Балалардың арасын алаламаңыз, себебі...
Балалардың арасын алаламаңыз, себебі...
8 жыл бұрын 4679
Құдайберді БАҒАШАР

Бала тәрбиесіне қатысты мәселелердің бірі – жанұядағы балаларды ата-ананың алаламауы. Өзін жанұяда артық адам секілді сезінуі баланың психо-логиясына кері әсерін тигізеді. Осының салдарынан баланың бойында қызғаныш, дұшпандық, бойкүйездік, ата-анасын сыйламау деген сияқты бірқатар жағымсыз мінездер қалыптаса бастайды. Кейде бала өзін қор санап, өзіне деген сенімін жоғалтады. Тырнақ тістелеу, бұтына жіберіп қою секілді әдеттерге бой алдырады. Осылайша баланың тәрбиесі теріс арнаға түседі. Мұндай олқылықтарға жол бермеу үшін Пайғамбарымыз сахабаларға: «Балаларыңды бөліп-жармай, теңдей көріңдер», – деп өсиет айтқан. Бір хадисінде: «Сенің балаларыңның алдындағы міндеттеріңнің бірі – оларды алаламау», – деп ата-ананың міндеттері арасына балаларды алаламауды да қосқан.

Бір күні бір кісі Пайғамбарымыздың қасында отырған кезінде, жанына ұлы келеді. Әлгі кісі ұлының бетінен сүйіп, оны алдына отырғызады. Сәлден кейін қызы келеді. Қызын да шақырып, алдына отырғызады. Бірақ оның бетінен сүймейді. Осыны байқаған Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Екеуін теңдей көрмейсің бе?» – деп ескерту жасайды. Пайғамбарымыздың осы айтқан сөздерін талдай келіп, мұсылман ғұламалары «балалардың арасын алаламай, тіпті олардың бетінен сүйген кезде де осыны ескеру керек»деген пікірлер айтқан. Алғашқы мұсылмандар Пайғамбарымыздың өсиеттеріне мойынсұнып, балаларды алаламауды діни парыз деп қараған.

Құранда Алла тағала надандық дәуірдегі қыз баланы төмен санау секілді алалаушылықты сынап былай деген: «Егер олардың біреуіне «қызың туылды» деген сүйінші хабар жетсе, ашудан жүзі түнеріп кетеді. Хабарды естісімен әйелінің де, жақындарының да көзіне түскісі келмейді. Қағылып-соғылып қорлықта жүре берсін деп тірі қалдырсам бе екен, жоқ әлде топыраққа көміп тастасам ба екен деген ойға барады. Мұқият көңіл бөліңіздер, қабылдаған бұндай шешімдері қандай жаман шешім еді?!».

Сахабалар Алла тағаланың үкіміне мойынсұнып, балаларының арасын ұл-қыз деп бөліп-жармай бәріне тең қарады. Олар осы істе өздеріне Пайғамбарымызды (с.а.у.) үнемі үлгі-өнеге тұтатын. Пайғамбарымыз аналардың, қалыңдықтардың, қыз балалардың өздеріне тән жақсылықтарын тілге тиек етіп, үмбетін оларды құрметтеуге шақырды. Тіпті бір хадисінде: «Базардан қайтқанда үйлеріңе алып келген базарлықтарыңды үлестіруді қыз балаларыңнан бастаңдар» – деп, қыз баланың психологиясын ескеріп, нәзік жанын жараламау үшін оларды бірінші кезекке қойған.

Бауырлардың арасында жиі кездесетін әдет – біреуі бір нәрсе сұраса, екіншісінің де соны талап етуі. Осы жағдайда да Пайғамбарымыз балалардың арасында әділдікті сақтау үшін бірінші болып сұраған баланың өтінішін бірінші кезекте орындаған.

Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) қызы Фатиманың (р.а.) үйіне қонады. Түнде үлкен немересі Хасан су сұрайды. Артынша Хұсейін де су ішкісі келгенін айтады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) суды бірінші Хасанға береді. «Сірә, Хасанды артығырақ жақсы көресіз-ау», – деген қызына, «Жоқ, бірінші болыпХасан сұрамады ма?», – дейді.

