Бала тәрбиесі жайында Имам Ғазалидың айтқан кеңестері
Бала тәрбиесі жайында Имам Ғазалидың айтқан кеңестері
10 жыл бұрын 13179
Бақ БЕР

Әйгілі ғалым Имам Ғазалидың «Ихияу улумуддин» (Дін ғылымдарының жанданысы) атты еңбегінде бала тәрбиесіне арналған бөлім бар. Сол бөлімде ғалым мынандай ойларымен бөліскен екен. Тұжырымдап ұсынғанды жөн көрдік.  

1. Бала дүние есігін ашқаннан бастап бақылауда болуы керек, назардан тыс қалдыруға болмайды. Оны діндар, ізгі, астың адалына көңіл бөлетін әйелдің емізгені дұрыс. Өйткені харамнан пайда болған сүтте береке жоқ. Харам сүт емген баланың табиғаты лас істерге жақын келеді. 

2. Баланы қорғаштау: оған әдеп үйрету, бойына кір жуытпай, адамгершілік мінезге баулуды білдіреді. Осы себепті оны жаман достардан қорғап, баршылық пен молшылыққа тым үйір етпеу керек. Неге десеңіз, егер осылай өссе, өскенде, солардың соңына түсіп, өмірін құртады, ақыретін де оңдырмайды. 
3. Балада ақыл пайда болғанда, оны жақсылап тәрбиелеу керек. Бұның алғашқы белгісі ұят сезімінен аңғарылады. Бала ұялып, бірқатар іс-әрекеттерін доғара бастаса, онда ақыл нұры пайда болды деген сөз. Бұл Алла тағаланың балаға берген сыйы. Бұл жағдай бала мінезінің орнықты бола түскенін, жүрегінің пәк, балиғат жасында ақылы толысатынын ұқтырады. Осы тұрғыдан ұялшақ баланы қараусыз қалдыруға болмайды. Қайта оған ұялу мен ұялмау керек жағдайларды үйрету арқылы оның әдепті болып өсуіне көмектескен жөн.  
4. Балада байқалатын алғашқы қасиет тамаққа деген обырлылық. Баланың жанында көп жеудің дұрыс еместігін айтып, әдепті әрі аз жеген адамды мақтау керек. Балаға ас кезінде өзінен гөрі досын құрметтеуді, ас ішудің әдебін үйрету керек. Астан бұрын және астан кейін қол жуу, бисмилламен бастау, асықпай әрі өз алдынан жеу секілді. Балаға кейде қатқан нан да берген дұрыс. Қарапайым ас ішуге дағдыландырған жөн. Сонда бала тек жақсы, дәмді тамақ ішуді талап етпейтін болады.   
5. Баланы қымбат киінуге емес, қарапайым киінуге әдеттендіру керек. Сән қуып, ысырапқа үйренген балаларға жолатпаған жөн. Ұл баланы тым сәнді киіндірмеген дұрыс.
6. Қалай болса солай сөйлейтін адамдардан баланы алыс ұстау керек. Өйткені баланы басынан қадағаламасаңыз, көбіне тәрбиесіз, өтірікші, қызғаншақ, тойымсыз, сұқ, мылжың, артық күлетін, қу әрі ұятсыз болады.  Әркім өз баласын бұндай нашар мінездерден тек жақсы тәрбие арқылы қорғайды.
7. Бала Құранды және бірқатар хадистерді, жақсы адамдардың әңгімелері мен жағдайларын үйренуі керек. Сонда жүрегінде жақсы кісілерге деген сүйіспеншілік орнайды. Бала бұған қоса ұятсыздықты дәріптейтін өлеңдерден, әндерден алыс болғаны жөн. Өйткені бұндай әдебиет баланың жүрегіне жамандықтың дәнін себеді.
8. Баладан жақсы қылықтар байқалса, сол үшін баланы марапаттаған дұрыс. Баланы ондайда қуанту керек. Елдің көзінше сол әрекетін айтып, оны мақтаған жөн.  
9. Егер кей жағдайларда бала қателік жіберсе, көз жұмып қараған да дұрыс. Баланы ұятсыздыққа итермелемеу керек, айыбын әшкерелемеген жөн. Әсіресе, бала ол қылығын жасырғысы келсе. Кері жағдайда бала қателікті ашық жасаудан қымсынбайтын болады.  
