Негізінде әке балаларын алаламайды. Өйткені әке табиғатына бұл жат. Егер алалаған жағдай орын алса, онда балалары сөз тыңдамай, қиқарланып, әкесін соған итермелеген болуы мүмкін. Сондықтан мәселенің осы жағын да ескеріп, қай жағдай баланы әкесінің мұрасынан қағуы мүмкін екенін абайлау керек.
Әкеміздің көңіліне тиер қандай қылық жасадық екен деген ой кесе көлденең келуі тиіс.
Осы жағдайды анықтап алғаннан кейін балаларының арасын алалау мәселесіне келейік. Бұл бізге сахабалар уақытында болған бір оқиғаны еске түсіреді. Ол қандай оқиға еді өзі? Ендеше, келіңіздер, бірге оқиық.
Сахабадан Бәшірдің әйелі екеуінен туған ұл Нұғманға әкесінің көбірек дүние қалдырғанын қалады. Басқа әйелдердің тапқан баласына қарағанда артығырақ қалдырғанын қалады. Айтқанына күйеуін көндірді де. Күйеуі оның дегеніне көніп: Пәлен суғармалы бақшамызды ұлым Нұғманға қалдырайын деді.
Бірақ әйелі бұл сөзге аса разы кейіп танытпады. Сөйтті де былай деді:
«Сен тап осы сөзіңді Пайғамбарымыздың (с.а.у.) алдында сол кісіні куә ете отырып айт. Сонда айтқаның сенімді болады әрі кейін басқалар таласпайды».
Бәшір (р.а.) ұлының қолынан жетектеп, Расулалланың (с.а.у.) алдына келеді. Сөйтіп былай дейді:
«Уа, Расулалла, мына Амрадан туған ұлым Нұғманға суғармалы бақшамды қалдырмақпын, сіз де куә болсаңыз».
Пайғамбарымыз (с.а.у.) оның дегеніне дереу көне салмады. Ұлына мұра қалдырмақ болған әкеге қарап мынандай сұрақ қойды:
Сенің басқа балаларың да бар ма еді?
Иә, басқа әйелдерімнен де балаларым бар.
Бұны естігенде Пайғамбарымыз (с.а.у.) Бәшірге қатқыл ескерту жасап былай деді:
Алладан қорқыңдар, балаларыңның арасында әділеттіктен таймаңдар. Біріне беріп, басқаларын құралақан қалдырмаңдар.
Бұхаридағы қосымша түсіндірмеде былай делінген:
Осы ескертуден кейін үйіне қайтқан Бәшір (р.а.) әйеліне болған оқиғаны қаз қалпында жеткізіп, ондай істен бас тартатынын білдірді. Әйелі де ақылға келіп, әуелгі пікірінен қайтты.
Тақырыпқа қатысты мына мәселелерді де назардан тыс қалдыруға болмайды.
Әке балаларының арасындағы әлжуаздарына қолдау білдіруі мүмкін. Кемістігі бар не ауруларына бөлекше көмек жасауы да мүмкін. Бұл әділетсіздікке жатпайды.
Мына шындықты да ұмытпау керек: әркім өз мүлкіне ие болғандықтан, оны қалай жұмсауы өз еркінде. Бұл құқықтан оны ешкім айыра алмайды.