Перзент өз күнін өзі көріп кеткенге дейін ата-анасы түрлі қиындықтарды басынан өткізеді. Өзінен бұрын баласын ойлап қамыққан ата-ана баласы үшін жанын пида етуге бар. Жылдар бойы баласының қуанышымен қуанып, қайғысымен қайғырады. Осылайша уақыт артынан уақыт зымырап өтіп, бір күні әке мен шешенің өзі бағылып-қағылуға мұқтаж күйге түседі.
Құранда қартайып, басқаның қолына қарайтын кезге жеткен адамның жағдайын:
«Кімге ұзақ өмір сыйласақ, оларды бәз-баяғы қалпына қайта түсіреміз (яғни күш-дәрменін азайтамыз)», – деп1, олардың қайтадан баяғы сәби кездеріндегідей әлсіз, қауқарсыз халге түсетінін баяндайды.
«Дүние – кезек» дегендей, ендігі жерде ата-ананы бағып-қағу перзенттің мойнына жүктеледі. Перзент ата-анасының нәпақасын тауып, оларға қамқорлық жасауы тиіс. Сонда ғана ата-анасы басқа адамдардың алдында абыройы өсіп, баласының адал табысымен күн көріп, бақытқа кенеледі. Осы жайды тілге тиек еткен Базар жырау:
Баласы жақсы қандай-ды
Көңіліңде арман қалмайды, – деп жырлайды.
Иә, әкені ақсақал дәрежесіне көтеретін – өзінің туған баласы. Осыған орай халқымыз өмірлік тәжірибесінен ой түйіп:
Атадан жақсы ұл туса,
Есіктегі басын төрге апарар,
Атадан жаман ұл туса,
Төрдегі басын есікке апарар, – деген екен.
Қағб ибн Ужрә Пайғамбарымыздың кезіндегі бір оқиғаны былай баяндайды:
«Бәріміз мешітте жиналып отырғанда бақуатты әрі қайратты бір кісі кіріп келді. Сол жерде отырған сахабалар:
«Уа, Аллаһтың Расулы! Мына адам Аллаһ тағаланың жолында қызмет етсе ғой!» – деді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Егер бұл адам балаларының нәпақасын табумен шұғылданып жүрсе – Аллаһ тағаланың жолында жүргені. Егер кәрі әке-шешесінің нәпақасын тауып беріп жүрсе – Аллаһ тағаланың жолында жүргені. Абыройын сақтай отырып жеке басының нәпақасын тауып жүрсе – Аллаһ тағаланың жолында жүргені. Егер осы айтылғандар үшін емес, мақтаныш немесе басқалардан озу үшін жанталасып жүрсе, онда – шайтанның жолында жүргені», – деді»2.
Демек, ата-ананың ас-ауқатын әзірлеп, жылы төсекте отырғызып, қажетінше киіндіріп жағдайын жасау – Аллаһ тағаланың жолында жүргендей абырой әкеледі. Олай болса перзент ретінде адамдардың бәрі ата-аналарының жағдайын ойлап, оларға жұмсалған шығынды Аллаһ тағала жолында жұмсалған садақа мен зекеттей көруі керек.
Әкім Алымуддинұлы, "Жұмақтың кілті жаныңда"
1 «Ясин» сүресі, 68-аят.
2 әт-Табәрани. әл-Мужәмул-Кәбир. XIX, 129-бет.