Бала тәрбиесіне қатысты Мағжан Жұмабаев қандай кеңестер береді?
Бала тәрбиесіне қатысты Мағжан Жұмабаев қандай кеңестер береді?
9 жыл бұрын 13102

Сонау ХХ ғасырдың басында ұрпақ қамын ойлаған Алаш қайраткерлері ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен халыққа арнап оқулықтар жаза бастағаны белгілі.Сонда Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімін, Міржақып Дулатұлы «Қазақ тарихын», Қаныш Сәтбаев «Алгебраны», Жүсіпбек Аймауытұлы «Психологияны», Елдес Омаров физиканы қолға алғанда, сыршыл ақын Мағжан Жұмабайға «Педагогиканы» жазу бұйырыпты. Рас, бүгінде бала тәрбиесіне қатысты талай оқулықтар жазылды. Десек те, бұл тақырыпта алғаш жазылған Мағжан «Педагогикасының» орны ерекше. Ақын бала тәрбиесінде екі нәрсеге назар аударуды ұсынады. Оның бірі – дене тәрбиесі, екіншісі – жан тәрбиесі. Ендеше Мағжан ақын баланың дене тәрбиесіне қатысты қандай кеңестер айтады екен. Соған зер салып көрейік:

1) Жаңа дүниеге келген нәрестені өлшеу.

Бала сау болып туды ма, ауру болып туды ма, сау болып өсіп келе ме, ауруға айналды ма, міне осыларды дұрыс біліп отыру үшін баланы өлшеп отыру керек.

2) Жылылықты (дене қызуы) бақылау.

Баланың да, жеткен адамның да өлшеуші жылылығы 37-37,5 градус болады. Бірақ жаңа туған баланың денесінің жылылығы бастапқы күндерде түрлі себептерден мынау өлшеуден 2-3 градус кем болады. Әйткенмен де ұзамайды, бұрынғы қалпына түседі. Және баланың да, жеткен адамның да жылылығы бір тәуліктің ішінде бір қалыпта тұрмайды, біресе өлшеуден асып кетеді, біресе төмен түседі. Дене жылылығы термометр деген құралмен өлшенеді. Осы құралмен баланың денесін күн сайын өлшеп тұру керек. Жылылық өлшеніп отырылса, келе жатқан науқастың алдын алуға болады.

3) Дем алуын санау.

Жаңа туған бала бір минутта 40-44 рет дем алады. Мұнан соң бірінші жыл бойына – 40-35 рет, екінші жылда – 28, үшінші жылда – 25 рет, сөйтіп кеми-кеми 15 жаста бір минутта 17-20 рет дем алатын болады. Міне, дем алудың осы мөлшерден артық яки кем болуы баланың сау болмауын көрсетеді.

4) Тамыр соғуын қадағалау.

Жаңа туған баланың тамыры бір минутта 150 рет соғады. Екі жасар баланың тамыры 120-ға шейін соғады. Баланың тамырын бала ұйықтап жатқанда байқау керек.

5) Бала бөлмесіне көңіл бөлу.

А) Ауа. Бала бөлмесінде жиі-жиі ауа жаңартылып тұрсын. Бала жататын үйде кір жуу, кір кептіру, кірленген киім тастау жарамайды. Сәбабі кірдің кірі бу болып, һауа болып баланың ішіне кіріп, саулығына зиян келтіреді.

Ә) Жылу. Бала бөлмесінің жылылығын да бақылап тұру керек. Жаңа туған бала жататын бөлменің жылылығы 17-18 градус, бір жеті мен алты жеті арасында 16-17 градус, содан соң 15-16 градус болу керек. 

Б) Жарық. Қандай үйдің болса да жарық болуы керек болатын болса, бала бөлмесінің жарық болуы тым керек. Қараңғы үйде тәрбиеленген баланың өсуі шабан болады. Сондықтан бала жататын бөлменің жарығы мол болу керек. Бөлменің жарығы мол болуы үшін оның терезелері оңтүстік-күншығысқа, не оңтүстік-күнбатысқа қарауы шарт.

Жалғасы...

0 пікір