Отбасылық құндылық: мәселен, еркіндік, Отанға қалай қызмет етеді?
Осыдан бір жарым жыл бұрын, Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметінен оқу демалысына шықтым. Америкаға аттандым. Гарвард университетіне түстім.
Ойымда жауабын тапсам деген жалғыз сұрақ болды. Әлемдегі теңсіздіктің мәнін анықтағым келді. Қазіргі дамыған елдер қайтып осы деңгейге жетті? Оның сыры неде? Неге осыны үйреніп, елге алып келіп, дамып кетпеске?
Мемлекеттер дамуының сырын іздеу адамдарды зерттеуге алып келді. Кейбір адамдар неге табысты, өмірде жолы болғыш, ал кейбірі өмірден өз орнын таба алмайды? Оның сыры неде?
Зерттей келе көзім жеткен дүние – адам дамуы мемлекет дамуымен тікелей байланысты екен. Жаңалық ашқаным жоқ. Баршаға аян шындық. Ал енді олай болса, неге Қазақстан да адамдарын дамыту арқылы, демек білім беру арқылы, Елбасы айтып жүрген, дамыған отыз елдің қатарына қосыла салмайды?
Қазақстанның орта білім жүйесі тап Америкадан қалып қойды деп айта алмайсың. Зерттей келе көзім жеткен тағы бір құпия – мемлекеттік мәселе отбасылық тәрбиеден басталады екен. Отбасыда бойға сіңетін құндылықтарға байланысты болып шықты. Жалпы, «құндылық» деген сөз Батыс елдерінде көп айтылады. Асбтракт ұғым сияқты. Ал шындығында олай емес екен. Мәселен, отбасылық құндылықтардың бірі – еркіндік. Отбасыда оны қалай жүзеге асыруға болатынын, жалпы құндылық ұғымы осы материалды соңына дейін оқып шықсаңыз түсінесіз.
Адамзаттың басым бөлігі ХХ ғасырдың басына дейін аграрлық қоғамда өмір сүрген. Аграрлық отбасыда отағасының қолында – шексіз билік бар. Бір адамның үйде бас болғанын жаман деп отырған жоқпын. Көбіміз әкеміздің қас-қабағына қарап ауылда өстік. Бұл жерде психологиялық астар бар. Қазақ отбасыларында әкенің айтқаны – заң. Қатал әке – ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін біледі. Барлық сұраққа – Өзі жауап. Оған ешкім күмән келтірмейді. Ой талас, бөтен пікір жоқ.
Бара-бара қаталдық әлгі баланы көнгіштікке алып келеді. Өскен соң бойсұнғыштық бағыныштылыққа апарады. Өзің шешім қабылдасаң, дұрыс болмайтын сияқты. Сөйтіп тәуелділіктен тәуекелсіздік пайда болады. Тәуекел жоқ жерде әлеуметтік өзгеріс орын алмайды, экономиканы ілгерілететін инновациялар шықпайды.
Бертін келе мектепте ата-ана функциясы жартылай мұғалімдерге өтеді. Олар да сол ортадан шыққан, баланы шеңберде ұстауға тырысады. Одан соң әкенің орнын басшы басады. Басшы - сенен бастама күтеді, сен - басшыдан нұсқау күтесің. Іс сәтсіз аяқталса, жауапкершілікті басшыға жаба саласың, сен тапсырма орындаушы ғанасың. Жыл соңында Елбасы журналистерге сұxбат беріп отырғанда "Хорошо, когда есть президент, на которого свалить" деген сөзі осы жүйеден тарап келе жатыр.
Қазақы бала тәрбиесіндегі құндылықтарды қоғамның ой елегінен өткізбей, ұлттық айнаға қайта-қайта қарамай, ол солай бола береді. Еліміз 2050 жылы дамыған 30-дыққа енуді жоспарлаған екен. Оған нұсқаумен емес, әр азамат шығармашылық әлеуетін жүзеге асыра алғанда ғана кіреміз. Шығармашылық әлеуеттің дамуы (innovative potential, creativity) - отбасыдағы еркіндіктен, ал оны жүзеге асыру - қоғамдағы еркіндікке байланысты. (Сергей Брин немесе басқаларының жұлдызы Ресейде емес, өзге елдерде жануы мысал. Бұл – өз алдына бөлек әңгіме).
Сонымен, экономикалық өсім де, отыздыққа ену де отбасыдағы тәрбиеден басталады. Бір қарағанда, экономика мен тәрбиенің қатысы жоқ сияқты. Ал шындығында адам қасиеттерін мемлекет қабілетіне айналдыру - тікелей тәрбиеге байланысты. Еріксіз әрі бойсұнғыш ұрпақ ешқашан да еркін әрі қайсар xалыққа айналмайды.
