Әзіреті Әли мен жұбайы Фатима анамыздың ренжісіп қалуы және ол оқиғадан алынар сабақтар
Әзіреті Әли мен жұбайы Фатима анамыздың ренжісіп қалуы және ол оқиғадан алынар сабақтар
1 ай бұрын 3769 islam.kz
Мұса Жамал

Алла елшісінің (с.а.у.) сара жолы мен сахабалардың өмірі кейінгі үмбетке көп жөнінен үлгі аларлық даналыққа және өнегеге толы. Соның бірін мына төмендегі оқиғадан ұғуға болады. Онда Әзіреті Әли мен жұбайы Фатима анамыздың бір нәрсеге ренжісіп қалып, кейіннен пайғамбарымыз келіп Әлиді сұрағаны жайында баяндалған. Оқиға былай өрбиді:

Сахаба Сәһл ибн Сәъд (радиаллаһу анһума) былай деп әңгімелейді:

«Алла елшісі (саллалаһу алейһи уә сәлләм) қызы Фатиманың (р.а.) үйіне келді. Үйден Әлиді таппаған Ол (с.а.у.), қызы Фатимадан:

- Көкеңнің ұлы қайда?» - деп сұрады.

Қызы Фатима:

- Екеуміздің арамызда бір нәрсе болып (арамызда келіспеушілік туындап), бір-бірімізге ашуландық. Артынан ол шығып кетті. Түскі уақытты менде өткізбеді (түсте үйде болмады), - деп жауап берді.

Сонда Алла елшісі (с.а.у.) қасындағы адамға: «Барып қарашы, қайда екен?» деп айтады.

Ол келіп:

«Уа, Расулаллаһ! Ол мешітте екен, ұйықтап жатыр» - деп хабар береді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) мешітке келсе, Әзіреті Әли жатыр екен. Денесінің бір жанынан (арқа тұсы) көйлегі түсіп, ол жеріне (арқасына) топырақ жұғыпты.

Алла елшісі Әлидің арқасындағы топырақты қолымен сүртіп жатып:

- Тұр, топырақтың әкесі! Тұр, топырақтың әкесі! - деп (денесі топырақ-топырақ болғанына қарай қалжындап) айтты» - дейді сахаба. ("Сахих Бұхари", "Сахих Мүслім").

Хадистен алынар өнегелер

Аталмыш хадис шәриф отбасыда болып тұратын кикілжіннің оңды шешілуіне көмекші болар кейбір дүниелерді қамтып тұр. Атап айтсақ:

1. Жас ерлі-зайыптылардың жақындары ара-арасында келіп, жағдайларын көріп тұрғаны жөн.

Алла елшісі (с.а.у.) өзінің қызы Фатиманы тұрмысқа бергеннен соң, ара-сыра келіп, жағдайын біліп тұратын.

2. Ерлі-зайыптылардың арасындағы сүйіспеншілік пен рухани байланыстың жалғасымды болуына ат салысу.

Жоғарыдағы оқиғада Алла елшісі (с.а.у.) қызына келіп, күйеуін сұраған кезде «Әли қайда» немесе «күйеуің қайда» деп емес, оның орнына қызының жүрегін жұмсартар сөз қолданып «көкеңнің ұлы қайда?» деп сұрады. Сол себепті, «қожайыныңыз», «нақсүйеріңіз», «құдай қосқан қосағыңыз» деген сөздерді қолдана келе, ерлі-зайыптылардың өз ара байланыстарын қуаттай түскен абзал.

3. Үйдің ішіне тән, ерлі-зайыптылар өздерінің жеке шаруаларын жасырулары.

Фатима анамыз әкесіне араздасуларының мән-жайын айтпай, жай ғана «екеуміз араздасып қалдық» деп, негізгі араздасу себептерін жабулы қазан, жабулы күйінше қалдырды. Пайғамбарымыз да (с.а.у.) тәптіштеп сұрамады. Өйткені, ерлі-зайыптылардың арасында ұрыс, көбіне ол екеуіне ғана қатысты себептен туындайды. Оған үшінші адамның араласқаны артық болады. Қазақта: «Екі жастың арасына есі кеткен түседі» деген. Осыны түсінген Фатима анамыз да, әкесі Пайғамбарымыз да, ұрыстың себебін қазбаламады.

3. Үй - махаббат пен жан тыныштығы орнаған мекен.

Фатима анамыз жоғарыдағы хадисте «түскі уақытты қасымда өткізбеді...» деген сөзінен, ерлі-зайыптылар жан тыныштығы мен көңіл рахатын бір-бірлерінің жандарында болғанда ғана табындықтарын ұғынуға болады. Құран Кәрімде былай делінеді: «Сендер тыныштық тапсын деп, өздеріңнен сендерге жұбайлар жаратып, араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім жасап қоюы Алланың белгілерінен бір белгі. Шынында, ол нәрседе ойланатын қауым үшін белгілер бар». («Рум», 21 аят).

4. Қиын жағдайларда Алла Тағалаға жақындау, Құдайдың үйін паналау.

Әзіреті Әли жұбайымен ұрысып қалғаннан соң, мешітке барды. Мешіт тыныш және жанға жайлы орын. Мешітке барған кісі Құран оқып, намаз оқып, пікірлейді. Істерін таразылап, шешімдерін електен өткізеді. Бұл қазіргі таңдағы көп елде етек алып кеткен, қайғы-мұңын ішімдікпен кетіруге тырысуға ұқсамайды. Мұсылман адам басына іс түскен кезде, барлар мен ішімдікханаларды жағалап, жан тыныштығын ішімдіктен іздеудің орнына, Алланың үйіне барады.

5. Құдандалы туыстарымен қарым-қатынасты жақсарту.

Алла елшісі (с.а.у) күйеубаласына іздеп барып, оның мешітте топырақ үстінде жатқанын көріп, жекудің орнына «Уа, топырақтың әкесі!» дей келе жұмсақ қалжынмен көңілін аулай білді. Тіпті басқа бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.у) әзіреті Әлидің арқасына жұққан топырақты қағып, сүртіп «Топырақтың әкесі-ай!» дегендігі де айтылады. Осылайша, "қызыммен неге ұрысып жүрсің" деп, жазғырудың орнына мейірімділік таныта білді, екі жастың арасындағы мәселені одан бетер өршітудің орнына, арадағы сүйіспеншілік байланысын сақтай білді.

6. Отбасында ыдыс-аяқ сыңғырламай тұрмайды.

Көп отбасыда кикілжін мен түсініспеушілік болып тұратыны ақиқат. Оған түсінікпен қараған жөн. Тіпті Әзіреті Әли мен Фатима анамыз сияқты мүбарак жандардың өздерінің үйінде кейде араздасушылық орын алатын болған. Бірақ соңында бәрін даналықпен, ақылдылықпен шешуге тырысатын еді. Сондықтан, ұрыса береміз немесе бір-бірімізді түсінбейміз деп бірден ажырасуды ойластырмастан, ұрыстың жанұяда болып тұратын табиғи жайт екендігін қабылдаған абзал, әрине, бұл жерде «ұрысып тұру керек» деп айтудан аулақпыз, ұрыс-керісті болдырмауға тырысу ол өз алдына даналық.

 

 

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: