Баланы намаз оқуға үйрету үшін 40 кеңес
Баланы намаз оқуға үйрету үшін 40 кеңес
6 жыл бұрын 9777
Нұржан Пірәліұлы
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) перзенттерді намазға үйрету турасында төмендегідей өсиет айтады: «Балаларыңыз жеті жасқа келген шақта намаз оқуға бұйырыңдар. Олар он жасқа келгенде намаз оқымаса, ұрыңдар. Төсекте олардың жатын орнын бөлек жатқызыңдар». 
 
Жас балалар балиғат жасына жеткенге дейін оларға намаз оқу міндетті емес. Оларға шариғатымызда құлшылық жасау бұйрық етілмеген, намаз парыз емес. Хадисте үкім етілгендей, балалар сабырлы, мейірімді, ибалы, инабатты болып өсулері үшін, мейлі өз ықтиярымен немесе мәжбүрлеп болса да, олар балиғат жасына жеткенше, ата-аналары ұл-қыздарын намаз оқуға үйретуге міндетті екендігі ескертілген.
 
Сахабалардан Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Балаларыңызға бір мәрте сәжде жасатсаңыздар да намаз оқуды үйретіңіздер!» –деген болса, сахабалардың тағы бірі Абдулла ибн Омар (р.а): «Бала оң қолы мен сол қолын ажырата білгеннен бастап намазға үйретіледі», –деген. Танымал сахаба ибн Масғуд (р.а) болса: «Балаларыңыздың намаз оқыған, оқымағандығын бақылаңыздар!», – деп ескерткен. Табиғиндардың бірі Урба (р.а): «Бала ақылын танығаннан бастап намазға үйретіледі, қуаты жеткен шақтан бастап ораза ұстатылады», – деген. Абдуррахман ал-Яхсубий (р.а.): «Бала жиырмаға дейін санап білгеннен бастап намазға үйретіле бастайды»,– деген. Хазреті Омар (р.а.) баласын намаз оқуға оятып жатқан әйелін көріп қалады. Бала ұйқысынан ояна алмай жатқан еді. Сонда Омар (р.а.): «Оны қой, балаға ақылын танығаннан кейін намаз оқу керек болады», – деген еді. 
 
Перзенттерімізді жалықтырып алмастан, қиындатып жіберместен, қатты тәртіппен болмаса да,  жеңілдетіп оларды намазға ынталандырып, намаз оқуға әдеттендіруіміз керек. 
 
1) Перзенттеріне намаз үйрету бір ғибадат болып, үйреткені үшін ата-анасына да сауап беріледі. Сондықтан балаларды намазға үйрету кезінде жүрегімізде Алладан сауап үміт еткеніміз жөн.
 
2) Әкесі де анасы да перзенттерін намазхан етіп тәрбиелеуге Алла алдында жауапты. Дүние табудың соңында жүріп, ақыретті ұмытып кетпей, ұрпақтарына діни тәлім-тәрбие беруді естен шығармағанымыз дұрыс. 
 
3) Балаларыңызға намаз үйретуге арнайы уақыт белгілеңіз, әрі тек Алла разылығын алу үшін ғана үйретуіңіз керек.
 
4) Перзенттеріңіздің жалқаулығынан (бұдан намазхан шықпас деп) үмітсіздікке түспеңіз. Алла қаласа, ұрпақтарымыз да ықыласты намазхан болып кетеді деп әрқашан үміттеніңіз.
 
5) Отбасы отырысында аптасына кемінде бір-екі мәрте намаз мәселелерінен сөз қозғап, аз-кем болса да сұхбаттасып отыру керек.
 
6) Сапарға кетер болсаңыз, келгеннен кейін балаларыңыздан намаздарын қалай оқығаны туралы сұрап, егер оқымай қалдырған болса, қазасын оқу керектігін үйретіп, қадағалау керек.
 
