Бала тәрбиесі – өзінің ісін, қалған ғұмырын жалғастыратын салауатты, салиқалы, саналы ұрпақ тәрбиелейтін мектептің алғашқы әліппесі десек, әке мен шешенің бауыр еті балаларына жібі түзу, оңды тәрбие беруі келешек қоғам тәрбиесіне қосқан үлесі мен адамзаттың ертеңіне жасаған ең үлкен жақсылығы болмақ.
Қай заманда, қай қоғамда болмасын, адамзат алдында тұратын ұлы міндеттердің бірі тәлім-тәрбиенің негізгі мақсаты – қайсар рухты, жаны жайсаң, дені сау, ұлттық сана сезімімен рухани ойлау деңгейі жоғары, мәдениетті, парасат-пайымы мол, еңбексүйгіш, өз ісіне мығым, игі қасиеттерді өз бойына сіңіре білген ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Ізгілікті көксеген тәрбие болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін руханият дәуіріне жасалған жаңа қадам болып табылады. Адамдардың мінез-құлқы, іс-әрекеті, қарым-қатынасы, көзқарасы оның алған тәлім-тәрбиесімен сипатталатынын ескерсек, әрбір баланың моральдық дамуы үшін қамқорлық жасау – бүгінгі күннің басты міндеті, сондай-ақ алдағы күннің талабы. Бұл орайда жауапкершілікті тек қана педагог арқаламайды, ата-ананың да күнделікті көңіл бөлуі талап етіледі. Себебі, педагогпен қатар ата-ананың тәртібі, іс-қимылы, мінез-құлқы, үлкендермен және өзге балалармен қарым-қатынасы өз артынан ерген ұл-қызы үшін үлгі болумен қатар, ата-ананың жақсылыққа деген бастаған ықпалы бала бойына әсерлі енеді. Ата-ананың ықпалы неғұрлым белсенді болып, баланың сезімдерін оята білсе, соғұрлым баланың да ерік-жігері мен қатар санасы да еркін дамиды. Баланың рухани-адамгершілік тұрғысынан дамуы балабақша, мектеп қабырғасы мен мұғалім, сонымен қатар отбасы мүшелерімен қарым-қатынастың тамыры тереңдеген сайын ойдағыдай жүзеге асады. Мысалы, балаңызбен өзара орнатқан сыпайы, ізгі қарым-қатынастар арқылы оның адамгершілік сезімдері нығая түссе, пенде баласын қадір тұту және сыйлата білу нәтижесінде мейірімділіктің негізі қаланады. Еңбекке баулу нәтижесінде еңбек сүйгіштік, өзгелердің еңбегіне құрметпен қарау, еңбекпен қана ырыстың молая түсетінін білу, жұмыла көтергенде жүкті жеңіл ететін ұйымшылдық, жауапкершілік, қайырымдылық сияқты қасиеттері уақыт өткен сайын беки түседі. Баланың өмірге деген ынта-жігері мен көзқарасы үлкендер арқылы қалыптасатынын ойға алсақ, баланы рухани-адамгершілікке, еңбекке баулу күнделікті өмірде, ата-ананың қолдан келетін істі ұйымдастыру үрдісінде, ойын және оқу ісінде жоспарлы түрде іске асады. Міне, құнды қасиеттер мен қатар рухани адамгершілікке бай адамды қалыптастыру сәбидің дүние есігін ашқан кезінен басталуы керек. Осы тұста ұлт педагогы Мағжан Жұмабаевтың мына сөзін келтіре кеткен орынды:
«Жас бала – жас бір шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десең, сындырып аласың. «Баланы бастан» деген сөздің мәнісі осы. Тәрбие деген – баланы бетке қақпай, бетімен жіберу емес. Яки отырса басқа, тұрса аяққа ұрып, көп бала қылып өсіру де емес. Баланы тәрбиелі қылу – тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз. Қалса – өзін, асса – барлық адам баласын адал жолмен өрге сүйрейтін ер шығару деген сөз. Тұрмыста түйінді мәселелерді тез шеше білетін, тұрмыстың тұңғиық теңізін қалың қайратпен кеше білетін, адалдық жолға құрбан бола білетін, қысқасы, адамзат дүниесінің керек бір мүшесі болатын төрт жағы түгел кісі қылып шығару. Баланы мұндай адам қылу үшін тәрбиеші бар күшін, бар білімін жұмсап, жалықпай, шаршамай үйрете білуі керек».
Ендеше, баланы жастайынан ізгілікке, мейірімділікке шақырып, тал бойына адамгершіліктің дәнін егуде, өз-өзіне деген көңілінде сенім ұялатуда отбасылық тәрбие үлкен маңызға ие. Ата-ананың ұрпақ тәрбиесі үшін жауапкершілігі заманнан-заманға жалғасуда. Себебі, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген халық нақылы бекер айтылмаған. Бала тәрбиесінің қыр-сырын жетік білетін ата-ана халық педагогикасында ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, ұлттық құндылықтарды жан-жақты терең білуімен қатар, осыларды дамуға қадам басқан өркениетті, мәдениетті қоғам тынысымен байланыстыра отырып, салиқалы ұрпақ қалыптастырудың барлық кезеңдерінде пайдаланғаны абзал. Себебі, ата-ананың тәрбиесін қоғамдық тәрбиенің қай саласы болмасын оның орнын алмастыра алмайды.
Бала нені білсе жастан, ұядан,
Өле-өлгенше соны таныр қиядан, – деп Жүсiп Баласағұн бабамыз айтпақшы, ата-аналар балаларының жеке ерекшелiктерiн жас күнінен танып, соған қарай бағыт-бағдар, тағылымды тәрбие берудiң маңызы зор.
Рас, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дейтін алмағайып заманда күнкөріс қамымен, нан табудың жолында жүріп, өз тәрбиеміз түгілі ұрпақ тәрбиесіне келгенде самарқаулық танытып келе жатқанымыз жасырын емес. Өзіміздің үлгі-өнегемізбен, гуманистік белгінің ұшқыны бар әдептілігімізбен, сыйластығымыздан сый тартып, өзара игі қарым-қатынасымызбен балаларымызға үлгі болуда кемшін соғып жатқан тұстарымыз да аз емес. Күнделікті өмірде бірін-бірі қойша бауыздап, алдап-сулаған, біреудің нанын тартып жеп, ырғап-жырғап өмір сүріп жүрген пенделерді көріп жағамызды ұстап, шошына қарайтын болдық. Алайда, мұндай халге қалайша жеттік және бұдан арылудың жолы бар ма? Қалай бесігімізді түзеп ел боламыз? Осындай сұрақтар санамызды мазалағанда еріксіз жауап таппай қиналатынымыз анық. Демек, берері де, сұрауы да мол тәрбие ісінде қадамымызды қия бастық. Осындай жазатайым қадамдардың нәтижесінде қатігез, сұмпайы, арам пиғылды ұрпақтардың қатарын көбейттік. Ендігі жерде ізгі ұрпақтар тәрбиелеу басты парызымыз.