Байлық - жүректе
Байлық - жүректе
5 ай бұрын 5951
Асылбек Әуезханұлы

Кез келген адам, қоғам немесе мемлекет үшін өз құндылықтарын танып біліп, оның қадіріне жетудің айрықша маңызы бар. Өйткені адамдық құндылықтарды жоғалту өте баяу жүзеге асатын процесс болғандықтан, кейде адамдар өзінің ең қымбат байлығынан айырылып қалғанын да байқамай қалады. Міне, осы тұрғыдан алғанда, біздің де отбасына қатысты талай жоғалтқандарымыз бар. Әсіресе, көптеген рухани құндылықтардан айырылған сыңайлымыз. Содан болса керек, бүгінгі таңда жанұялардың берекесі қашып, ұрыс-керіс көбейіп, ажырасқандардың саны артуда.

Енді егер жоғалтқан құндылықтарымызды іздеуге кіріссек, оныИслам дінінен, мұсылмандықтан, Құраннан, Пайғамбарымыздың өмірінен іздеуіміз керек. Бұрынғы өткен ғұламаларымыз, дана халқымыз қалдырған сөздердің, дастан-жырлардың да негізгі арқауы осы қайнарлардан бастау алған. Мәселен, Алланың елшісі (с.ғ.с.) мұсылман отағасының жанұя мүшелеріне қалай қарауы керектігін бұйрықтары, кеңестері арқылы білдірумен қатар, өз өмірінде де нақты істерімен көрсетіп, барша мұсылмандарға үлгі болды. Хадис шәріптерінің бірінде ер адамның әйеліне дұрыс қарауы керектігін айқын білдіріп:

«Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы қарағандарың, ал араларыңда отбасына ең жақсы қарайтын менмін», – деген.

Тағы бір хадисінде: «Ең жақсыларың – әйеліне жақсы қарағандарың», – дейді.

Әнас ибн Мәлік атты саңлақ сахабалардың бірі:

«Өз жанұясына дәл Пайғамбарымыздай мейірбан жан көрген емеспін» деп еске алады. Ал иман, көркем мінез және отбасы мүшелеріне жұмсақ қарау тұрғысынан ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадис - мұсылман үшін мызғымас қағида болуы тиіс. Ол хадис те: «Мүминдердің иман тұрғысынан ең кемелі – мінезі ең көркем болғаны және отбасына жұмсақ қарағаны» делінген.Олай болса, мұсылмандық тұрғыдан алғанда, үйлену, ең алдымен, Алланың бұйрығына бойұсынудың, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) соңынан ерудің бір белгісі.

Үйлену – Алланың үлкен нығметтерінің бірі. Ер азамат үшін күнәлі істерден, бұзақылықтан, некесіз жеңіл жүрістен, улы көздерін бөтен әйелге қадаудан аулақ болудың бір жолы. Ал әйел үшін күйеуінің разылығын табу арқылы Алланың разылығына бөленудің бір амалы. Үйлену – перзент сүйіп, ұрпақ жетілдірудің де алғышарты. Сондай-ақ ізгі отбасын құру – күшті бір мемлекеттің іргетасын қалаумен тең. Ал мықты отбасының құрылуы мен оның бақытты жалғасымы үшін материалдық жетістіктерден бұрын рухани байлық қажет екендігі анық. Өйткені бақыттың да, байлықтың да орны жүрек.

Ендеше, ерлі-зайыптыларға айтарымыз бақытты сырттан емес, жүректен іздеген жөн. Сол бір жапырақ жүрек бай болса, адамның өмірі де мәнді болады. Отбасын құруға жар іздегенде де осы жүрек байлығына мән берудің маңызы зор. Осы талапқа сай отбасын құрып, берекелі өмір сүрудің жарқын үлгісін бізге Алланың елшісі (с.ғ.с.) көрсетіп берді.

Мысалы, өмірде әйелдердің тұрмыс тауқыметіне, отбасылық қиыншылықтарға, өзге де әлеуметтік себептерге шыдай алмай күйеуіне шағым жасайтын кездері көп кездесіп жатады. Алайда Алла елшісі (с.ғ.с.) жайлы жарлары еш уақытта бір ауыз болса да шағым айтпаған. Олар Алла елшісінің (с.ғ.с.) отағасылық өміріне жан-тәнімен разы еді. Айталық, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірлік серіктерінің арасында хазірет Хадишаны ерекше жақсы көрді. Онымен жиырма бес жыл бақытты өмір кешті. Тіпті дүние салғаннан соң да, оны ұмыта алмады. Зәредей бір нәрсенің өзі сүйікті жарын есіне салып, ол жайлы сүйіспеншілігін жаңалап тұрушы еді.

Мысалы, Хадиша анамыз қайтыс болғаннан кейінгі уақытта оның Хале деген сіңілісі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үйіне келіп, кіруге рұқсат сұрайды. Оның дауысы хазірет Хадишаның даусына ұқсап кеткендіктен, Пайғамбарымыз бір сәт қобалжып: «Бұл келген Хале емес пе?» деді. Қасында отырған Айша анамыз бұған ренжігендей: «Қайтыс болған әйелді осыншалықты еске алуыңыздың қандай мәні бар. Алла тағала сізге одан жақсы жұбайлар берген жоқ па?» деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жоқ, ақиқат сен айтқандай емес. Ешкім маған иланбаған кезде, ол маған сеніп еді, әркім Аллаға серік қосып жатқанда, мұсылмандықты ол қабылдаған еді. Маған ешкім де көмектеспей жүргенде, ол менің жәрдемшім болушы еді» деген болатын.

Ардақты Пайғамбарымыз одан соң, Айша анамызды жақсы көретін. Алайда бұл сүйіспеншілік те тек сұлулыққа байланысты емес еді. Себебі хазірет Айшаның қабілеті, зеректігі, ақылдылығы, парасаттылығы және әр нәрсенің жорамалын жасаудағы ерекше естілігі болатын. Әйгілі хадисінде: «Әйелдер төрт нәрсесі үшін таңдалады: мал-дүниесі, сұлулығы, тегі және діндарлығы. Сен діндарын таңда» деп кеңес беруі де осыдан болса керек.

Міне, бұл айтылғандардан шығатын тұжырым, мұсылман адам бақытты ғұмыр кешкісі келсе, өзіне жар іздегенде, оның жүрек байлығына көп назар аударғаны жөн. Ал үйленген соң жұбайының сол рухани құндылықтарын бағалауы тиіс. Жүрекке сіңетін шынайы иман, иба, әдеп, өзара түсіністік, шыдамдылық, көркем мінез, жылы сөз мұсылман отбасының өміріндегі ең асыл қазыналары болуы тиіс.

Сөз соңында тілеріміз, отбасын құрған жандардың жүректері иманға, көңілдері бақытқа толсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.


 

"Жанұя жарасымы", Асылбек Әуезханұлы. "Көкжиек" баспасы, Алматы, 2014 ж.

 

0 пікір