Балаға бақытты болуды қалай үйрету керек?
Балаға бақытты болуды қалай үйрету керек?
6 жыл бұрын 3384
Аударған Шынар ӘБІЛДӘ

Күнде таңертең ұйқысы қанбаған жастардың шұбырып, «зомбиленд» аталатын кеңседегі жұмысына кетіп бара жатқанын көріп, мен бақыт туралы ойланамын.
Турасында біздің буын өз балаларын сендіріп өсірген бақыт туралы үлкен өтірікті ойлаймын. Біз ұрпағымызға қалдырған ең зор қиянат – ұсынса қол жетпейтін қымбат баспана емес, олар қазір баспанаға да қызықпайды, бүкіл жер жүзін жауып жатқан қоқыс та емес, олар соны жинап өмірін өткізеді-ау. Біз қалдырған өтірік – әр адам бақытты болуы тиіс деген қағида. 

Біз балаларымызға бақыт деген адамның қалыпты күйі, өмір сүруінің қажетті шарты деп сіңіріп, миының әр қыртысына қадап жаздық. Солай айтып оларды бақытсыз еттік.  

Жаманаттың тамыры – ұғымдардың шатысуында. Бақыт туралы ойымыз қате боп шықты, оған қалай қол жеткізу керегін де дұрыс білмедік. Бірден айтайын: сізді бақытқа қай жол әкелерін мен білмеймін. Алайда қай жолмен бармау керегін анық білемін. Дәл қазір 20 жастағылардың көпшілігі фейсбуктегі жылтырақ суреттерге елітіп, өтірік жолға түсіп барады. Ішкілікке салынып, ақырында психотерапевттердің алдына келеді. Және керісінше. 

Статистика бойынша, қазіргі жастар үш түрлі дертке шалдыққыш: «несие», «тамақ», «ішкілік». Менің туған Аустралиямды мысалға алайықшы: мұнда несие алушылар саны орта есеппен 14,1%, оның ішінде жастарды қарастырсақ, олардың 20% несие алғандар. Аустралиялық әйелдердің тең жарымы дұрыс тамақтанудың не екенін ұқпайды. Аз қимылдайды. Жас ерекшелігіне қарасақ, 16-24 жастағылардың 72% осындай. Ішімдікке келсек, 14 жастан үлкен әрбір бесінші әйел заты денсаулығына зиянды мөлшерде ішкілік ішеді. Ішкілікке салыну бойынша жастар алдыңғы буынды басып озғалы қашан. Футурологтар бұл буынды «тірі күнінде мәңгі өмір сүретіндер» деп атап кетті. Ал шын мәнінде жастардың қатары сиреп барады. Егер аман қалу қолдарынан келсе, тарихта аттары қалады. Осынау күйзеліс, ішкілікке салыну, жаман әдеттердің бәрі қайдан шықты? Оны ұғу оңай: біз оларға бақыт деген тұтыну деп үйреттік. Егер қалағанымызға қол жеткізбесек, онда бақытсыз болғанымыз деп шештік. Қалауымызға қол жетсе, онда бақыттымыз! Ал шын өмірде негізгі қажеттілік өтелген соң әр тілек орындалған сайын бақытсыз бола түсеміз. Неге? Себебі, тілектеріміз құбылмалы, тұрақсыз. Тез қанағаттанасың. Оның қуанышы тез басылады. Бақыт пен қанағаттану арасына теңдік қоюға болмайды.  

Біздің тілегіміз қандай болса да – жаңа сәнді сөмке, бұлшықеті ойнап тұрған сымбатты жігіт, тирамисудың соңғы қасығы ма – бәрі де өте қауіпті. Бізге бірдеңе жетіспеген кезде тілек туады, қанағаттанудың негізгі бөлігі соны күту кезінде өтеледі. Қанағаттану шегі қол жеткен кезде сезіледі. Содан соң не болады? Құлдилау. Ләззат алу бітті. Санаңда тек шкафтағы, төсектегі, не беліңдегі естелік қалады. 

