Сахаба Әбу Сәъидтан жеткен хадистее Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дұға жайында былай дейді:
عَنْ أَبِي سَعِيدٍ، أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: مَا مِنْ مُسْلِمٍ يَدْعُو بِدَعْوَةٍ لَيْسَ فِيهَا إِثْمٌ، وَلَا قَطِيعَةُ رَحِمٍ، إِلَّا أَعْطَاهُ اللهُ بِهَا إِحْدَى ثَلَاثٍ: إِمَّا أَنْ تُعَجَّلَ لَهُ دَعْوَتُهُ، وَإِمَّا أَنْ يَدَّخِرَهَا لَهُ فِي الْآخِرَةِ، وَإِمَّا أَنْ يَصْرِفَ عَنْهُ مِنَ السُّوءِ مِثْلَهَا.
«Әлдебір мұсылманның тілеген дұғасында күнә нәрсе сұралмаған болса және туыстық байланысты бұзар тілектер болмаса, Алла Тағала дұғасына (жауап ретінде) мына үш нәрсенің бірін береді:
1. Тілегені көп ұзамай орындалады. (Уақыты келгенде Алланың қалауымен тілегі жүзеге асып жатады).
2. Немесе тілеген нәрсесін ақыретке қалдыруы мүмкін. (Тілегені бұ дүниеде болмай жатса да, онысын ақыретте алуы мүмкін).
3. Не болмаса, дұғасына берілер сауабының көлеміндей күнәсі жуылады. (Немесе жасаған дұғасы себепті басына келуі ықтимал жамандық ұзақтатылады).
Аталмыш хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) кісінің жасаған дұғасының босқа кетпейтіндігін білдіруде.
Аллаға жасаған дұғаларымыздың міндетті түрде қарымтасы, жақсылығы болады. Ол жақсылық үш түрлі боп көрініс табады:
Сұрағаны бұ дүниеде беріледі немесе жасаған дұғасы сауап болып о дүниеде алдынан шығады, яки, ол адамның басына келуі ықтимал кесапатты дұғасы себепті бейтарап етеді. Осыған қатысты басқа бір хадисінде Алла елшісі (с.а.у.): «...Пенденің басына бәлекет келер-келмес, пенденің жасаған дұғасына кезігеді. Ол екеуі қиямет күніне дейін арпалысып өтеді»["әл-Мүстәдрак"], - дей келе, жасаған дұғаның түрлі кесапатты қайтаратындығын айтқан. Не болмаса, жасаған дұғасы үшін өмірде жіберген қателіктері мен анша-мұнша күнәларын кешіруі мүмкін. Қалай болғанда да мұсылманның дұғасы босқа кетпейді.
Сондықтан да, "дұғам қабыл болмай жатыр" деп, үмітсіздікке түспеу керек. Дұғаңыздың әйтеуір жақсылығы боларына сенген жақсы. Пайғамбарымыз бір сөзінде: "Дұғам қабыл болмай жатыр" деп асықпасаңдар дұғаларың қабыл болады", - деп ескерткен. (Имам Бұхари: "Сахих Бұхари").
Осы тұрғыда, күнә нәрсені сұрамау керектігіне де ишара етіліп отыр. Әлдебір күнә істің жүзеге асуын тілесек немесе жақындардың біріне кектеніп, оған жаман тілекте болсақ, Алла Тағала ол дұғамызға сауап жазбайды. Ондай дұғаларға аталмыш үш жақсылықтың қатысы жоқ.
islam.kz