Балаға діни түсініктерді дұрыс түсіндіру қалай болмақ?
Балаға діни түсініктерді дұрыс түсіндіру қалай болмақ?
10 жыл бұрын 6021
Алдаберген Үсен

Кейбір діни түсініктерді қабылдау үлкендердің өзіне де ауыр соғатыны белгілі. Ендеше, әлі санасы қалыптаспаған бала үшін бұндай мәселелерді түсіндіру үшін мына мәліметтермен таныс болу керек-ақ. 2-3 жастың ерекшелігі ретінде айтар болсақ, бұл кезде баланың сөздік қоры, бағалаушылығы мен сенімдері қалыптаса бастайды. Мамандар бұл уақыттарда балаға маңайындағылардан Алла, пайғамбар, періште деген секілді сөздерді жиірек естіртуге кеңес береді. Бала 3-4 жасынан бастап көп сұрақ қоя бастайды. Бұл баланың қызығушылығын білдіреді. Әр тақырыпта сұрақ қояды. Жаратушыға қатысты да сұрақтарды осы кездерде қоя бастайды. Бір ескерте кетерлігі, балаға бұл кездерде берілетін жауаптар олар түсінетіндей өте ұғынықты, қысқа әрі мысалдармен болғаны жөн. Бұған қоса, себебін көп сұраған жайттарына пайдалары мен мақсаттарын ашатындай етіп, олардың деңгейлеріне лайықты жауаптар берілуі тиіс. 5 жастарында ол сүйіспеншілік туралы ұғымдарды үйрене бастайды. Бұл кезде оларға Алланың бізді қаншалықты жақсы көретінін, жаратқан нәрселерімен бұны бізге көрсетіп тұрғанын түсіндірген жөн. Мектепке дейінгі жаста аңыздар мен діни әңгімелер айтарлықтай рөл атқаратындықтан, дұрыс іс-әрекеттер мен дінді осындай негізде үйрету жеңілдік туғызады. Бұл жастағы балалар құлшылыққа, дұғаға қызыға қарайтындықтан, ата- аналарына еліктеп істеп көрулеріне кедергі келтірмеген жөн. Баланың жанында намаз оқу, оны мешітке ертіп апару, астан кейін дауыстап Аллаға шүкір ету, намаздан кейін дауыстап дұға оқу да баланы руханиятқа жақындата түседі. Көрген барлық нәрсесін адам жасады деп ойлайтын балаға Алла жайлы сұрақтар сұрауына кеңшілік танытқан дұрыс. 6-7 жастарында балаларда өздерін ата-анаға жақсы көрсету сезімі басым болады. Осы себепті бұл жастағы баланың құлшылығын, дұға етіп я шүкір еткендей көрсеткен әрекеттерін құптап, кішкентай сыйлықтар ұстатудың пайдасы мол. 8-9 жастарда балада іштей таразылау, ойлау қалыптаса бастайды. Осы себепті сегіз жасына дейін балаға тозақ, күнә, сауап секілді ұғымдарды ашпай, істеген ісінің күнә болғанын айтпаған жөн. Бұдан бөлек, бала енді ата-анасымен ойнағанды қойып, өз достарымен жиірек араласып, теледидарға қарап көбірек уақыт өткізе бастайды. Сондықтан бұл жастарда балаға діни құндылықтар ойындармен, кітаптармен, мультфильмдермен сіңірілгені құптарлық әдіс. 10-14 жастарында сыни ойлауы дамиды. Ата-анасының айтқандарына күмәнмен қарап, қарсылық танытатын кездері осы кез. Осы себепті бұл кездері діни тәрбие отбасы мүшелері арқылы емес, достары, мешіт не мектептегі дәрістер арқылы берілгені жөн.  

Мына жайттарға абай болған дұрыс:

1. Кейбір балалар табиғатынан қорқақ келеді. Бұндай балаларға Алла туралы түсіндіргенде өте-мөте абай болу.

2. Отбасы мүшелері өз араларында әрі балаларын жаман сөздермен тілдеуден аулақ болуы;  

3. Балаларының тәрбиесіне кері әсер ететін харам ас жегізбеу;

4. Балаларға «Құдай сені енді құртады, аямайды» деген секілді ауыр сөздер айтпау;

5. Балалардың дінге қатысты қателіктерін дабырайтпай, қатты қарсылық танытпау;

6. Құдайдан қорқыта отырып балаларға іс жасатпау;  

7. Балаларға тіл алдыру үшін оларды қарғап-сілемеу;

8. Балалардың қателіктері мен білместіктері үшін оларға тозақты айтып қорқытпау;

9. Ата-аналар өз істеген қателіктерін қалыпты қабылдап, бала қателіктерінде дінде құрал ретінде қолданбау;

10. Тентектік жасаған балаларға Алланы айтып қорқытқаннан гөрі балаларға нашар үлгі болмауды, махаббатымызды жеткізе алмадық па деп соны таразылауымыз керек.

Мыналарды жасаған дұрыс:

1. Ата-аналар діни мәселелерде де балаларына жақсы үлгі бола білулері тиіс. Бұл мәселеде сөз бен істерінің қабысуына мән беру;  

2. Мектепте оқушылар өздері қорыққан мұғалімдерінен гөрі өздері жақсы көрген мұғалімдерінің сабақтарына көбірек дайындалғаны секілді біз де олармен жұмысты өзімізді алдымен жақсы көрсету арқылы бастауымыз;  

3. Балаларға Алла тағаланы тозақ және азап жағымен емес, жұмақ және кешірім жағымен түсіндіру;

4. Балалар не айтсаң соған тез сенгіш келетіндіктен, Аллаға қатысты айтатындарымыз да өте сенімді дереккөздерден алынуы керек;

5. Балалар да өзге адамдар секілді өзінен күштіге арқа сүйегісі келеді. Арқа сүйеуге лайық құдіреттің Алла екенін ұғындыру;

6. Балаларға Алланы жазалаушы ретінде емес, кешіруші, қорғаушы әрі махаббатпен қараушы ретінде түсіндіру;

7. Балаларға өз жасына, деңгейіне сай дұғалар жаттату. Балаларға үйретілетін дұға мен мәліметтер ұнатқызып әрі ойын түрінде берілгені мақұл;

8. Балаға өзін сенімді сезіну үшін қиын жағдайларда сабыр етуді үйрету;

9. Рухани құндылықты жатсынбауы үшін тиісті шаралар жасау;

10. Діни мереке күндері балаларға сыйлықтар беріп, қыдыртуға көңіл бөлу.  

Балаға діни мәселелер түсіндірмес бұрын әуелі өзімізді сүйдіре білуіміз керек. Өйткені адам тәрбиені өзі жақсы көрген кісіден алады. Бәрінен де маңыздысы, балалардың сөзден гөрі үлгіге көбірек қарайтынын есте ұстаған дұрыс.

1 пікір