Қай ата-ана баласын «жаман болсын» дейді? Ешбірі. Олар өз балаларын жанынан артық жақсы көреді, еркелетеді, өсіреді, қолында барын алдына тосады. Дегенмен, ата-ананың мақсаты баланы тек қатарынан қалдырмай өсіру (тамағы тоқ, киімі бүтін) болмауға тиіс. Өйткені, көп жағдайда молшылыққа малынып өскен бала ержеткенде ата-ана үмітін ақтамай жатады. Неге? Өйткені, ата-ана баланы материалдық жағынан қамтамасыз етуді ғана ойлап, көбіне рухани азықтандыруды ұмытып кетеді. Бала жасөспірім жасқа келегенше «Әй дейтін әженің, қой дейтін қожаның» қарауынсыз ержетеді. Тек бала ойын жинап, бой көрсетер жасқа жеткенде ғана ата-ана оның болашағын ойлай бастайды. Бүгінгі қоғамның көп адамы сондай, жасыратыны жоқ. Бала 11 жыл бойы құр сүлдерін көтеріп мектепке барады. Әке-шеше оны «әйтеуір бітіріп шықса болар» дейді де, жүре береді. Тек мектеп бітірер мезгілге тақағанда ғана балаға бар күшті салып, «сен өйтуің керек, жұрттың баласы оқуға түскенде сен неге түсе алмайсың?» деп ит терісін басына қаптайды, Ал балада кішкентайдан қалыптасқан дағды, «фундамент» болмаса, ешбір ұстаз бір мезгілде одан «толық адам» шығара алмайды. Сөйтеді де, ата-анасы: «Біз мұны тұмсықтыға шоқыттармай, қанаттыға қақтырмай өсіріп едік. Неге бұлай өсті екен?» - деп мұңын шағады. Керісінше, ТҰМСЫҚТЫҒА ШОҚЫТТЫРЫП, ҚАНАТТЫҒА ҚАҚТЫРУ КЕРЕК ЕДІ. Сонда ол бүгінгідей жалқау, кертарпа болмай, өз күшімен шыңдалар еді. Бала өсіп, өз ақылы өзіне жететіндей халге келгенде ғана ойлана бастайды. «Неге мен осыны білмеймін, неге үйренбегем» демейді, «Неге маған осыны кезінде үйретпеген» деген ойға келеді. Сондықтан, әр ата-ана баланы дүниеге әкелген соң, одан «ТОЛЫҚ АДАМ» жасауы керек. Ол үшін әр үйде «АТА-АНА БҰРЫШЫ» болғаны жөн. Келесі ақыл-кеңестер мүмкін біреу болса біреудің қажетіне жарап қалар.
Баланың денсаулығын күту
Баланы жастайынан өзіне қарауға, күтімге үйрету керек. Баланың тісін, көз, құлағын ерекше сақтау керек. Өйткені, «денсаулық-жалғыз». Бала өскеннен соң, өзінің жас күніндегі күтімсіздегінен көп опық жеуі мүмкін. Мысалы, бүгінде техника қатты дамыған. Егер баланың еркіне салып, телефон, планшет, теледидар деген дүниелерді өз қалауымен, өлшеусіз қолдандыра берсек, көзінің көруі нашарлайды. Жасынан тәттіге әуестігіне шек қоймасақ, өскен соң тістері әдемі болмауы мүмкін. Осы секілді толып жатқан нәрселер бар. Кішкентайында білінбегенмен, өскен соң бала мұны «ата-анадан» көреді, қатты ұялады, өзін сол үшін жек көреді. Адамға бір-ақ рет берілетін құндылықтың қадіріне жету керек.
ШЕШІМ: Баланың тіс, көз күтіміне жастайынан көңіл бөлу керек. Уақытымен дәрігерге көрсету керек.
Баланы жас күнінен түрлі салада тәрбиелеу
«Адамға жеті өнер де аз» деген секілді, баланы жасынан түрлі бағыттағы үйірмелерге қатыстыру керек: би, сурет, домбыра, гимнастика, жүзу, спорт түрлері. Кішкентай күнінде бала мұны түсінбеуі мүмкін. Бірақ, өскен соң сол үшін ата-анасына риза болады. Өйткені, жетілген жасөспірімнің барлық саладан хабары болады. Енді, қай жолды таңдаса да, ол қателеспейді. Ал жасынан ештеңеден хабарсыз өскен бала не таңдайды? Адасып, сілтегеннің соңында кете барады.
