Ата-анаға қарсы келгендерге жаннаттың қақпасы жабық
Ата-анаға қарсы келгендерге жаннаттың қақпасы жабық
3 жыл бұрын 4104
Әкім Алымуддинұлы

Пайғамбарымыздың туысы әрі Одан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алпыс хадисті естіп, өзінен кейінгілерге жеткізген Әбу Мухаммед Жубәйр ибн Мутим:

«Туысымен қатынасын үзген адам – жаннатқа кіре алмайды»[1], – деген хадисін жеткізеді.

Жүрегінде зәредей иманы бар адам, ақыр-соңында жаннатқа кіреді. Алайда туысқандарымен байланысын үзілді-кесілді үзіп, туыстарын ұмытқан адам осы әрекетіне қарай ақыретте жазаға тартылады. Ал егер осы әрекетінің харам екенін біле тұра мойындамаса, онда мәңгілік құрдымға кетуі мүмкін. Себебі харам екені нақты айтылған мәселені мойындамай, қарсы шығу Аллаһ тағалаға қарсы шығумен бірдей. Бұл кешірілмейтін күнәлардың қатарына еніп, адамның тозақта мәңгі қалуына себеп болады.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде Аллаһ тағаланың кейбір құлдарын жаннатқа алмайтынын айтқан. Бұл адамдар:

«Ата-анасының құқығын аяқ асты етіп, оларға зұлымдық көрсеткендер, ішкілікке салынған маскүнемдер және жасаған әрбір жақсылығын міндетсінгендер»[2].

Бір күні Пайғамбарымыздың жанына бір кісі келіп, «Әшһәду ән лә иләһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммадән абдуһу уә расулуһу» деп кәлимә шәһәдатты айтады. Сосын Пайғамбарымызға былай дейді: «Ей, Аллаһтың расулы, мен бес уақыт намазымды оқимын, зекетімді беремін. Рамазан айында оразамды да ұстадым.» Сонда Пайғамбарымыз:

«Кімде-кім сенің осы айтқан амалдарыңның парыз екенін мойындай отырып жасаса, қиямет күні пайғамбарлармен, сыддықтармен (адалдықпен өмір сүрген, жалған сөзді аузына алмаған шыншыл адамдар) және шаһидтермен бірге болады. Бірақ ата-анасына қарсы шыққандар бұған жете алмайды», – дейді[3].

Ата-анасына қарсы шыққан адамдар ақыретте пайғамбарлармен, салиқалы жандармен,  шәһидтермен бірге бола алмақ емес. Бұл өз кезегінде орны толмас өкініш.

"Жұмақтың кілті жаныңда".


[1] Бухари. Әдәб. 11; Муслим. Бирр. 18; 19.
[2] Ахмед ибн Ханбел. әл-Муснәд. III, 44-бет; әл-Бәйхаки. әс-Сунәнул-Кубра. VIII, 288-бет.
[3] әл-Хәйсәми. Мәжмәуз-Зәуаид. VIII, 147-бет

 

0 пікір