Пайғамбарымыздың бұл әрекеті де ата-аналар үшін нағыз әділдікке үндейтін тәсіл. Себебі, бұндай жағдайда аналар кіші балаға жаны ашып, бірінші соның жағдайын ойлап жатады. Бұл болса, үлкен балада реніш тудырып, көңілін суытуы мүмкін. Ал әке керісінше үлкенді сыйлап үйренсін деген ниетпен кішісін қоя тұрып, үлкенінің тілегін бірінші орындауы мүмкін. Ал бұл болса, кіші баланың бетін қайтарып тастағандай сезімге жол ашады. Сондықтан Пайғамбарымыздың шешімі ең оңтайлы әдіс екенінде күмән жоқ. Пайғамбарымыз (с.а.у.) осы бір әрекетінің өзімен тәлімі мінсіз тәлімгер, өнегесі мол тәрбиеші екенін дәлелдей түспей ме?!

Осы тұрғыда мына бір оқиға да ерекше мәнді. Нұғман ибн Бәширдің (р.а.) әкесі, яғни, Бәшир (екеуі де Бәдір соғысына қатысқан мұсылмандар) бір күні:

− Уа, Алланың елшісі, өзге балаларым да бар. Бірақ, Нұғманым бір төбе. Рұқсат етсеңіз, дүние-мүлкімнің біраз бөлігін Нұғманға бергім келеді, – дегенінде, Пайғамбарымыз:

– Өзге ұлдарыңа да сол мөлшерде бердің бе?– деп сұрады. Бәшир:

– Жоқ, – деді.

Алла елшісі басқаларына да ескерткісі келгендей көтеріңкі дауыспен:

– Алладан қорқыңдар, балаларыңа әділ қараңдар! – деді.

Артынша Бәширге бұрылып:

– Сен бар балаларыңның өзіңе бірдей құрмет көрсетуін қалайсың ба? – деп сұрады.

– Иә, қалаймын – деді ол.

– Олай болса, бұлай жасаушы болма, – деген еді.

Бұдан шығатын қорытынды, біз де өсиетті орындап, балаларымыздың тек біреуіне ғана көңіл бөлмей, бәріне тең дәрежеде қарауымыз керек. Біз олардың біреуін ғана өзгелерінен артық көрсек, басқаларының жанын жаралаған боламыз. Әділетсіздікті сезінгеннен кейін олардың әкесіне деген құрметі сұйыла бастайды.

Алла елшісі бұл түйткілдің түйінін көрсетіп, мәселені ұлғайтпай, әу бастан дұрыс қолға алу керектігін алға тартады. Біреуіне ғана айрықша ілтипат көрсетер болсаңыз, бұл өзгелердің қызғанышына шоқ тастайды, олар бір-біріне қызғана қарағаны былай тұрсын, тіпті кейде бір-бірімен алакөзденіп, жауласуы да ғажап емес. Бұл мәселені психологияның тар аясына салып түсіндіруді мақсат еткен жоқпыз. Қайта Құран Кәрімнің рухымызды жаңғырта айтқан ескертуінің шындық екендігін, адамның табиғатына сәйкес екендігін ұғуға тиістіміз.

Мәлім болғандай, Жүсіп пайғамбар (а.с.) түсінде ай мен күннің және жұлдыздардың өзіне сәжде еткенін көрген. Бұл түсін әкесіне жорытады. Сонда әкесі: «Балам, бұны бауырларыңа айтпа!» деген болатын. Пайғамбарлық парасатымен адам табиғатын жақсы түсінген әкесі бұл қуанышты жайттың өзге бауырларының қызғанышын тудыратынын, яғни мұндай таңғажайып түстің әлі нәпсісін тәрбиелей алмаған адамдардың іштарлығын оятатынын бажайлаған-ды. Өкінішке қарай, әкесінің қаупі рас шығып, бауырлары Жүсіпті өлтіру үшін терең құдыққа тастайды. Бұл оқиғадан, қызғаныш өз арнасынан асып, пайғамбар отбасының өзінде өкінішті жағдайға ұрындырғанын көреміз.

Иә, балаларыңыздың біреуіне ғана мейіріміңізді төгіп, өзгелеріне көңіл бөлмесеңіз бұл олардың арасындағы күндестік отын тұтатып, алауыздыққа жол ашады. Өз ұрпағыңызды өзіңізге жау етеді.