10. Балаға жиі-жиі ұрысқан дұрыс емес. Өйткені көп ұрысу ұрыстың әсерін жояды. Нашар қылыққа баруды оған жеңіл етіп көрсетеді. Айтудың оның көңіліне әсері болмай қалады. Әке баламен сөйлескендегі сұсын сақтауы тиіс. Осы себепті баланы анда-санда ғана ұрысу керек. Ана болса, балаға әкесіне деген құрметті үйретіп, нашар қылықтардан алыс ұстағаны мақұл. 
11. Баланы күндіз ұйықтатпаған жөн. Өйткені күндізгі ұйқы жалқаулыққа тартады. Ал түнгі ұйқыға тыйым салуға болмайды. Баланы мамық төсек, құс жастыққа үйретпеген жөн. Күндіз бір мезгіл жүруге, қимыл-қозғалыс жасауға дағдыландырса, бала жалқауланбайтын болады. Осындай іс-қимылдар кезінде әурет жерлерін ашпауға көңіл бөлдірген мақұл.
12. Балаға әке-шешесінің байлығымен дос-жарандарына мақтануға жол бермеген жөн. Достарын сыйлауды, кішіпейіл болуды, олармен сыпайы қатынас жасауды үйрету керек. Артықшылық алуда емес, беруде екенін, басқалардан алудың жақсы еместігін, тәрбиесіздік екенін айтқан жөн. Қысқаша айтқанда, бала ақшаға құнықпауы тиіс. Жылан мен шаяннан гөрі осыны абайлату керек. Өйткені құнығу балалар үшін удан да арман зиян. Үлкендер үшін де тап осылай.  
13. Балаға қалай отырып, тұру керектігін, тәрбие үйретілуі керек. Көп сөйлетпей, көп сөйлеу нашар адамдардың әдеті екенін білдірген жөн. Мейлі дұрыс, мейлі дұрыс емес болсын, сөйлегенде тым ант-су ішкізе бермеу керек. Сонда кішкене кезінен ондайға тілін үйретпейді. Қарғыстауға, балағаттауға тыйым салу керек. Нашар ауыздылардан баланы қорғау керек. Өйткені бұндай нашар қылықтар жаман достардан жұғады. Баланы тәрбиелеудің негізі жаман достарға жолатпау. Біреу сөйлегенде, оны байыппен тыңдатып, егер жасы өзінен үлкен болса, құрметпен тыңдауды үйреткен дұрыс.  
14. Өзінен жасы үлкендерге тұрып орын беруді, олардың алдында әдеппен отыруды үйреткен мақұл. Ұстазын құрметтеуді, жазаласа да сабыр етуді, шыдаудың жігітке тән мінез екенін білдірген жөн. Жасы өзінен үлкендерге мейлі жақыны болсын, болмасын құрметтеуді, олардың жанында байсалдылық сақтауды білдірген жөн.
15. Бала мектептен қайтқанда, біршама ойын ойнап, мектептегі шаршағанын басуға мүмкіндік берген дұрыс. Өйткені ойыннан тыйып, тек сабақ оқуға мәжбүрлеу баланың көңілін құлазытады, санасын тұмшалайды.  Өмірін астаң-кестең етеді. Тіпті бала бұндай қысымнан құтылу үшін ғылымды тастап, түрлі айла-тәсілдер жасауға көшеді.
16. Балаға ес кіріп, біршама есейгенде, тазаланбауына, намаз оқымауына бей-жай қарамау керек. Қасиетті Рамазан айының кейбір күндерінде балаға ауыз бекітуді бұйырған жөн. Балаға керекті діни мәліметтерді үйретіп, ұрлық, харам жеу, қиянатшылдық, өтірік пен арсыздық, нашар қылықтардан абай болуын қадағалау керек. Бала кішкене кезінен осылай тәрбиеленсе, балиғат жасына толғанда, бұл істердің астарын өзі түсінеді.  
17. Балағабұл дүниенің мәңгі еместігін, мәңгілік мекеннің ақырет екенін, ақылды адам тек осы дүниесін ғана ойламай ақыретін де ойлауы керектігін білдірген дұрыс. Бұндай адамның Алланың назарында дәрежесі биіктеп, жұмақтағы жақсылықтарының көбейе түсерін білдіру керек.     

Бала тәрбиесі басынан осылай қолға алынса, жұғымды болады. Берген тәрбие жүрегіне әсер етеді, өз жемісін береді. Тура тасқа қашап жазу жазғандай. Ал бала бұл жағдайлардан алыс өссе, оның жүрегі ақиқатты қабылдаудан тайсақтайтын болады. Тура қабырғаға құрғақ топырақтың жабыспағанындай. Осы тұрғыдан келгенде, бала тәрбиесіне басынан көңіл бөлген жөн.

 

1 пікір