Отбасы-адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде, есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болмаса да отбасының адамзат ұрпағына ықпал мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсені еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды.
Шариғатымыз бойынша отбасы мүшелерінің бір-біріне қатысты ақылары бар. «Ақы» деген ұғымды қалай түсінеміз? «Әкенің ақысы», «баланың ақысы» деген ұғымдар қазақ мәдениетінде әбден қалыптасқан. Сол секілді ер адамның да әйелінен алар ақылары бар. Оны әйелдің күйеуінің алдындағы міндеттері деп те атауға болады. Соның бірі – күйеуіне бойсұну. Әңгіме осы тақырып туралы болмақ...
Ең алдымен әйел күйеуінің өзінен бір саты жоғары тұратынын мойындауға міндетті. Қасиетті Құранда: «Ер адамдар әйелдерге жауапты, әрі билеуші», – деген аят бар. («Ниса» сүресі, 34-аят).
Ендеше, жанұяда әйелі күйеуіне бағынуы керек. Бұл шариғат талабы. Бір күні бір әйел ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың Елшісі, менің күйеуімнің алдында қандай міндеттерім бар?» деп сұрады. Сонда сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оған бағынады, қарсы келмейді. Оның рұқсатынсыз үйінен ешбір нәрсені садақа етпейді. Нәпіл ораза ұстағысы келсе, міндетті түрде оның рұқсатын алады. Ол оны түйенің үстінде отырған жерінен шақырса да, өзін ұстап қалмайды (яғни сұрағанын береді). Оның рұқсатынсыз үйінен шықпайды. Егер де рұқсатсыз шығып кетсе, онда ол үйіне қайтып келгенге дейін оны аспан періштелері де, жер періштелері де, ашу періштелері де, рахым періштелері де қарғап, лағынетін жаудырып тұрады»,- деп жауап қайырды.
Міне, осы бір хадистің астарында үлкен береке жатқанын бүгінгі қоғамда әркім ұғына алмайды. Тіпті кейбіреулер: «Бұл дегенің барып тұрған қанаушылық, әйелді құл қылу ғой» деп қалуы да ғажап емес. Алайда, байыбына барған адам бұл айтылғандар ер үшін де, әйел үшін де бақыттың көзі екенін түсінеді. Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде: "Отбасы – шағын мемлекет, Мен – президент, сен – премьер" дегені бар. Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттік өз басқару жүйесі әртүрлі болады. Осы сияқты әр отбасының өз тактикасы, басқару жүйесі болады. Бірақ, сол тактика мен жүйе Құран мен сүннет қойған ереже бойынша болса – бақыттымын деп есептей бер. Алла Тағала әйел адамның бақытын « еріне бағынуға» жасырып қойған. Әйелдер қауымы бұған бей-жай қарамаулары керек. Жанұяның көп проблемасы, әйелдің күйеуге бағынбағанынан, өзімбілемдікке салынғандығынан, үйдегі нәрсені рұқсатсыз бергеннен туындайды.
Әйел заты өз еріне игі істерде бағынуы міндет екенін жоғарыда айттық. Бірақ, ер адам өз әйелінен шариғат үкімдеріне қайшы келетін, діни және адамгершілік көзқарасқа, ұғымға сыймайтын істерді орындауын талап етсе, оны күнәлі істерді қолымен істеуге немесе ондай істерге себеп болатын жағдайларға бағыттаса, онда ол ерінің аталмыш талаптары мен бұйрықтарын орындаудан бас тарта алады. Мысалы, намазды тәрк ету немесе уақытынан кешіктіріп орындауын, парыз болған рамазан оразасын еш себепсіз (мысалы, бала емізу, етеккірі келу, науқастану т.б.) тұтпауын бұйыруы және оны ұрлыққа жұмсау, ғайбат сөз айтып, өсек тасу секілді күнәлі істерге итермелеу. Өйткені, шариғат бойынша тыйым салынған нәрселерді бір адамның ризалығын алу мақсатымен екінші бір адамның орындауы халал емес. Сондықтан, бойұсынудың игі және рұқсат етілген істерде болуы, яғни дін бойынша харам болған, Алланың тыйым салған істерінің қатарынан болуы керек. Мысалы, хадистен дәлел келтірер болсақ. Айша анамыз (Алла оған разы болсын) жеткізген риуаятта, бір ансарлық әйелдің өз қызын тұрмысқа бергені және қызының шаштары түсіп қалуына байланысты шаш жалғау туралы пәтуә сұрау үшін келгені айтылған. Ол әйел: « Расында, күйеу балам қызыма шаш жалғауымды бұйырды»,- дейді. Сол кезде Алла едшісі (с.ғ.с.): «Жоқ, расында, шаш жалғаушы – лағынеттелген», - деді. ( Сахих Бухари 5205, Сахих Муслим 2123).
Әрқашанда күйеуге бойұсынуды бұйырып және соған тшақырып жүрген Алла елшісі (с.ғ.с.), күнәлі істе бағыну жоқ екенін осы сөзі арқылы білідіріп отыр. Бұл да, шариғаттың әділдігін ишара етір тұр. Басқа бір Әли ибн Әбу Толибтен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла елшісінің: «Бағыну – тек рұқсат етілген амалдарда ғана болады»,- дегені бар. (Бухари 7145, Муслим 1840).
Хафиз ибн Хаджар Асқаляни (Алла рақым етсін) өзінің «Сахих Бухариға» шарх (түсіндірме) ретінде жазылған «Фәтхул Бәри» аты кітабында (9/304): «Егер күйеуі әйеліне күнәлі істі жасауға бұйырса, әйелі оған бағынбауы тиіс. Ал егер, күштеп, мәжбүрлесе, күнә күйеуіне болады», - деген.
Сабырғалиев Нұрлыбек,
Ақтөбе облысы Темір ауданы
«Шұбарқұдық кәсіпшілігі» мешітінің имамы