Бала тәрбиесіндегі ең маңызды 10 нәрсе
Бала тәрбиесіндегі ең маңызды 10 нәрсе
7 жыл бұрын 11291 www.islam.ru
Имам Әбу Хамид әл-ҒАЗАЛИ

  Баланың тәрбиесі – ең маңызды істердің бірі. Перзент ата-анаға аманат. Баланың жүрегі пәк, нәзік, аңқау және ешбір нақыш салынбаған таза гауһар тасы сияқты. Жүрекке қандай ою-өр­нек салынса, ол соған ұқсап пішінделеді, оны иген тарапқа қарай иіледі. Егер бала жақсылыққа үйреніп, жақсылықты әдеттенсе, дүние мен ақы­ретте бақытын табады. Әрине бұл сауапқа оның ата-анасы және тәрбиешісі мен оған тәлім берген адамдар бөленеді.

Егер балаға көңіл бөлінбей, шетте қалып қой­са, жамандықтың ортасында өссе, бақытсыз­дыққа душар болып, құрып кетеді. Бұл жағдайда күнәнің ауыртпалығы оны осы күйге түсіргендер мен ата-ананың мойнына артылады. Алла тағала:

«Ей, мүминдер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар»(Тахрим: 6).

Әке перзентін дүние отынан (азабы мен машақатынан) қаншалық сақтаса, ақырет отынан одан да сақтауы лазым. Тәрбие жолында көркем мі­нездің қасиеттерін үйрету және жамандықтардан қайтару, бұзық құрбы-құрдастардан қорғау, жеңіл өмірге әдеттендірмеу, байлыққа махаббатын оят­пау арқылы әке перзентін тозақ отынан сақтайды. Егер бала дүние құмарлығына бой алдырса, мәң­гілік тұңғиыққа кетті деген сөз.

1. Перзент дүниеге келген алғашқы күндерінен бастап, күзет қамқорлыққа алынуы жөн. Сон­дай-ақ шақалақты емізу және тәрбиелеу ісін тек діндар әрі халал (таза) әйелге сеніп тапсырылуы мүмкін. Себебі харамнан шыққан сүт те береке жоқ. Егер ол сүттен сәбиге берсе, онда сәбидің қа­нына харам араласып, баланың табиғаты харамға икемді тұрады.

2. Жақсы-жаманды ажырату түйсігі балада көрі­не бастаған сайын оның бақылауын да күшейте түсу керек. Мұның әуелгі белгісі, балада ұят қаси­етінің бастапқы нышанының көріне бастауы. Се­бебі баланың тартыншақтауы ұялу емес, бәлкім ақылдың нұры түсіп, бала кейбір істердің басқа­ларға қарама-қарсы екенін көреді, жаман деп та­ныған істерін жасаудан ұяла бастайды. Бұл Алла тағаланың оған берген сыны, мінезінің пәктігі­нен жүрегінің сол тазалағынан тура шыққан қу­анышты белгі және ақылының кемелдікке жетіп жатқандығынан сүйінші хабар десе болады.

3. Ұяты бар баланы, қамқорсыз тастауға болмай­ды. Керісінше, оған ұят әдебін үйрету арқылы жәрдем көрсету дұрыс. Көп жағдайда баланың бойында тамаққа ашкөзбен ұмтылу сезімі ба­сым болады. Бұл кезде тәрбие тамақ ішу әдебінен тәлім беруден басталады. Мысалы, тамақты оң қолмен алу, «бисмилләһ» сөзімен бастау, тамаққа үлкендерден бұрын қол созбау, тамақты тек өзінің алдынан алу, тамақ жеп отырған адамның аузына қарай бермеу, тамақты шашпау, жақсылап шайнап жеу, тамақты обығып жемеу, яғни тамақты ауызға бірінен соң бірін сала бермеу, жеп отырған асты киімге тамызбау. Кейбір кезде қосымша тәттілер­сіз құрғақ нан мен қара шайды ішуге үйрету.

Сол сияқты шектен тыс тамақ жеудің жаман­дығы, бұл төрт аяқты жануарларға тән ерекшелік екенін, әдепті бала тамақты аз жейтіні, барына қанағат қылатыны, тамақ таңдамайтыны айтылса бұл да – тәрбие.

4. Баланы түрлі-түсті және жібектен тігілген киім­дерге емес, әдеттегі ақ түсті киімдерге деген қа­лауын тудыру қажет. Түрлі түсті жібек киімдер әйелдерге тән екенін, ер кісіге мұндай нәрселер жараспайтыны хақында түсіндіріп үйретіледі.

