Бала және қызғаныш
Бала және қызғаныш
10 жыл бұрын 6111

Қызғаныш – балалардың, тіпті ересектердің де маңайындағы адамдармен оң әрі қалыпты қатынас құруына кедергі болатын кеселді мінез. Бұл сезімді қалыпты деңгейде ұстай білу адамға пайда келтірері сөзсіз. Қызғаншақ бала үнемі мазасыз күй кешеді. Ол басқаларды жақсы көріп, не өзі басқаларға жақсы көріне алмайды. Күнделікті өмірі де күрделеніп қиындай береді.

Қызғаныш – адам жаратылысында бар мінез. Фрейд атаған үш мендіктің бірі өзімшілдік, тойымсыздық, барлық нәрсені иеленсем деу, осыдан өрбітсек, адамды қанағаттандыру, көзін тойдыру мүмкін емес. Ендеше, отбасымен қатар қоғамды да бірге бейбіт өмір сүріп әрі барын бөлісе алатындай ортаға айналдыру керек. Осы себепті балаға кішкене кезінен өзінде бар заттарды басқалармен бөлісе білу үйретілуі керек. Белгілі суретші Эдвард Мунк та «қызғаныш айрылып қалам деген қорқыныш емес, анығында бөлісем бе деген үрей» деуде. Зерттеушілер қызғаныш шектен аспаған жағдайда адамның ынтасын еселейтіндігін айтуда. Кері жағдайда ашу, жеккөру, өш алу, реніш, мазасыздық, торығу, қорлану, үрей мен күйзеліс аралас түсініксіз сезім кешуге итермелейді. Бұл жағдай өзін шаршаңқы сезінуіне, үнемі сұрақ қою арқылы өзіне қорғаныш тілеуге апарады, одан да ары барса, қысымға, қаттылыққа негізделген іс-әрекеттер көрсетуіне себеп болады.

Ересектерде де бұл сезім кесел бір мінез ретінде қылмыс жасатуға дейін апаруы мүмкін. Мектептерде кездесетін келеңсіз оқиғалар мен қылмыстардың астарында жатқан себептердің бірі осы қызғаныш. Әсілі, қоғамдағы әрбір тұлғаның өзіне тән себептермен таңдаған өмір сүру тәсілі бар. Маңайымыздағы адамдарды ішкі жағдайын білместен сыртқы көрінісіне қарап бағалау, өз жағдайымызбен салыстыру, қор көру не жоғары санау қате. Ең дұрысы, өз әлеуетімізді жоғарғы деңгейде қолдана отырып, жетістікке жетудің жолдарын қарастыруымыз керек.

Туылғанынан 6 жасына дейін «мен» деп тұратын ерекшелікке ие балаға 3-4 жасынан бастап бөлісе білуді үйретпесе, қанында бар қызғаншақтық баланың қызғаншық болуына жол ашатыны анық. Әр адам секілді бала да кішкене жастарда сол уақытқа дейін үнемі өзіне тән болып келген нәрсені басқаға беруді немесе толық құқынан айрылып басқамен бөлісу жағдайында қалуы баланы өкпелетіп, оның қызғанышын тудырады. Өйткені бала әлі бөлісуде сезімдік жағынан жетілмеген жағдайда.

Жалпы алғанда қызғаныш екінші бір баланың өмірге келуімен алғашқы балада байқалса да, кейінірек екінші балада қызғаныш күйі көбірек байқалған. Сол күнге дейін бар назар, сүйіспеншілік тек өзіне ауған бала бірден екінші біреуді жолықтырады. Ата-ана, маңайындағылардың сүйіспеншілігі мен өзіне деген назарын онымен бөлісуі жағдайына түседі. Жаңа туған сәби жағдайына қарай анағұрлым көбірек қаралып, сүйіспеншілікке бөленеді. Бұл алғашқы баланың ашуын тудырып, жеккөрінішіне себеп болады, тіпті жаңа туған бауырының көзін құртқысы да келеді. Бала бұл жағдайға алдын ала үйретілмеген болса, онда жағдай оған тіптен ауыр тиеді. Бұл жердегі баланың қызғанышы бала күткен махаббат пен сүйіспеншіліктің оған жетпей қалуынан туған реакция. Бұл уақыттарда ата-ана не жақындарынан «сен енді боқ сасып қалдың», «Енді мына кішкентай сәбиді көбірек еркелетіп жақсы көретін боламыз» деген секілді қалжың аралас сөздер баланы тіптен ызаландырып, жаңа туған бауырынан өш алуға да итермелейді.

Сәбидің дүниеге келімен қатар балада байқалатын өзгешеліктерді былай көрсетуге болады:

Бала сол күнге дейінгі даму жағдайынан кері кетіп, сәбиге тән тән қылықтар көрсетеді. Кейде анасын еміп, түнде бірге жатып, астына жіберу арқылы жаңа туған сәби секілді өзіне күтім жасатуға, осы секілді қылықтар көрсетеді.