Бұнымен де бітпейді. Шын мәнінде қалағанымыздың көпшілігі бізге түк те керек емес дүние. Біз сол дүниеге қол жеткізуді қаламаймыз; бізге сонымен мақтану қажет, айналамыздағы адамдардың таң қалып, бас шайқағанын көргіміз келеді. Тілектің дені мәртебе жинау боп кетті. Сенесіз бе? Ойша былай жасаңыз: өте бағалы дүниені ойлаңыз. Мәселен, кутюр сыйлаған көйлек, өте қымбат мейрамханада түстену, қымбат көлік. Осының бәрі сізде бар екенін ешкім білмейді деп ойлаңызшы... Тілек өзін ақтай ма? 

Қарапайым болу үлкен абырой саналатын ескі заманда дарақылықты сөгетін еді, себебі ол көптеген күнәнің тууына себепші болатын: көреалмаушылық, қомағайлық, дүниеқоңыздық, тәкәппарлық. Қазір бәрі өзгерді. Қазіргі таңда айтулы бір жағдай әлеуметтік желіде шу тудырмаса, мүлде өтпегендей елеусіз қалады. Елдің бәрі сол оқиғаны айтудың орнына, сол жерден әдемі суретке түсіп, көбірек лайк жинауға құлшынады. Бүгін бағаланатын құбылыс – өзіңді елге ашық-шашық көрсете білу. Тәкәппарлық пен атаққұмарлық бедел саналатын болды. Қарапайымдылық – кемшілік боп қалды.  

Бәлкім, бұл соншалықты қорқынышты да емес шығар? Алайда өршіп тұрған суицид пен күйзеліс эпидемиясының статистикасы бізге бұның бәрі залалды екенін көрсетіп тұр. Мүмкін артымызға қарап ойлану керек болар. Бәрінің дауасы белгілі. Платон мен Аристотель әр нәрседе бір-біріне қайшы келгенмен, бір нәрседе ойлары түйіскен: адамды тек жақсылық бақытты ете алады дегенге келіскен. 1621 жылы Роберт Бертон өзінің «Меланхолия анатомиясы» деген тамаша еңбегінде мынадай рецепті ұсынған: «Жалғыз болма. Дарақы болма». 

Бұны өзіңіз де жақсы білесіз. Дос тап. Іске кіріс. Өз ойымыздың тұтқынында қалғанда, ұсақ-түйек тілегіміздің жетегінде кеткенде бақытсызбыз. Адам өз тұлғасының шегінен шыққанда, одан гөрі зор дүниеге біріккенде бақытты болады.  

Рэймонд Тэллис деген дәрігер әрі философ адам тілегінің мынадай иерархиясын құрыпты: төменгі қабат – тамақ пен баспана, келесі қабат – рахаттану, үшінші қабат – мақұлдау мен мәртебе. Төртінші, ең жоғарғы қабат – өнер, рухани ізденіс, өмірлік борыш. Осы қабаттар төмендеген сайын адам тілегі ұсақтала бермек. Ұсақ-түйекті қанағаттандыру да оңай. Рахаттану тез бітеді. Тұрақты бақыт тек ең жоғарғы қабатта мүмкін. Ұлы жоқты қанағаттандыру ғана шын қуаныш сыйлайды: мән іздеу. 

Осыны балаларымызға түсіндіріп бере алмадық. Бақытты сатып алу мүмкін емес. Сіз тілегіңізді қанағаттандырғаннан, қалағаныңызға қол жеткізгеннен, рахаттанғаннан бақытты бола салмайсыз. Бақыт тауар емес. (Бақытсыз болу не қайғыру – қылмыс емес). Бақыт өмір мәнін іздегеннен табатын қосалқы құндылық. Жолыңыз болса, осы ізденісті өмірлік кәсіпке айналдырасыз, Платон секілді. Ол философияны бүкіл ілімнің ішіндегі пайдалысы деп есептеген.  

Инфантильді тілектерді қанағаттандыру – бақыт емес. Адамдар да біртұтас мәдениеттер сияқты қарапайым тілектерден күрделісіне қарай жетілуі тиіс. Ең ақырында ұлы мақсатын тауып, сол мақсатымен бірге бақытқа да кенеледі. Балалар, карьера жасап әуре болғанша, кәсібіңді өз құндылықтарыңмен салғастырып алған артық болмас. Сендер үшін осы пайдалырақ. Әрине, егер бақытты болғыңыз келсе...  

Элизабет Фаррелли, жазушы, оқытушы, The Sydney Morning Herald колумнисті

0 пікір