Баланың үлде мен бүлдеге оранған, қымбат бағалы киімдер киіп өскен балалардан және сол сияқты рақат өмірге құштарлықты оятатын нәр­селермен араласуынан абай болған жөн. Себебі өсіп келе жатқан баланы қараусыз қалдырса, бұл көп жағдайда ахлақтың бұзылуына мұрындық бо­лады. Нәтижесінде бала есейгенше өтірікші, іші тар, ұры, шағымданғыш, ұшқалақ, күлекеш, ай­лакер, сараң сияқты жарамсыз қасиеті бар адамға айналуы мүмкін.

Бұлардан сақтанудың жолы – көркем тәрбие, мектептегі дәріспен машғұл болу, құран мен ха­дис тәлімін алу. Ізгі адам мен олардың өмірі тура­лы айтылған хикаялар баланың жүрегінде оларға деген махаббаты оятады.

5. Баланы махаббат және ғашықтық кейіпкерлері айтылған өлеңдерден, мұндай өлеңдер адам жа­нын нәзіктікке тәрбиелейді деп ойлайтын әде­биетшілердің арасында қалып қоюынан сақтау лазым. Себебі бұл нәрселер баланың жүрегіне бұ­зықтық дәнегін себеді.

Баланың бойынан көркем мінез, мақтауға тұрарлық бір әрекет байқалса, оны құрметпен баға­лау, көңілін қуандыратын нәрсемен жігерлендіру, көпшілік арасында бұл әрекетті көрсету өте қа­жет. Кейбір кезде бір рет көркем мінезге теріс қылық жасап қалса, оны көрмегенсіп өту дұры­сырақ. Себебі бала мұндай жағдайда артығырақ жазаға тартылса, жаза оған кері әсер етіп, айыбы­ның ашылып қалуына үйреніп, қателікке жігерлі болып қалуы мүмкін.

Егер бала сіз байқамаған соң теріс қылықты тағы қайталаса, онда оған жалғыз қалғанда ескертіп, бұл істің салдары жаман болатынын ай­тып түсіндіру қажет. Алайда ескертемін деп артық кетпеген жөн. Әйтпесе, баланың құлағы қатты сөздерге үйреніп, айтқан ізгі насихаттар жүрекке жетпейтін болып қалуы мүмкін. Бала тәрбиесінде ересектердің айтқан сөздері өте маңызды. Сон­дықтан ата-ана сөйлеген уақытта ойланып, сөз­дерін електен өткізуі керек. Ал ана өз кезегінде баланы «әкеңе айтам» деген шектеу сөздермен ба­ласын жаман әрекеттерден тиып отырады.

6. Сондай-ақ баланы күн шыққаннан кейінгі ұй­қыдан қайтармақ керек. Себебі күндізгі ұйқы жалқаулықты туғызады. Ал кешке ерте ұйықтау пайдалырақ. Төсекті өте жұмсақ қылу, бала ағза­сының қатаюын кемітеді. Семіздік тамаққа тәбет ашады, сабырсыздықты шақырады. Сол себепті баланы қаттырақ төсекке, қарапайымырақ киімге, кәдуілгі тамаққа үйрету кешіктіруге болмайтын істердің қатарына жатады.

Бала не нәрсені жасырын істесе, бұл оның мұны жаман іс деп білгенінің дәлелі. Демек, балаға әр­бір істі ашық көрсетіп, үйрету уәжіб. Кейбір кезде жалқаулықты жою үшін ертелеп түрлі жаттығу­лар жасалады. Киімінің алдын ашып, қолдарын жан-жаққа лақтырып жүру әдепке сай емес екен­дігі үйретіледі. Әке-шешесінің заттарымен не­месе тамақ, қымбат бағалы киімдерімен мектеп құрал-саймандарымен құрдастарының алдында мақтануы жаман мінез. Керісінше, бала өз достарына кішіпейілдік құрметпен қатынас қылуға әдеттенуі, сөйлескенде мейірімді, әрі жұмсақ бо­луы дұрыс.

Егер балалар оған бір нәрсе берсе, оны өзі үшін құрмет деп білсе де, затты алуға әдеттенбегені дұрыс. Себебі абырой алуда емес, беруде. Алуда қорлық пен төменділік бар. Бұл бала кедейдің ба­ласы болса да басқалардан бір нәрсені алу әдеті – жаман қасиет. Алуды қалап тұру немесе дәме­ту – қорлық, бұл иттің қылығына ұқсайды: ит бір үзім нанды алу үшін үнемі мүләйімсіп қарап, құй­рығымен билеп тұрады.

Балалардың алтын немесе күмісті жақсы көруі, оны қалап тұруы да жаман қылықтың санатынан. Негізінде бұл нәрседен жылан мен шаяннан қо­рыққан сияқты қатты қорқу (сақтану) лазым.

