Отбасы – қоғамның кішкене бөлшегі. Отбасы ер адам үшін де, өмірі мен тіршілігінің, ар-ұятының қорғаны. Ол адамдардың маскасыз, шынайы өмір сүретін кішкентай кеңістігі. Адамдар қоғамдық ортада күні бойы түрлі рөлдерде ойнайды. Аркадий Райкин айтпақшы автобусқа мінсе – жолаушы, институтта оқыса – студент, жұмысқа барса – қызметкер, дүкенге кірсе – тұтынушы, театрға барса – қызметкер, дүкенге кірсе – тұтынушы, театрға барса – көрермен, емханаға бас сұқса – емделуші, осындай түрлі рөлдер кете береді. Рөл ойнамайтын, өзімен-өзі болатын жері тек отбасы ғана. Ер мен әйелдің боямасыз шын мінез-құлқы отбасында көрінеді. Олардың бір-бірін тәрбиелейтін жері де осы.
Отбасында ер мен әйелге ең қажеті – өз міндеттерін жетік білуі. Және міндеттерін біліп қана қоймай оны орындауға деген ынтасының болуы. Жауапкершілік бар жерде міндеттер сөзсіз орындалады. Жауапкершілік сезім төмендеген жерде отбасы іргетасы берік болмайды. Ол шаңыраққа түскен сызат. Халқымызда шаңырақтың иесі – ер адам. Жауапкершіліктің басым жүгі де сондықтан ер азаматтың мойнында. Шаңырақ иесі – сол ер-азаматтың міндеттері қандай? Олар мынандай:
Бірінші, бала-шағасын асырау.
Екінші, отбасын баспаналы ету.
Үшінші, бала-шағасын киім-кешекті ету.
Төртінші, әйелі мен балаларына имандылық тәрбиесін беру.
Біз ер адамның отбасына имандылық тәрбиесін беруі туралы бөлек әңгіме ететін боламыз. Ал еркектің бала-шағасын асырауы - оның ең бастапқы қасиетті борышы. Әйгілі Махамбет «Қара қазан, сары бала, қамы үшін қылыш сермедік» десе ол ұрпақ пен оны асыраудың қамын айтып тұрғаны. Ер адам некесін қидыртып, біреуді әйелдікке алған сәтте сол қосағы мен болашақ перзенттерін асырап, бағып-қағуды ерікті түрде мойнына алады. Солардың ертеңі үшін жауапты болады. Бар ғұмырын өмірінің ертеңгі жалғасы балаларына, олардың анасына арнайды. Еркектің отбасы алдындағы міндеттерінің маңыздылығы соншалық имандылық қағидаларында оған айрықша мән берілген. Мүмкіндігі бар болып тұрып бала-шағасын аш, жалаңаш қалдыруға болмайды. Пайғамбардың хадистерінің бірінде: «Жұмсалған шығындардың ішінде ең қайырлысы адамның өз бала-шағасына жұмсалғаны» делінген. Яғни ұл-қыздарына, әйеліне киім-кешек әперу, олардың талғамдық қажеттерін өтеу, көңілдерін аулау үй иесінің тілкелей міндеті.
Ер адам өз отбасын қолынан келгенше баспаналы етуге тиіс. Қазіргі нарық заманында баспана жасау да оңай емес. Алайда «әрекетте – берекет» демей ме, адам алдына нысана қойып ұмтылса түбінде дегеніне жетеді.