Түнде ұйқысыздық синдромын көрсетіп, қорыққанын, тоңғанын немесе терлегенін, қарны ашқанын білдіріп, ата-анасының мазасын алады.

Бұрынырақта бірқатар өзі атқаратын істерді енді ата-анасы я жақындарынан талап етеді.

Жаңа туған бауырына қарсы жауластық әрекет көрсетіп, жанын ауыртуға, төсегінен түсіруге, оған ашықтай жамандық істеуге баруы кәдік. Мына оқиғада бұл анық байқалған. Ауырып қалған 5 жасар балаға дәрігер: “Егер ініңнің қасына барып жөтелсең, ол да қатты ауырып қалуы мүмкін, онда сенің інің болмайды...” дегенде, баланың бірнеше рет бауырының қасына барып жөтелгені байқалған.

Бұдан бөлек, не болса соны сылтауратып маңайына зиян тигізіп, айғайлап дауыс көтеру арқылы ашуланып, жылай бастайды. Үнемі тентектік жасап, маңайының да мазасын қашыратындай қылықтарға барады.

Қызғаныштың алдын алу үшін мынандай әрекеттер жасауға болады:

Келесі сәби дүниеге келерде басқа балаларды соған алдын ала дайындау керек. Егер сіздің бөлмеңізде жатып келсе, сәби дүниеге келмей тұрып олардың бөлмесін бөлуіңіз қажет. Оған ендігі жерде бауырының өмірге келетінін, оның тым әлсіз болғандығы үшін сондай бір күтімді қажетсінетінін, ал үлкеніне болса ондай күтімнің қажет еместігін тиісінше айтып түсіндірген жөн.

Бұрын үлкенін көбірек қорғаштап, жақсы көріп келген болсаңыз, ендігі жерде сәбидің дүниеге келуімен ол сол өзі көріп келген махаббатты бөлісуі тиіс болады. Бұл болса балаға ауыр тиетіні сөзсіз. Сондықтан о бастан осындай жағдайларды ескеріп, мүмкіндігінше жақсы көруде екеуін де теңдей көруге тырысқан дұрыс.

Баланың қызғанышын арттыратындай «Болды енді сені емес, сәбиді еркелететін боламыз» деген секілді қалжыңдарды айтпаңыз.

Балаға тән төсек-орын, киім, ойыншық секілді заттарын онымен санаспай сәбиге бермеңіз. Егер тым қажеттілік туса, оның өсіп кеткенін, бұл киімдердің кішкене болып қалғанын айтып, оған жаңасын әперетінін айту арқылы өзінің беруіне жағдай туғызу керек. Бұл жағдай онда есейгендік сезімін жетілдіріп, соны мақтаныш көруді әрі затқа құрметпен қарауды қамтамасыз етеді. Бұл мәселелерде өте бір мұқияттылық танытқан жөн. Бұдан тыс балаңыздың ерекшелігіне сай оны ренжітпейтіндей басқа да түрлі жолдар таба аласыз.

Балалар арасында таңдау жасамай, сүйкімді, сүйкімді емес, қыз, ұл, күшті, әлсіз деместен, ауру, сау деместен бәрін теңдей көре білу керек.

Балаңызды бауыры не басқалармен салыстырмаңыз. Тек өзінің кешегісі мен бүгінгі жағдайымен салыстыра аласыз. Әр баланың өзінің ерекшеліктері болатыны шындық, сондықтан өзгелердей бола қоймадың деу балада қызғаныш тудыруы мүмкін.

Бала өзіндегі заттарды басқалармен бөлісе алатындай ортада тәрбиеленуі керек. Мектептегі кезінде топ құрап істеген жұмыстың маңызы осында. Сол кезде бөлісуді үйренеді, басқалардың да ортақ істе үлесі барын түсінеді. Бұдан бөлек, жақсы ұйымдастырылған топ жұмыстары сыни ойлау мен ықпалдастықты да жетілдіреді.

Балада өзегелерді қызғану емес, соларға еліктеу сезімін жетілдіру керек. Өзгелердің қандай жолмен жетістікке жеткенін мысалдармен түсіндіріп, баланы соған қызықтыра білген жөн. Бірақ бала өзін кем сезінбеуі керек.

Бауырлары мен достары арасында қатынас құрдыру арқылы білім қабілеті мен заттарды алмасуын жүзеге асыруды қамтамасыз етіңіз. Өздеріне әрі маңайына зиян келтірмесе, төбелестеріне араласпаңыз.

Үйде әрі араласатын ортасында оған бәрінің тең қарауын қадағалаңыз.

Қызғаныштың зияндарын түсіндіру де артықтық етпейді.

Міне, осындай тұстарға көңіл бөлу арқылы бала қызғанышының алдын алуға болады.

1 пікір