Ұлы Жаратушының бұйрықтарын орындамау КҮНӘ деп аталады. Күнә жасаған адамдарды күнәкар дейді. Күнә ауыр және жеңіл деп бөлінеді. Шариғатта ауыр күнәлар өз дәрежесінде қатаң ескертілген. Ең алдынғы орында Алла Тағалаға серік қосу мен шек келтіру ауыр күнә деп саналған. Келесі кезекте ата-анаға қарсы келу ауыр күнә делінген. Неге? Алла адамзатты жоқтан бар етті. Сонсоң өз құдіретімен адамды бір-бірінен жаратып, ұрпақ өрбітетін ерекше қасиетке ие болдырды. Яғни адам баласының жалғасуына басты себепкер - АТА-АНА. Қасиетті егіз ұғым. Бірінсіз бірі бола алмайды. Атаны – ата ететін ана болса, ананы – ана ететін Ата. Екеуінің ортасынан жаралушы бала. Ата-ана болмаса бала қайдан тумақ? Міне, сондықтан өзін жоқтан бар еткен Бір Аллаға шек келтіру қандай ауыр күнә болса, мына барлық дүниесіне өзін туғызуға себепкер болған Ата-анаға қарсы келу де сондай ауыр күнә болатындығы түсінікті нәрсе.
Осыдан да Ұлы Жаратушыдан келген Ұлы кітап Құранда ата-анаға қарсы келмеу, құрметтеу, аялау туралы көп аяттар бар. Және Алла Тағаланың Ұлы елшісі Мұхаммедтің (с.а.у.) қасиетті хадистерінде ата-анаға тек жақсылық жасау жөнінде молынан ескертілген. Мұнан артық саналы адамзатқа қандай қағида қажет?!
Мұсылман ата-ана, ең әуелі баласына мұсылмандық әдептерді үлгі етіп үйрете бастайды. Мысалы, ең қарапайым күнделікті өмірде жиі қайталанатын: “Тамақтанар алдында және ауқаттанған соң қолыңды жу, балам!” деген жай ескертуді орындамау балалық-шалалық болып көрінсе де, қарсылықтың жеңіл түрі демеске болмайды. Өйткені бұл әдеп пайғамбарымыздың сүннеттерінің бірі. Яғни Алла елшісі көп хадистерінде тамақтанудың алды-артында қол жумаса астың берекеті болмайтынын еске салады. Тіпті, ауқаттанған соң қолын жумай ұйқыға кетсе, дерттің осыдан болатынын да қатаң ескерткен (Оның ғылыми медицинадағы, гигиенадағы мән-маңызы әлдеқашан дәлелденген). Мұсылмандықта Пайғамбарымыздың үлгісін ыждағатпен орындау сауап болса, ескермеу-елемеу, әрине, күнә екені айтылған. Міне, елеусіз санаған “қол жууды” орындамау неге қарсылық болатыны осыдан. Ата-ананың осы әдепкі ескертуін елемеген бала, ертең балиғат жасқа толғанда, мұсылмандықтың бес шартының бірегейі – “Намазға жығыл, балам!” деген өтінішін орындай қояр ма, екен?!
Қол жууда – дәрет алудың негізі жатса, дәрет алу – намаз оқудың шарты ғой. Кішкене тапсырманы орындауға құлқы аз бала үлкен тапсырманы орындауға тіпті, қиналмай ма?!
Олай болса мұсылмандыққа бет бұрмау – ата-ана алдындағы үлкен қарсылықтың нағыз өзі. Ал әуелден-ақ, ата-ананың әр тәрбие сөзін іске асырып, кәмелетке жеткен жасында мұсылмандықты бойына сіңірген көргенді ұл-қыздар мынау шариғат бұйрықтарын мүлтіксіз орындауы күмәнсіз.
Бірінші, бала ата-анасына жақсылық жасауы тиіс. Жақсылықтың үлкен-кішісі жоқ. Әке-шешеге жылы жүзбен қарау, ықыласпен сәлем беруден бастап, күнделікті үй ішінде шәйін алып беру, киімін ілу, ұсақ-түйек істерде құрақ ұшып қол ұшын беру – бәрі жақсылық жасау. Үлкен жақсылық та осындай кіші жақсылықтан бастау алмай ма!
Екінші, ата-анаға үнемі жақсы сөздер айту. Көңілін көркейтетіндей жылы сөйлеу. Ешқашан ата-анаға өктем сөз айтпау, дауыс көтермеу. “Жақсы сөз – жарым ырыс” деген нақыл осыдан қалған. Кейде бағалы сыйлықтан көрі жан жүрегіңмен ата-анаңа айтқан жалғыз жақсы сөзің баға жеткісіз сыйлық болуы ғажап емес.
Үшінші, ата-анаң ауырып-сырқап қалған кезде бағып-күт! Не сұраса да әкеп бер, сусын ішкіз, жастығын түзе! Шаршасаң да қуанышты жүзбен мейірімді көзбен қара! Сәби кезіңде ол сені талай түндер бағып-қағып адам еткенін есіңнен шығарма! Мынау қызметің соның бір кішкене қарымтасына тұрар ма екен?
Төртінші, ата-анаң әлі кетіп қартайған кезде көп нәрсеге мәжбүр, аянышты халде болатынын ұмытпа! Сәл нәрсеге өкпелейтін бала мінезді болады, болмашыға мәз болатын сәбиге айналады. Осындай кез әр баланың ата-анаға деген перзенттік борышын өтейтін соңғы сәті. Қарт ата-анаңды біреуге қаратпа, өз қолыңа алып, қолдан келген күтіміңді аяма!
Осындай тәрбиеге жеткен азамат, ата-анасына қарсы келуі мүмкін бе? Әрине, жоқ! Жарық тұрған жерде көлеңке болмайды. Нұр ұялаған жерге кір жоламайды.
Мұсылмандықтан мақұрым қалған халықтарда ата-анаға деген аяушылық болмайтыны, жалғыз-жарым тастап кете беретіні осы айтылғандардың қарсы дәлелі екенін ұғу қиын емес.