Ислам дініндегі отбасы-ошақ қасы жағдайларына қатысты түзген әдеп қағидаларында, еразаматтың өз әйелімен жақсы қарым-қатынаста болуы керек делінеді. Алайда жақсы қарым-қатынас, тек әйеліне жапа шектірмеу ғана немесе онымен жақсы кезінде жақсы болып, жаман кезінде жаман болу деген сөз емес. Жақсы қарым-қатынас – әйеліңіздің кейбір келеңсіз мінезіне де сабыр сақтауды білдіреді. Мысалы, әйелі бір жағдайларға байланысты көңіл-күйі болмай, ренжіп, ашуланса, күйеуі ақайламай естілік танытып, сабыр сақтағаны жөн. Бұған Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірі үлгі.
Отбасы болғаннан соң, келіспеушілік және реніш болып тұратыны табиғи жайт. Пайғамбарымыздың да жұбайларымен келіспеушілікке түскен кездері болған. Алайда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) жұбайларының ренішін қалжынмен шешуге және жұмсақтықтып көрсетіп, сабырлық танытуға тырысқан. Бұған байланысты Пайғамбарымыздың өмірінен бір-екі мысал бере кетелік.
Бір кезінде Пайғамбарымыз бен жұбайы Айша анамыз сөзге келісіп қалады. Ортақ келісімге келе алмай, төрелігін берсін деп қыздың әкесі, әрі Пайғамбарымыздың досы Әзіреті Әбу Бәкірді шақырыпты. Әзіреті Әбу Бәкір келгенде, Пайғамбарымыз (с.а.у.) жұбайы Айшаға (р.а.):
- «Сен айтасың ба, әлде мен айтайын ба?» - дейді.
Айша болса (р.а.) ренжулі күйі:
- «Сіз айтыңыз, бірақ ақиқатын айтыңыз!» - деп оқыс айтып қалады. Қызының бұлай сөйлеуін дөрекілікке балаған әкесі Әзіреті Әбу Бәкір ашуланып:
-«Ей, шектен шығушы! Пайғамбар ақиқаттан басқасын айтушы ма еді?!» - деп, қызына қол ала жүгіреді. Айша анамыз Пайғамбарымыздың артына барып отырады. Сонда Алла елшісі, Әзіреті Әбу Бәкірге: «Сені бұл үшін шақырмадық (яғни, ұрсын деп шақырмадық) және сенен ондай нәрсені қаламаймыз!» - деген екен.
Тағы бірде, Айша анамыз күйеуінің, яғни, Пайғамбарымыздың кейбір сөзіне ренжіп қалады да, ашуланып:
- «Сен де өзіңді пайғамбармын дейсің, ә!» - дейді. Онысына Пайғамбарымыз (с.а.у) тек жымиып қана қояды. Кейін артынан жұбайына:
- «Сенің маған қашан ренжіп, қашан ренжімей отырғаныңды білемін» - дейді.
- «Оны қалай білесіз?» - деп сұрайды Айша анамыз.
- «Маған ренжулі емес кезіңде әңгіме айтып отырып әлдебір нәрсеге қатысты: «Әсте! Мұхаммедтің тәңіріне ант етемін!» дейсің. Ал қашан маған ренжулі болсаң «Ибраһимнің тәңіріне ант етемін!» дейсің» - дейді Алла елшісі (с.а.у.). Сонда Айша анамыз:
- «Рас айтасыз. Ренжісем, атыңызды айтпай қоямын» - деген екен.
Бір күні Айша анамыз Пайғамбарымызды өзге жұбайларынан қызғанады. Осыны сезген Алла елшісі (с.а.у.):
- Айша, саған не болды қызғанып? – деп сұрайды.
- Неге қызғанбайын? Мен сияқты әйелдің, сіз сияқты еркекті қызғанбауы мүмкін бе?! – дейді.
- Шайтаның келген екен ғой? – дейді Алла елшісі (с.а.у.).
- Менің шайтаным бар ма?
- Иә.
- Әр адамда бола ма?
- Иә.
- Сізде де ме, уа Расулалла?
- Иә. Бірақ Алла тағала оған қарсы маған жәрдем етті. Ол, маған бойұсынды (немесе мұсылман болды, оның азғыруынан дін аманмын), - дейді Пайғамбарымыз. (Сахих Муслим – 5040 хадис).
Осы хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзіне ренжулі жарын қалжын-шыны аралас сөздермен көңілін аулауға тырысқанын көруге болады.
Ендеше, зайыбы ренжіген кезде, онымен қоса ренжісу Алла елшісінің (с.а.у.) сүннетіне теріс іс екен. Ондай кезде, күйеуі естілік танытып, сабыр сақтағаны жөн немесе жай сөзбен ақылға шақырып, жұмсақтық танытқаны дұрыс. Қарап тұрғанымыздай, Исламда тек ері ашуланғанда ғана әйелі үндемеу керек деген қағида жоқ екен. Күйеуі де әйелінің мінезіне сабыр сақтап, ренжіген кездерінде немесе ашуланған кездерінде байсалды қалпын сақтай білуі тиіс екен. Бұлай істеу - сүннеттен болмақ.
Алла тағала барша отбасыға баяндылық нәсіп етсін!