7) Намаз кітаптарын және дәстүрлі дінімізді насихаттайтын оқулықтарды перзенттеріңізге сыйлауды ұмытпаңыз. Қысқа сүрелер мен дұғаларды үйретіп, оларды оқып жүрулерін бақылап, дінге деген қызығушылықтарын ояту керек.
 
8) Намазға оятқанда, перзенттерге жылы сөйлеп, оларды жақсы сөздермен ояту керек. Намазды үзбей, уақытында оқып жүрген балаларды мақтап, бастарын сипап, мейір-махаббат көрсетіп тұру керек. 
 
9) Аллаға және Пайғамбарға (с.а.у.) болған махаббатты перзенттердің жүрегінде қалыптастыру керек. Бұл үшін олармен таухид (Алланың бірлігі), Оның ұлықтығын, Пайғамбардың (с.а.у.) өмір қиссаларынан, Оның (с.а.у.) мінез құлықтары туралы сұхбаттасып отыру керек.
 
10) Алла тағала адамзатты әрдайым көріп әрі бақылап тұратындығын балаларыңыздың есіне салып тұрыңыз. Әрі адамнан емес, Алладан қорқып намаз оқып жүргенін бақылаңыз.
 
11) Отбасының берекелі және саламатты болуы үшін перзенттеріңіздің ғибадаттарын орындауының да әсері бар екенін ұмытпаңыз.
 
12) Жасы кіші балаларға намаз уақыты кіргендігін естеріне салып тұру керек.
 
13) Жаңадан намаз оқып бастаған балаларды ынталандырып отыру үшін әр түрлі сыйлықтар беріп тұруға болады. Мысалы; бір апталық намазды қалдырмай оқығаны үшін немесе бір айлық намазы үшін баланың жақсы көретін нәрсесін алып беруге тырысыңыз.
 
14) Қауіп-қатерде, сырқаттанып ауырған кездерде парыз намаздарды қалдырып қоюға болмайтынын түсіндіру керек.
 
15) Намазға үйретіп жатқан балаларды достарының арасында мақтап қойған дұрыс болады.
 
16) Перзенттерге намаз оқымайтындардың жағдайы жаман болатынын айтып беру керек. Намаз оқымайтындарға берілетін ақыреттегі жазалар турасында айтып қойған дұрыс болады.
 
17) Үйде жамағат болып перзенттеріңізбен бірге намаз оқуды әдетке айналдырыңыз.
 
18) Он жастан асқан балаларды намаз оқымағандығы үшін жанына батырмастан ұруға және қаттырақ қадағалауға болады. Бұл туралы сахих хадисте айтылған.
  
19) Жасөспірім балалардың достарына назар аударыңыз. Әдепті, жақсы, тәрбиелі балалармен араласуына көмектесіңіз.
 
20) Ата-анасы намаздарды өз уақытында оқып, перзенттеріне үлгі болуы керек.
 
21) Балалар өздері ғана намаз оқыған кездерде, өзара бір-бірлерін намазға шақырып жамағат болып намаз оқуларына кеңес беріп отыру керек. 
 
22) Намазхандар туралы және намаз оқымайтындар туралы аяттардың және хадистердің мазмұнымен перзенттерді таныстырып отыру керек. 
 
23) Тек намаз оқуға мәжбүрлеумен іс бітпейді. Перзенттердің намазға деген ынтасын оятып, тәрбиелеу керек. Оларға намаз мұсылмандардың ең негізгі құлшылықтарының бірі екендігін ұқтырған дұрыс. 
 
24) Перзенттеріңізге: «Мен сені өте қатты жақсы көремін. Сенің тозақта қалуыңды қаламаймын. Сен менің көзімнің нұрысың. Сенімен жәннатта да бірге болуды қалаймын. Сол үшін намазды қалдырмай оқуымыз керек», – деген сияқты сөзді жиі айтып отырған дұрыс.
 
25) Перзенттерге намаздың адам өміріне құт-береке алып келетінін, намазды тәрк етіп қалдыру пенденің тағдырын қиындатып, ризық-несібесін кемітетіндігін айтып берген дұрыс. Намазда отанның тыныштығын, оның берекелі болуын, халықтың амандығын тілеп дұға етудің маңыздылығын үйрету керек. Перзенттеріңіз отансүйгіш, басқаларға мейірімді болуы үшін, өзіңізде сол мәселеде үлгі-өнеге көрсетуіңіз керек. 
 
