Бисмиләһир рахманир рахим
«Жақсы сөз жарым ырыс» демекші, балаға жақсы, жұмсақ сөйлеген сайын баланың еңсесі биіктеп, өзіне деген сенімі арта түсері анық. Жапон ғалымдарының зерттеулеріне сүйеніп жасалған эксперимент бойынша, суға немесе азыққа жатар заттарға жақсы сөз сөйлеген сайын, бұзылуы баяулап, арадан ай өтсе де су өзінің тірілігін, ал азық өзінің жаңалығын сақтап тұратындығы анықталған, ал тура сол заттарға қарасты жаман сөздер айтқан сайын әлгі зат тез бұзылып, көгеретіндігі байқалған. Демек, балаларымызға да жақсы сөйлеуіміз денсаулығымен қоса, сана-сезіміне және рухына да оңды әсер етпек.
Ендігі жерде, күнделікті өмірде «ит», «есек» деген сияқты ауыр сөздерді айтуымыз өзімізге де Құдайдың алдында белгілі дәрежеде жауапкершілікті тудыратынын да есте сақтауымыз тиіс. Олай дегеніміз үшін Құдайдың алдында есепке алынып, о дүниеде Құдайдың жазасына да ұшырап қалуымыз неғайбыл екен. Бұған байланысты бірнеше сахабаның көзін көрген, дін ғалымы, фақиһ тәбиғин Ибраһим ән-Нәхәъи (р.а.) былай деп өтеді:
«Егер бір адам, екінші бір адамға «ей, есек», «ей, шошқа» деп айтса, қиямет күні Алла Тағала одан: «Мен оны есек қылып жаратып па едім?! Мен оны шошқа қылып жаратып па едім?!» деп сұрайды» дейді абыз ғалым.1
Имам Нәуәуи де (р.а.) бір сөзінде адамға қатысты әлгіндей ауыр сөздерді қолданбау керектігін айта келе былай деген:
«Адамдар арасында қолданысы әдетке айналып кеткен әбес сөздердің бірі - екі кісі жанжалдасып қалған заматта, бірі екіншісіне: «ей, есек», «ей, ешкі», «ей, ит» деген сияқты сөздер. Бұлай айту екі жөннен әбестік: біріншісі - ол өтірік (яғни, есек дегенде өтірік айтқан болады), екіншісі - жапа шектіру (яғни, олай десек көңіліне тиіп, оған жапа шектірген боламыз»- дейді дін ғұламасы (рахимаһуллаһ).
Сондықтан да, әлгіндей айтып біршеті - өтірік сөйлемей, екіншіден - көңілін жараламай, тілді тістеп қалған жөн болмақ.
Алла Тағала өзі ұнататын пенделерін сипаттай келе ерекшелерінің бірі - «ашуланғанда ашуларын тұншықтырушы» деп атап өтеді. Ендеше, ашуға бұлыққанда ауыр сөздер айтып, біреудің жүрегін жаралағанша, сабырға келіп, өз-өзін ұстауы ләзім. Ашудың зиянын астарлап жеткізген Мәуләнә Руми (р.а.) былай деп өсиет қалдырған:
«Ашу боран секілді. Біраз уақыттан кейін басылады. Бірақ, оған дейін көп бұтақты сындырып үлгереді».
А. Қасым
1 Ибн Әби Шәйбә: «әл-Мусаннаф».