ШЕШІМ: Баланы жастайынан түрлі салаға қызықтыру (үйірмелерге беру).
Баланы кітапқа үйір қылу
Кітап - үлкен қазына. Бала бір кітапты оқу арқылы толассыз, ешкім айтып үйрете алмайтын білім алады. Жасынан кітап оқыған баланың қоғамға деген көзқарасы ерекше болады. Ол кез келген жағдайға тереңнен мән беріп қарай алатын дәрежеге жетеді. Топ ішінде өз ойын еркін жеткізе алатын болады. Ал кітап оқымайтын бала « дүбара» күй кешеді. Өзіндік пікірі қалыптаспаған, сөздік қоры аз келеді. Ата-ана мейлінше үйіне кітап жиюға құмар болса екен. Әрі соларды баласына оқытуға қам жесе, еңбегі еш кетпейді.
ШЕШІМ: Баланы жастайынан әдеби кітап оқуға үйрету керек.
"Қанша тіл білсең, сонша адамсың..."
Бүгінгі заманда бір тіл білу- аз. Адам қанша тіл білген сайын, оның өмір сүру аясы кеңейе берді. Өмірден өз орнын табуға да, өызметіне де көмегі зор.
ШЕШІМ: Баланы жастайынан ана тілін сүюге, өзге тілдерді үйренуге үйрету керек.
Спортпен айналысу
Бала кішкентайында бір дағдыға үйренсе, өскен соң да соны әрі қарай алып кетеді. Спорт - ең керекті дүние. Ол денсаулық үшін де, дене сымбаты үшін де керек. Бала ержетіп, бойжетіп қалғанда, көбіне өз мүсініне разы болмай жатады. Соған бола күйіп-піседі, қиналады, түрлі амал жасайды. Әсіресе қыздар. Бұл - жасынан спортпен айналыспағанның кесірі. Егер бір спортты жан серігің етсең, «екі қоянды бір оқпен атасың», әрі денсаулығың мықты, дене бітімің керемет болады, әрі ешқандай қиындық тумайды.
ШЕШІМ: Өскенде қиындық туғызбау үшін, баланың сымбатына жастайынан көңіл бөлу. Балаңыз сымбатты, келісті, әдемі болса, қандай ғажап! Сол үшін, бір спортты жанына серік етіңіз!
Жан-жақты болу
Баланың ата-анасы ретінде өзіңіз де ылғи өсіп, дамып отыруыңыз керек. Көбіне бүгінде бала мен ата-ана арасында кикілжің осы себептен туады. Ата-ана өсіп келе жатқан баланың заманымен санаспайды, өзі тәрбиеленген заманмен қарайды, Бұл - дұрыс емес. Бүгінгінің баласы телефон ұстайды, компьютер қолданады, ғаламтор пайдаланады. Ата-ана баланың әрекетін бақылай отырып, өз замандастарының өмірімен санасуы керек. Бірақ, тек пайдалы жағына жұмсалуын қадағалауы керек. Ал заманнан қалған ата-ана ылғи да баласының ойымен келіспейді, рұқсат етпейді. Бұл, ең алдымен баланың ата-анаға деген көзқарасын теріс жаққа бұрады. Рұқсат беру керек, бірақ мөлшермен ғана.
ШЕШІМ: Ата-ана да баламен бірге, заманмен бірге өсуі керек. Сонда, бала мен ата-ана тез тіл табысады.
Мен жоғарыда бүгінгі жетілген жастардың бойынан байқаған, ата-ана білуі тиіс нәрселерді тізіп жаздым. Осы қағидаларды әр ата-ана ұстанса, бүгінгі заманға лайық, жетілген, «ТОЛЫҚ АДАМ» болуға жарайтын перзентті тәрбиелейді. Әр бала – еліміздің келешегіне қосылар тамшы үлес. Елдің болашағы – балаңыздың болашағы. Сондықтан, балаңыздың болашағына немқұрайлы қарамауыңызды өтінемін!