26) Перзенттерге өзге  діндегілер мен мұсылмандардың арасындағы негізгі көрінетін айырмашылық намаз екенін түсіндіру керек.
 
27) Дәретсіз намаз болмайды, дәрет – тазалық кепілі, балаға әрдайым дәретті болып жүру керек екенін үйрету керек. 
 
28) Әрдайым дәретпен жүретін намазхан кісінің жүздері нұрланып, сұлу, әдемі болып көрінетінін айтып, тазалыққа ынталаныру керек.
 
29) Жәннат және тозақ туралы сұхбаттасып отыру керек. Жәннаттың ғажайыптары мен керемет сұлулығын, ал тозақтың жаман әрі қатты азапқа толы орын екендігін ұқтырып қою керек. 
 
30) Ұрпақтарыңызға ажал періштесі Алла қалаған уақытта жан алуға келіп қалуы мүмкін екенін, дүние тіршілігі өткінші әрі Алладан берілген жанымыздың бір аманат екенін түсіндіру керек. 
 
31) Перзенттерге кіші және қысқа сүрелерді үйретіп, оларға аяттардың мағыналарын айтып берген жөн.
 
32) Ұл-қыздарыңызға әдемі жайнамаздар, жақсы таспихтар, қыздарға көрікті орамалдар сыйлап, намазға ынталандырып отырғаныңыз абзал болады.
 
33) Перзентіңізге намазды өз уақытында орындауға жәрдемдесіңіз. Намаз уақытында тамақ әзірлемеген дұрыс, оларға мұндай уақытта жұмыс тапсырмаңыз. Суық күндерде дәрет алулары үшін, оларға жылы су дайындап берген жөн. Намаз уақытында теледидарға қарап отырып қалмау керек.
 
34) Өзіңіз тыңдаған уғыздарды, жақсы сөздерді, керемет қиссалар мен қызықты хикаяларды олардың ынтасын арттыру үшін айтып бергеніңіз жөн. 
 
35) Әр түрлі той-жиындарда немесе сол сияқты мерекелі уақыттарда намаз уақыты өтіп кетпеуін балаларға ескертіп отыру керек.
 
36) Әкелері жоқ кездерде аналары перзенттерін намазға үйретуге міндетті болады. Сол сияқты, жасы кіші іні-сіңілілеріне жасы үлкен болған аға-әпкелері намазға оятуға және олардың намаздарын қалдырып қоймауларын қадағалағаны дұрыс болады. 
 
37) Перзенттеріңізді әрдайым өзіңізбен бірге мешітке алып барыңыз. Олар намаз оқып жатқан кісілерге және басқа балаларға қарап, ғибадатқа көздері үйренеді.
 
38) Перзентіңіз мешітке барып жамағатпен намаз оқып жүрсе, ол ісін ескеріп, басын сипап, арқасын қағып қойыңыз.
 
39) Ұл-қызыңызға қайырлы дұғалар жасауды ұмытпаңыз. Оларды дұғасыз қалдырмаған дұрыс.
 
40) Перзенттерді намазға үйретудің өзіне сай қиыншылықтары бар. Ата-аналар барынша сабырлы, мейір-шапағатты болып, Алла тағалаға тәубә қылып, әрекет етуі керек.
 
Жоғарыда айтылған кеңестер тәжірибеден өткен, перзент тәрбиесіне өте қажет. Әркімнің өздеріне ыңғайлы, бала тәрбиесінің бағыт-бағдары бар. Олардың ең жақсыларын амалда қолдану тиімді болады. «Жаңбырменен жер, батаменен ел көгерер» деген қағидаға сәйкес,  ата-аналар ұл-қыздары үшін қайырлы дұғалар тілеуден жалықпағандары жөн.
0 пікір