Алтын мен күмісті жақсы көру, оның келе­шекте құлға айналуына ықпал етуі мүмкін. Ал­тын мен күміске деген махаббаттың зияндығы удың кесірінен де қауіпті. Көпшіліктің ортасын­да түкіру, мұрын тастау, есінеу, біреуге арқа сүй­еп отыру, аяқты айқастырып отыру, қолмен иекті тіреу әдепсіздікке жататын қылықтар.

7. Бала сұхбаттасу қағидаларынан хабардар бо­луы лазым. Оған көп сөйлеудің тәрбиесіздікке жа­татынын және олай жаман балалар істейтінін әрі олай жасаған бала «бәдік» атанатын білсін.

Рас немесе өтірік айтса да бала жастайынан ант суын ішіп сөйлеуге үйреніп қалмасын. Сөзді бірінші бастамасын, қойылған сұраққа жауап берсін. Сұхбаттасушы өзінен үлкен болса, оны тыңдасын. Себебі сөйлесуші адамның сөзімен ортақтасып, «әдепсіз бала» атанғаннан гөрі тыңдаушы болған абзал.

Әдепті бала өзінен үлкендерге орын береді, пайдасыз сөздерден тиылады, басқаны сөкпейді оған лағынет айтпайды.

Баланы бос әңгімені жақсы көретін адамдар- мен араластырмау қажет. Расында, баланы жаман мінездің мұхитына түсіп кетуінен сақтау тәрбиенің мәні саналады.

Егер мұғалім баланы нұқып немесе соғып қалса, бала дереу айқай-шу көтермесін немесе басқадан қамқорлық күтпесін, қайта сабыр қылсын. Мұны да баланың жақсы білуі тиіс. Балаға сабырлық таныту ержүрек батырлардың ісі, айқай-шу салу әлсіз әрі әйелдердің қылығы екені түсіндірілсін.

Балаға дәрістен соң шаршағанын басу үшін жақсы ойындарға рұқсат беріледі. Алайда, діңкесі құрығанша онымен әуес болуы дұрыс емес. Сол сияқты баланы барлық ойыннан мақұрым етіп, тек тәлімге мәжбүрлеу де жөн емес. Мұндай ауыртпалық жас жүректі өлтіреді, талғамды өшіреді, өмірден түңілуіне ұйытқы болады. Әйтпесе балақай сәті келген орайда тәлім-тәрбиеден қашып кетуі үшін айла іздестіру мәжбүрінде қалуы ғажап емес.

8. Сол сияқты балақай әкеге, мұғалімге, өзінен жасы үлкен адамға, тәрбиешіге бойсұнуды, олар­ды құрметтеуді, олардың алдында кез келген ой­ынды доғару керек екенін білуі тиіс.

Бала жақсы-жаманды ажыратқан сайын дәрет пен намазды тәрік қылуына үзірі жоғала бастай­ды. Рамазан айында толық болмағанымен, кейбір күндерде ораза ұстауға бұйырылады. Жібек киім киюіне, алтын сақина және алтын бұйымдарды тағуына тиым салынады. Жалпы айтқанда, бала­ларға шариғаттың аумағында қажеті түсетін бар­лық нәрселерді үйрету қажет.

9. Балаларды ұрлық, харам, қиянат, өтірік сияқты т.б. бұзық әрекеттерден сақтандырған жөн. Бала ержеткен сайын, денесіне сәйкес жақсы азықта­нады. Бірақ ас ішудің мақсаты – баршамызды жа­ратқан Алла тағаланың тағатына күш алу. Дүние негізгі тұрақталатын жер емес, себебі мұнда мәң­гілік жоқ. Өлім дүние нығметін қырқады. Дүние бар болғаны мәңгі өмірге апаратын өткел. Ақырет болса, уақытша тұрақтайтын орын емес, мәңгілік қалатын жер.

Өлім – тосыннан келіп қалуы мүмкін құбылыс. Бұл дүниеде ақыреті үшін өз азығын жиған адам шынайы ақылды саналады. Алла тағаланың қа­сында мұндай адамның дәрежесі үлкен, жаннат­тағы несібесі де мол деп түсіндіріледі.

Егер баланың өсіп жетілуі жақсы болса, онда бұл сөз ол балиғат жасына келгенде пайдалы, әсерлі болары анық. Оның жүрегінде тасқа түскен ою нақышы сияқты терең ізін қалдырады. Егер баланың ер жетуі керісінше қиын болса, онда ол ойын-сауыққа беріледі, бұзық істерге бейімде­леді, тамаққа ашкөздік, киім кигенде және оның зейнеттену мен мақтаншақтық сияқты қасиеттер­ге құмарлығы оянады. Нәтижеде жүрек ақиқатты қабылдамайтын болып қалады.

