Әсмә ананың тұрмысқа шығар қызына айтқан өсиеті
Әсмә ананың тұрмысқа шығар қызына айтқан өсиеті
2 ай бұрын 2828
Мұса Жамал

Ислам тәлімінде отбасының орны айрықша. Өмірдің берекесі мен адамзаттың бақыты – ер мен әйелдің тату-тәтті, ынтымақты шаңырақ құруында жатқандығында дау жоқ. Үйдің қос тірегі – ер мен әйел екені де тағы етенеден белгілі. Екеуі берік болса, отбасы шайқалмайды, босаға босамайды. Сол себепті ер жігіт те, бойжеткен қыз да отбасылы өмірге қадам баспай тұрып, өз жауапкершілігін терең түсініп, ата-анасының өсиеттерін құлағына құйып өскені абзал.

Бұрындары дана аналар қыздарын ұзатар алдында жүрегінен шыққан ғибратты сөздерін айтып, болашақ шаңырағына береке дарытып, ошағының оты өшпеуі үшін ақыл-кеңестер қалдыратын. Осындай өнегелі дәстүрдің бір жарқын үлгісі – Харижәтул Фәрәзи қызы Әсмәның ақылды насихаты. Ол сүйікті қызын тұрмысқа ұзатарда жүрек түбінен шыққан мынадай өсиет айтқан екен: 

Қызым!

Сен туып-өскен шаңырақтан шығып, бейтаныс шаңырақтың табалдырығын аттап, танымайтын өмірлік серігіңе бара жатсың.

Сен оған (серігіңе) жер бол, ол саған көк болсын.

Сен оған жастық бол, ол саған тірек болсын.

Сен оған күң бол, ол да саған қызметші болсын.

Оны ешқашан ренжітпе, сонда ол да сені мұңайтпайды.

Одан алшақтама, сонда ол да сені ұмытпайды.

Саған жақындаса, сен де оған жақында.

Егер ол сенен қашса, сен де одан алыста.

Мұрыныңды, құлағыңды және көзіңді сақта:

ол сенен тек жақсы иіс сезсін,

тек жақсы сөз естісін,

тек жақсы нәрселер көрсін» деген екен. 

Осылайша дана ананың жүрек түбінен шыққан өсиеті қызға өмірлік бағдар болып, жаңа отауының берекесіне себеп болды. Түсінген жанға Әсмә ананың ақылы ғасырлар бойы ескірмейтін, бір қарағанда қарапайым секілді, ал бірақ астарына үңілсек, қай кезеңнің де қыз баласына үлгі бола білер мағыналы сөздер.

Аналарымыз аман болсын. Қыздарымыз бақытты болсын!

islam.kz

 

0 пікір