Тілге тиек еткен бұл жайттарды жақынымыз бар, қасымыз бар, іштей ақылға салып анағұрлым жақсы түсінейік. Сіздің өте жақын, қоян-қолтық араласатын бір досыңыз бар делік. Сол досыңыз сізге өзгеше мінез танытып, еш күтпеген оқыс әрекет жасаса, сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да бұл жағдайды миыңыздың бір қатпарына жазып қоятыныңыз анық. Әрбір оқиға адам жанына із тастап өтеді. Келесі осыған ұқсас жайт қайталанған кезде жаныңыздың бір қалтарысында бұғып жатқан таныс сезім қайта толқып, бетке шығады.

Мінеки, сіздің санаңызда жазылып қалған, жабулы қазан күйінде қалған жасырын ашу-ыза, күндердің бір күні сыртқа ақтарылған кезде, сіз: «Мен сіздің осындай адам екеніңізді бұрыннан білгенмін» деуіңіз мүмкін. Мұндай жағдайлар қайталана берсе үсті-үстіне қордаланып, түбінде сыздауықтай жарылмай қоймайды. Ондайда көптен бері жаныңызды сыздатып, көңіліңізге кірбің ұялатқан жайтты лақ еткізіп бетіне айтуын айтқанмен, артынша бұл қылығыңызға өкініп, ұялған тек тұрмас дегендей, өз нәпсіңізді қорғап бағасыз.

Баланың ми қатпарында қалып қойған сіздің жағымсыз әрекетіңізді кезекті бір әрекетіңіз, түртіп оятуы мүмкін. Сізге іштей өшіккен бала айтқаныңызды құлағына қыстырмайтын тілазарға айналады. Әсілі, бұл, мәселенің тек бір жағын ғана, оның өзінде бергі жағын ғана қамтиды. Асықпай- аптықпай тағы бір мәрте үңілейікші. Үңілгеніңізде не байқадыңыз? Әрине, аталмыш мәселенің біз ойлағаннан да әлдеқайда күрделі, терең екенін, өткел бермей от дария боп жатқан, алдын алмаса ушығып кететін жағдайды байқадыңыз. Нақтырақ айтсақ, мәселе одан сайын ушыға түспек. Оның қылықтарын жай ғана балалық деп қарап, сезімдерінің келешекте неге апарып соқтыратынын есепке алмасаңыз, күндердің күнінде жаңылыс әрекетіңізден туған зардаптың құрбаны өзіңіз болып кетуіңіз әбден ықтимал. Үйдегі аяр әрекеттер мен келеңсіздіктерді бала көңіліне түйіп, қаперіне ала қоймайды деп ойлайсыз. Алайда, болған жайттар баланың ақ парақтай көңіліне дақ қалдырады. Күндердің күні, толғағы піскенде, ойға түйгенін ортаға салары анық. Кейде, ұзақ уақыт бойы булықтырып келген мәселе сыртқа тепкенде отбасының шырқы бұзылып, ата-анасы аңырап, шаңырақ шайқалуы ықтимал.

Бұдан түйгеніміз, перзент сүйгісі келгендер белгілі бір дәрежеде психолог, педагог болуы керек. Жоқ дегенде, Құранның бұл мәселедегі ұстын қағидаларымен танысып, «бисмиллаһ» деп жаңа өмірге қадам басқаны жөн.

Демек, бала өсіру біз ойлағандай оңай нәрсе емес. Сол себепті адамзат баласы міндетті түрде кемел ұрпақ өсірудің жолдарын алдын-ала ойластырғаны жөн.

Қоғам үшін ізгі ұрпақ тәрбиелеу керек. Адамзаттың ең биік мәртебесі мен азғындаған ең төменгі сатысына дейінгі аралықтағы өмір сүріп жатқан тіршілік иелерін өз мүмкіншілігіне сай тәрбиелеп, оларды адамдықтың шыңына шығарудың ең маңызды іс екенін ешкім ешқашан ұмытпауы тиіс.

 

1 пікір
  • Педагогтардың пікірі бойынша балалар арасында теңдік орнатуға тырысу - әділетсіздік болып табылады екен. Сондықтан, бала тәрбиесінде басты мәселе теңдік орнату емес, әділдік орнату. Әділдік дегеніміз әр баланың жас ерекшелігі, жыныстық ерекшелік және де жеке қабілеттерін дұрыс анықтап, соған сай әрекет жасау деген сөз.
    8 жыл бұрын