10. Бала тәрбиесінде көңіл мейлінше кемімеуі тиіс әсіресе, бастапқы дәуірде. Өйткені бала табиға­тынан жақсыны да, жаманды да сіңіріп алуға икемді тұрады. Ата-анасы оған осы екі жақтың яғни жақсы немесе жаман тараптардың біріне шығуына себеп.

Пайғамбар (с.а.у.): «Әрбір бала (ислам) болмы­сында туылады. Ата-анасы оны яһуди немесе насрани (христиан) яки болмаса мәжуси қыла­ды»,– деп айтқан.

Саһл ибн Тустарии: «Мен үш жаста едім. Түн­де оянып, ағам Мұхаммед ибн Сиуардың намаз оқығанына қарап отыратынмын».

Бір күні ағам: «Сені жаратқан Алла таға­ланы зікір қылмайсың ба?» – деді. Мен «Қалай зікір қыламын?» – деп сұрадым. Ағам: «Төсекке жатқанда жүрегіңмен Алла менімен бірге, Алла маған назар салушы, Алла мені көруші Зат» – деп үш мәрте айтасың», – деді.

Бұл зікірді күнде кешке айтатынымды ағама айттым. Ол маған бұл сөзді жеті рет айтуға бұй­ырды. Мұны да орындадым. Мұнан соң ағам бұл зікірді кеш болған сайын он бір мәрте қайтала деп айтты. Мен қайталадым, бұл сөздің дәмін жүре­гіммен сезе бастадым. Бір жылдан кейін ағам: «Менің үйреткенімді жадыңда сақта. Сонау қабір­ге кіргенше оларды ұмытпа. Себебі бұл зікірлер саған дүние мен ақыретте пайда береді», – деді.

Екі жылдан соң бұл зікірлерден пайда болған ләззат жүрегіме симай тасығанын сездім. Күн­дердің бірінде менен: «Ей, Саһл! Алламен бір­ге, Алланың назарының астында Алла оны көріп тұрған жүрек, Аллаға мойынсұнбауы мүмкін бе?» – деп сұрады.

Кейін өзім жалғыз қалдым, мені мектепке бе­ретін болды. Мектепке барғанымда ой-пікірім әр түрлі нәрселерге жүгіріп, өзім жан-жаққа шашы­рап кетуден қорықтым. Жақындарым мұғаліммен келісіп, бір сағат тәлімнен кейін үйге қайтуыма рұқсат алып берді.Алты-жеті жасымда құранды үйрендім, жаттадым. Ылғи ораза ұстаймын, арпа нанын жеймін. Бұл кезде жасым он екіде еді. Кей­ін он үшке келгенімде бір мәселеге жауап таба алмадым. Сұрағыма жауап іздеп, мені Басраға жі­берулерін сұрадым. Басраға келдім, ғалымдарға жолықтым, бірақ олардың берген жауаптарына қанағаттанбадым.

Кейін Абадан шаһарындағы Әбу Хабиб Хамза ибн Әбу Абдуллаһ Абаданидің құзырына бардым. Сұрағыма жауап таптым. Әбу Хабибтің алдында бір шама отырып, оның сөздерінен пайда алдым және әдепті үйрендім.

Мұнан соң Тустарға (қала) қайттым. Мұнда азығымды үнемдеп, бір дирһамға шамалап арпа аламын. Арпаның ұнынан нан жауып, үнемі саха­рада тұзсыз және дәмдеуішсіз азықтанатын бол­дым.Осылайша маған бір дирһам бір жылға же­тер еді. Уақыт өте үш күн және үш түн аш жүріп, төртінші күн дегенде ауыз ашуға бел байладым.

Осы тәртіппен аш жүру мерзімін бес күн, жеті күн, ақырында жиырма бес күнге жеткіздім. Жиырма жыл өмірімді осы ережемен өткіздім. Сосын сапарға шығып, бірнеше жыл жер жүзінде саяхат қылдым. Тустарға (қала) оралдым. Мұнда түні бойы Алла тағала қалағанша ибадатқа бас ұрдым” – деген әңгімені баяндайды.

Ахмад ибн Ханбал Алланың бұл жақын құлы хақында: «Саһл ибн Тустаридің Алла тағаламен ұшырасқан уақытқа дейін (бақилық болғанша) тұз татқанын көрмедік», – дейді.

 

Араб тілінен аударған Жалғас СӘДУАҚАСҰЛЫ

0 пікір