Баланы қалай мақтау керек?
Баланы қалай мақтау керек?
8 жыл бұрын 12720
Аударған Шынар Әбілдә

Қыздарды жасаған нәрсесі үшін мақтаудың қажеті шамалы. Онда сіз оның дамуына кедергі келтіресіз. «Мынау дәмді екен», «қандай әдемісің» десеңіз, онда оның санасында тек мақтау үшін өмір сүру керек деген түсінік қалыптасады. Істеген ісім үшін ғана мақтайды деп қабылдайды. Бұл әйели болмысқа балта шабатын қағида. 

Табиғи теңгерім ауытқымау керек. «Осы болмысыммен, осы күйімде бақытқа, махаббатқа лайықтымын. Мен жақсы көмекшімін, мен ақылдымын, мен тамақты тамаша пісіремін, мен – ханшайыммын, мен – асүйдің шеберімін». Міне, өзін осылай қабылдау дені сау, жаны сау әйелдің ұстанымы. Оның табиғатын, әйелдік болмысын қабылдауы, мақұлдауы. Оның әлемге берері, өзіне ұсынатыны осы болуы керек. 

Яғни, махаббатын жолықтыруы үшін өзімен-өзі болып қалса жеткілікті. Қызды тәрбиелеудің маңызы осыда. Оны әр үй жинаған сайын мақтай берсеңіз, мені болмайтын нәрсе үшін мақтап жатыр, онда махаббат тек керемет іс үшін ғана бұйырмақ деген ой қалыптасады, лайықты болсам – сезім келеді деп ойлайды.

 

Ұл баланы керісінше мақтайды. Анасы ұл балаға «сен керемсің», «ақылдым», «жарайсың» дегенді жиі айтады. Бір қарағанда, дұрыс сияқты. Ал, шын мәнінде бұл да ер адамның дамуына кедергі. Еркекті деградацияға ұшыратады. Айнаға қараса да өзін ғажап сезініп жүреді. Ал, ер адам өмірде белгілі бір жетістікке жеткенде ғана жаны жай табады. 

Ұл бала өзін жетілдіруі, әрдайым ізденуі, ақыр соңында өзін бақытты сезінуі үшін оның қол жеткізген нәрселеріне мән беру керек. «Жасағаның мықты екен», «мынаны орынды жасапсың», «лайықты дүние екен» деген сөздер оған жиі айтылуы керек. Ұл балаға еркелету көп керек емес. Оның табиғаты дамуға, жетілуге лайықталған. Ол қол жеткізген ісі үшін мақтау естігісі келеді. «Күнім», «ботам» дегенше, үйге келген қонақтарға оның қолынан шыққан ұшақты, немесе кемені көрсеткен ұнамдырақ. «Құлыным», «жарқыным» дегендерден гөрі осылай бағалап отыру ұлдарға өте пайдалы. 
«Менің баламның жасағанын қараңдаршы, қолынан бәрі келеді» деу ұл баланың көңілін өсіреді. Ары қарай жетілуге серпін бермек. 

Ал, қыз бала жасаған сорпаны бүкіл аулаға таратып берсеңіз, одан ештеңе ұтпайсыз. Ол тек ертеден кешке дейін асүйден шықпай сорпа дайындай беру керек деп түсінеді. Бәріне тұтастай сорпа таратып бермейінше, махаббат келмейді деп болжайды. 

Қыз балаға не істесе де ғажап екенін түсіндіре біліңіз. Ол өздігінен ғажап құбылыс. Махаббат пен мақтау – ол үшін маңызды емес, оны жай ғана жер бетінде бар болғаны үшін ғана ел жақсы көріп, сүйсінетінін сезіндіріңіз...

Р.Нарушевич
"12 загадок для мамы и папы" 

0 пікір