Бисмилләһир рахманир рахим
Бірде дін уағызшысынан біреу «махаббат харам ба, халал ма?» деп сұрады. Сонда ол: «Халал махаббат - халал. Харам махаббат - харам» деп жауап берді. Әрине мұндай жауапты тапқырлық немесе ешкімге белгісіз сыр деп айтпас едім. Бірақ ондай сауалдың тоқ етері осы еді.
Дінімізде халал нәрселер белгілі, харам нәрселер де белгілі, ал ол екеуінің арасында күмәнді нәрселер бар, оны тек ғалымдар ғана біле алады. Күйеуінің әйелін, әйелі күйеуін немесе жігіт қалындығын, қалындығы жігітін жақсы көруі - белгілі халал түрінен. Ал ер адамның өзгенің әйелін жақсы көріп қалуы - белгілі харам түрінен.
Біреудің әйелін жақсы көру - біреудің әйелінің көңілін алдандырып, ойын бұзады, оның күйеуіне суытады. Мұндай махаббаттың арты - әйелдің күйеуіне қиянат жасауына алып келуі мүмкін. Қиянатқа алып келмесе де, оның өмірін бейберекет күйге ендіріп, ерлі-зайыптылық өмірінің тынышын бұзады. Біреудің әйелін күйеуіне суытқан адамға қатысты Пайғамбарымыз (с.а.у.):
«ليس منا من خبب (أي أفسد) امرأة على زوجها»
«Кім өзгенің әйелінің күйеуіне деген көңілін бұзса, ол бізден емес» деген болатын.
Күйеуі бар әйелдің басқа бір еркекті жақсы көріп қалуы да осындай нәтижелерді тудырады. Жатса-тұрса соны ойлап, өзінің некелі жарына көңілі толмай, оған суып, көңілі ұзақтай береді. Оның арты шариғатта харам болып саналатын қарым-қатынастарға алып келеді. Атап айтқанда, оған қарау, онымен оңаша қалу, кездесу деген сияқты. Ал бұндай істер өз кезегінде үлкен күнәға жетелері сөзсіз, яғни, күйеуінің көзіне шөп салу күнәсіна. Тіпті, мұндай тірлікке бармаған күннің өзінде, әйелдің басы қатып, жаны қиналып, жүйкесі жұқарады және нәпсісінің жетегінде кетіп, қараптан қарап отбасылық өмірі лайланады.
Қасиетті Құран Кәрім бізге бір жас жігітті жақсы көріп қалған отбасылы әйелдің оқиғасын баяндаған. (Юсуф сүресі). Оның ол махаббаты оны құдайға да, адамға да жақпайтын әбес тірліктерге итермелеген еді. Ол әйел - мысыр билеушісінің әйелі болатын. Ал жігіт деп отырғаным - Юсуф пайғамбар.
Әйел сұлу жігітті, яғни, жас Юсуф пайғамбарды түрлі жолмен өзіне қаратуға тырысты. Оған деген сезімін ашықтан ашық білдірді. Тіпті жігіт ыңғай танытса күйеуінің көзіне шөп салуға дейін дайын болды. Алайда, көңілі кіршіксіз және ойы кіршіксіз болған пәк жігіт, сұлу әйелдің қалауына көнбеді, сонда ызаланған әміршінің әйелі оған жала жауып, түрмеге қаматады. («Юсуф» сүресі, 32 аят)...
Зина ісі Исламда ауыр күнә, үлкен азғындық болып саналады, әсіресе, отбасылы адамдардың ондай күнәға барулары екі есе күнә болмақ. Сондықтан да, отбасылы адамдарға тағайындалған зина жазасы, бойдақтарға берілетін жазаға қарағанда ауыр. (Отбасылы адамның зина жазасы - тас боран етілу, ал бойдақтардікі - жүз дүре).
Ендеше әйел кісі өзінің Құдай қосқан жарына ғана жүрегін арнап, одан өзгеге көзін сүзбеуі тиіс. Әйел кісі барынша күйеуіне құштарлығын аударып, түрлі бүліктердің есіктерін жапқаны дұрыс. Шайтанның азғыруына жол бермеуі тиіс. Егеряки, біреуге деген сезім оты тұтана қалса, алауламай тұрғанда өшіріп тастауы ләзім. Ол үшін оны көрмей, онымен сөйлеспей т.б. осы сияқты оған деген сезімді қайта тұтатар әртүрлі алғы шарттардың көзін жою тиіс. Мақалда айтылғандай: «көзден жырақ болған, көңілден де жырақ болады».
Сондай-ақ, өзін бір нәрселермен шұғылдандырып, бос уақыт қалдырмауы тиіс. Бос уақыты көбейген сайын көптеген әбес тірліктер де ойға келе береді. Одан кейін, Құдайға жалбарынып, өзгеге деген сезімді көңіленен алып тастап, оның орнына күйеуіне деген сүйіспеншілікті орнықтыруын сұрауы тиіс. Бұған көмектесер мына бір дұғаны жиі оқып жүргені абзал:
«Аллаhумма, уәффиқ бәйни уә бәйнә зәужи уәжмәъ бәйнәнә ъалә хайрин! Аллаhуммаж-ъальни қуррата ъайнин ли зәужий уәжъалһу қуррата ъайнин лий уә асъиднә маъә баъдинә! Уәжмәъ бәйнәнә ъалә хайрин. Аллаhуммаж-ъальний ли-зәужий кәмә юхиббу, уәж-ъальһу лий кәмә Ухиббу! Уәж-ъәлнә ләкә кәмә тухиббу! Уарзуқнәз зурриятәс солихатә кәмә нухиббу уә кәмә тухиббу!»
اَللَّهُمَّ وَفِّقْ بَيْنِي وَبَيْنِ زَوْجِي وَاجْمَعْ بَيْنَنَا عَلَى خَيْرٍ. اَللَّهُمَّ اجْعَلْنِي قُرَّةَ عَيْنٍ لِزَوْجِي وَاجْعَلْهُ قُرَّةَ عَيْنٍ لِي وَأَسْعِدْنَا مَعَ بَعْضِنَا وَاجْمَعْ بَيْنَنَا عَلَى خَيْرٍ. اَللَّهُمَّ اجْعَلْنِي لِزَوْجِي كَمَا يُحِبُّ وَاجْعَلْهُ لِي كَمَا أُحِبُّ وَاجْعَلْنَا لَكَ كَمَا تُحِبُّ. وَارْزُقْنَا الذُّرِّيَةَ الصَّالِحَةَ كَمَا نُحِبُّ وَكَمَا تُحِبُّ
«Уа, Алла Тағалам! Менімен күйеуімнің арасында үйлесімділік жарат. Екеумізді жақсылықта бірлестір. Уа, Алла Тағала! Мені күйеуіме көзайым ет. Оны да маған көзайым ет. Бірімізді, екіншімізбен бақытты ет және бізді жақсылықта бірлестір. Уа, Алла Тағала! Мені күйеуімнің қалауына сай ет, әрі ол да менің қалауыма сай болсын және екеумізді де сенің разы болатындай пенделерден ет! Екеумізге біз разы болатындай және Сен разы болатындай салиқалы перзент сыйла!» Әмин!
Алла Тағала отбасыларыңызға баяндылық берсін!
Абдусамат Қасым