Бала мінезін тәрбиелеу
Бала мінезін тәрбиелеу
8 жыл бұрын 10044
Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ

Кез келген ата-ана өз баласын жақсы болса екен дейді. Бірақ сол баланы жақсы етудің жолдарына мән беріле бермейтін жағдайлар бар. Сондықтан мұсылмандық тұрғыдан балаларды қалай тәрбиелеу қажеттілігі жайында да бір-екі ой бөліспекпіз.

Жалпы, екі-үш жасқа келген бала кез келген дағдыға тез үйренетіні туралы ғалымдардың айқын пікір бар. Олай болса, бала тәрбиесі Исламдағы негізгі мінез-құлықтарға үйретуді осы екі-үш жастан кеш қалдырмай бастаған жөн. Алдымен қандай мінез-құлықтарды қалай үйрету керектігі жайына тоқтамай тұрып, Исламдағы мінез-құлықтың орны жайлы айта кетейік. Исламда мінез-құлықтың орны зор. Ислам дініндегі бүкіл ұстанымдар мен өмірлік қағидалар осы мінез-құлықта жатыр. Өте маңызды мәселе мінездің еш уақытта өзгермейтіндігі, тұрақтылығы, яғни белгілі бір уақытқа, жағдайға байланысты мінез-құлық өзгеріп отырмайды. Мінез жағдай өзгерген сайын құбылып отыратын байлықтың бір түріне немесе қажет кезде киіп, қажет болмаса шешіп тастайтын киім түрлеріне ұқсамайды. Ғалымдар мінез-құлықты ғарышта үнемі өзгермей тұратын жұлдыздар сияқты тұрақты болады дейді. Бұл мәселені қозғап отырған себебіміз, кейде адамдар арасында «Пайғамбар заманындағы жақсы мінез-құлықтарды ХХІ ғасырда қайдан табамыз. Мысалы, ол кезде "ұят" деген сезім өте жоғары бағаланған болса, қазіргі кезде оның орны тым әлсіз, өте төмендеп кеткен. Ол кезде өтірік айту мүлдем болса, қазіргі таңда екінің бірі өтірікті беті шімірікпей айта салады» деген сияқты пікірлерді есітіп қаламыз. Бұл, әрине, қате тұжырым деп есептейміз. Оның қателігін Құрандағы мына бір аят дәлелдеп береді: «Жүзіңді хақ дінге бұр. Алла тағала адамдарды хақ дінде жаратқан. Алланың жаратқанында өзгеріс болмайды. Міне, осы тұп-тура дін» ( Рум сүресі,30 ).

Жалпы, мінез екі түрлі болады: көркем мінез және нашар мінез. Перзенттерімізді көркем мінезге тәрбиелеуіміз қажет.

Балаға ең алдымен қай қасиетті үйреткен абзал? Бұл жағынан ең бірінші ұсынылатын қасиет – мейірімділік. Өйткені Алла тағала Құран кәрімнің беташары саналатын «Фатиха» сүресінде «Ар-рахманир-рахим», ең алдымен, Өзінің мейірімділігін айтады. Сондықтан адамның ең алғаш үйренуі тиіс қасиет – мейірімді болу деп тұжырым жасаймыз. Бұл мінезді дамыту үшін күн сайын балаға ата-аналық мейірім көрсетуіміз қажет. Баланы таңертең ояту кезінде де ата-ана баласына ерекше мейрімін төккені жән. Үлкен кісілер көп айтатын «қарағым», «шырағым», «айналайын», «күнім», «алтыным» деген секілді жылы сөздердің бәрі бір жағынан мейіріммен байланысты. Бетінен сүю, еркелету, мәпелеу – балаға бір күнге қажетті мейірім қуатын беруге жететіндей мөлшерде болуға тиіс. Сол қуатты бала өз бойында дамытып, өзі де бірте-бірте айналасына мейірімділік шуағын төгіп жүруді үйренеді.

Үйден мейірім қуатын алып шыққан бала мектепке барған соң ешкіммен ұрыс-төбелес жасамайды. Жасы үлкен балалар жасы кішілерге әлімжеттік жасамайды. Мұғалімдеріне сөз қайтарып, салғыласып отырмайды. Ондай жерде білім де болады. Ондай балаларда оқуға деген ынта-жігер де көбірек болады.

Ұйқыға жатар кезде де балаға Алладан дұға тілеуді үйреткен жөн. Ардақты пайғамбарымыздың ең көп айтатын сөздерінің бірі «үмбетім, үмбетім» болғанын білеміз. Сол сияқты әр мұсылман бала бүкіл елге, жерге, мұсылман үмбетіне жақсылық тілеп жатуды әдетіне айналдырғаны дұрыс. Өз жағдайлары, отбасы, ата-анасы үшін де көп дұға тілегені абзал.

Осы мейірімділік секілді бала бойында жомарттық, кеңпейілділік, қарапайымдылық, кішіпейілділік, ұқыптылық, тазалық сияқты құндылықтарды да үйретудің тетіктерін ата-ана ойластыруы керек. Мысалы, баланы ертіп жүріп, кембағал жандарға жәрдем берудің үлгісін көрсетуге болады.

Еліміздің әрбір отбасында осындай тәрбие үдерістері жүріп жатса, онда көп кешікпей экономика да, әлеуметтік сала да, өнер де, білім де қарқынды даму жолына түсері хақ.

Жинақтай келе айтарымыз, бұлардың бәрі бүкіл елдік деңгейде қолға алынуға тиіс дүниелер. Алла тағала ұлдарымызды ынталы, қыздарымызды ибалы етсін. 

0 пікір