Қазақы тәрбиедегі құндылықтарды зерделеу - озығын қалдырып, тозығын қайта қарау - Руxани жаңғыру бағдарламасы аясында қоғамдық талқыға салатын басты шаруа.
Осы мәселе қытайларды да қатты алаңдатыпты. Себебі, бүкіл инновацияның көбі Америкада пайда болады. Сөйтсе, Американың балалары ғылыми фантастиканы көп оқиды екен. Бұл әдеби жанр қиялдауға, арман қууға алып келеді. Бұны бір деп қойыңыз.
Екіншіден, қияли баланың ойын жүзеге асыруға көмектесу ата-анаға байланысты. 2014 жылы Вашингтонда болдым. Жастар форумына қатыстым. Сахнаға 20 жасқа дейінгі өнертапқыштар шықты. Аттары есімде жоқ, солардың ішінде бір жігіт қаншама эксперимент жасағанын, үйдің ас бөлмесін неше рет өртеп алғанын, сынаққа қажет бір химиялық элементті әке-шешесімен бірге неше күн іздегенін әңгімелеп берді.
Еркіндік дегеніміз еркелету емес, міне осы, өз ойын іске асыруда қолдау деген сөз. Қиялдап үйрету, қиялды іске асыруға көмектесу деген сөз. Америкада бір жарым жыл тұрып жатырмын. Баласын еркелетіп отырған бірде-бір атананы көрмеппін. Керісінше, балаларымен үлкен адамдарша сөйлесіп отырады. Балалары бір нәрсе қаласа, неге оны қажет етіп отырғанын талқылайды, сол таңдаудың жауапкершілігін балаларының өзіне артады.
Қазақ отбасыларында осы жасқа келіп байқағаным, иә еркелетеді, иә ұрсып алады. Балалармен мәймөңкелесудің қажеті жоқ, олармен сөйлесу керек. Сабақта не қызықтырады? Достары кім? Кім болғысы келеді? Оған қалай жетуге болады деп ойлайды? Былай істесең, олай болады деп сұраққа дайын жауап беру де тәуелділікке алып келеді. Сұрақ қойса, сол сұраққа өзі қалай жауап берер еді деп сұраңыз. Білмеймін десе, ол сұрақтың жауабын қандай кітаптан іздеуге болатынын сұраңыз. Бірге кітапханаға барып, сұраққа жауап іздеңіз. Өз сұрағына өзі жауап тауып үйренуді бала кезінен үйреткен жөн. Ол бала қазір ата-анадан жауап күтсе, үлкейген соң, биліктен жауап күтеді. Оның сұрауы қанағаттандырылмаса, кім кінәлі? Дұрыс білім бермеген ата-ана кінәлі! Жұмыс тауып бермеген билік кінәлі.
Сонымен қатар, сұрақ іздеу жолында бала талай рет сәтсіздікке ұшырайды. Сеннен түк шықпайды деп қолыңызды бір сілтесеңіз, ол келесі рет қателеспеуге тырысады. Қателеспеуге тырысу – тағы да тәуекелсіздікке алып келеді. Тәуекел жоқ жерде жаңалық жоқ, үйрену жоқ. Сондықтан, кез келген сәтсіздік – бұл үйрену жолы. Әрбір жетістіктің артында жүздеген сәтсіздік жатыр. Адам жетістіктен үйренбейді, сәтсіздіктен үйренеді.
Ал балаға ұрысу, тіпті ұру мәселесіне келсек, ашуға міну – баланың жетестігінен емес, әке-шеше жетіспестігінен. Неге? Себебі, ата-ана сөзбен айтып түсіндіре алмаған соң, ашуға мінеді. Ата-ана айтып түсіндіре алмаса, оған бала кінәлі ме, ата-ана ма? Түсінікті етіп жеткізу – тыңдаушының емес, айтушының міндеті. Әлде балаңыз түсінбейтін маубас па? Ешқандай ата-ана өз баласын маубас деп айтпайды. Демек, маубас – бала емес, ата-ана болып шығады. Бұл жерде ешкім өзін де, балаларын да жамандыққа баламайды. Ол үшін не істеу керек, балалармен сөйлесу керек? Күнде. Сөйлескен сайын, ата-ана мен балалар арасында байланыс орнайды. Балаңыз Сізді бір айтқаннан түсінетін болады. Ашуға мінудің қажеті жоқ. Еркелетіп ешіртудің де қажеті жоқ. Жетістікке жетсе қуаттаңыз, сәтсіздікке ұшыраса, арқасынан қағыңыз. Осы мақаланың бас жағында айталған «отбасылық құндылық» дегеніміздің бірі осы.