Нағашыбек Қапалбекұлы «Құт пен жұт» деген этнографиялық әңгімесінде қазақтың мына бір даналық сөзін келтіреді:
Баласыз жан – мүлдем сөнбек,
Бір балалы үй – сынып қалар көнек.
Екі балалы үй – ащы-тұщы кермек.
Үш балалы үй – бала-шаға ермек.
Төрт балалы үй – асу бермес дөңбек.
Бес балалы үй – бір-біріне көмек.
Алты балалы үй – алтын жіпті өрмек.
Жеті балалы үй – абыр-сабыр еңбек.
Сегіз балалы үй – Құдай бәрін бермек.
Тоғыз балалы үй – рахат өмір көрмек.
Он балалы үй – бір ауыл боп өнбек.
Он бір балалы үй – ел «шіркін-ай» демек.
Он екі балалы үй – өзіне-өзі әбден сенбек.
Он үш балалы үй – алты алашты түгел жеңбек.
Ислам – адамдарды өлтіруге емес, өмірді сақтауға, асыраудан қорқып, бала санын азайтуға емес, барынша көбеюге, қолдан түсік тастатуға емес, ақ некелі, адал жолмен құрсақ көтеруге шақыратын дін. Соңғы елшінің (с.ғ.с.) хадисінде: «Үйленіңдер, көбейіңдер. Қиямет күнінде өзге қауымдардың алдында сендердің көптіктеріңді мақтаныш етемін» деген.
Біздің ата-бабамыздың ұстанған жолында дініміздің бұл бұйрығы да қалтқысыз орындалған деуге негіз жоқ емес. Он, он екі балалы отбасылар өте жиі кездескен. Қазақтың желкілдеген туының астында жер қайысқан қолдың жиылуы да аталарымыздың көп балалы болғандығынан. Кешегі Махамбет батырдың:
Өтемістен туған он едік,
Онымыз атқа мінгенде
Жер қайысқан қол едік, – дейтіні сондықтан болса керек. Үлкен кісілердің әңгімесінде көбіне көп: «Біз көп балалы отбасында өстік» деп басталады. «Балалы үй - базар», «Бесіксіз үйде береке болмайды» деген мақалдарымыз да көп жағдайды аңғартса керек. Қазақтың көп үйінде бүгінде шошайып-шошайып бір-екі баладан аспай қалды. Мұның, әрине көптеген себептері бар. «Басыңда баспана жоқ, қолыңда жұмысың жоқ, қалай бала көбейтесің» дейтіндер аз емес. Ал, шындығында, қарнымыздың тоқ, көйлегіміздің көк болуы қолымыздағы перзенттеріміздің рызық-несібесінен болуы да ғажап емес. Өйткені Алла тағала Құранда:
«Жоқшылықтан қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер. Оларға да, сендерге де рызық-несібені Біз береміз» дейді.
«Бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады» дейтін қазақтың ұрпағымыз. Жоқшылықтан қорқып, бала көбейтуден қашу Алла тағала туралы білімсіздіктің, Оның шексіз құдіретіне күмәнданудың көрінісі емей немене!
Сан миллион жылдар бойы жер бетіне келіп кеткен барша жаратылыстардың толық рызық-несібесін беріп келе жатқан Алла тағалаға сіз бен біздің және перзенттеріміздің бір кесе асы мен бір жапырақ киімі түк емес. Анығында, Алла Тағала өз құлдарына кез келген ата-анадан сан мың есе мейірімдірек, рақымдырақ. Бір күні Ибн Масғұт ардақты елшіден үлкен күнәға не жататынын сұрағанда: «Өзіңді жаратқан Алла тағалаға серік қосуың» деп жауап береді. «Содан соң қайсы?» дегенінде: «Тамаққа ортақтасады деп қорқып өз перзентіңді өлтіруің» дейді.
Әрине, қазір ешкім өз баласын өлтіре қоймас. Бірақ жоқшылықтан қорқып, бала санын азайту соған бір-ақ елі жетпей тұрған сұрқия саясат, әрі анық білімсіздік.
Асылбек Әуезханұлы, "Даналық ойдан дән ізде".