғарту керек. Сонда бала да үлкендерше ойлануға бейімделе түседі.

Үш жастағы балада еліктегіштік қасиет басым. Ұл әкесінің, қыз анасының жасағандарын қайталап, соларға қарап бой түзейді. Сондықтан бұл кезеңде балаға құрғақ мысал бергеннен гөрі өзіміз іс-әрекетімізбен, жүріс-тұрысымызбен үлгі болғанымыз абзал. Алайда, бүгінде үлкендердің айтқанын орында да, істегеніне үйір бола берме дегенге келетін тәрбие әдісі басым. Мысалы, ата-ана баласын ұрады, бірақ баласы бауырын ұрса, оның жер-жебіріне жетеді. Анасы баласына «Телефонда мені сұраса, үйде жоқ деп айта сал» дейді де ал жайшылықта баласы өтірік айтса ренжіп, оны жалған сөйлемеуге үгіттейді. Баласы балағат сөз айтқан кезде, әкесі:

«Әй, мына оңбаған жаман сөзді қайдан үйренген», – десе, шешесі: «Жетпегір, бұл сөзді саған кім үйретті», – деп дүрсе қоя береді.

Әрине, көкірек көзі ояу, көңілі кіршіксіз таза балалар біздің әрбір ісімізді «көз» камерасына ұдайы түсіріп отырады. Сондықтан халқымыздың «Ережеден Исламдағы бала тәрбиесі өнеге артық» деген қағидасын естен шығармаған жөн. Аталарымыз осы тұрғыда «Сөзіңмен мазалама, ісіңмен көрсет», «Сөз шақырады, ал үлгі қызықтырады» деген екен. Ендеше, жас өскінге сөзден гөрі ісімізбен үлгі-өнеге болуымыз керек.

Гүлден ұрық шашылса,

Гүл тарайды әлемге (С. Мұқанов).

Демек, тұла бойымыз әсемдікке толы болса, бала-шағамыздың да өн-бойынан сұлулық көзге ұрары даусыз. Осы ақиқат Құранда былай баяндалады:

«Жаннаттық адамдардың қасында әрдайым пәк балалар болады, сен оларды көрген кезіңде жерге шашылған інжу-маржан деп ойлайсың»[5].

Сөздің тура болуымен қатар істің туралығы да аса маңызды. Өйткені, жалған сөйлегеніңізді аңғарған немесе сөзіңіз бен ісіңіздің үйлеспегенін көрген бала сізге сенімсіздікпен қарайтын болады. Титтей ағаттығыңызды байқап қалса, сізден суынып, біртіндеп бойын аулақ ұстай бастайды. Ондай кезде айтқан сөздеріңіздің ешқандай қадірі қалмайды. Бала бүкіл ізгі қасиеттерді әке-шешесінен табуы тиіс. Бұндай ата-аналар бір жағынан ұлағатты ұстаз болып табылады.

«Исламдағы бала тәрбиесі»


[1] Тәмииз жасы – баланың саналы түрде жақсы мен жаманды ажырата білетін шағы. Көпшілік мұсылман ғалымдар бұны 7 жасынан басталады деуде.
[2] Ахмед ибн Ханбәл, Мүснәд, 4-т., 24-б56
[3] («Исра» сүресі, 111-аят). Ибн Әби Шәйбә, әл-Мусаннаф, 1-т., 248-б.
[4] Абдурраззақ, әл-Мусаннаф, 4-т., 334-б.57
[5] «Инсан» сүресі, 19-аят.

0 пікір