Әйелдері арасында теңдікті сақтау туралы
Әйелдері арасында теңдікті сақтау туралы
3 сағат бұрын 183 islam.kz/
Дайындаған А. Қасым
«Егер әйелдеріңе әділ бола алмаудан қорықсаңдар, біреумен шектеліңдер!»

Бұл мәселенің жалпы мәні мынада: ер адам бір ғана әйелмен үйленуі мүмкін немесе бірнеше әйел алуы мүмкін. Егер оның бірнеше әйелі болса, ол олардың арасында:

  • қасына түнеу кезегінде,
  • нәпақа беру
  • және киім-кешек мәселелерінде әділдік сақтауға міндетті. Яғни, осы істерде әйелдерінің бәріне тең қарауы уәжіп болады.

Тіпті ер адамның некесінде екі азат әйел немесе екі күң болса да, ол ас-су, сусын, киім-кешек, баспана және қасында түнеу мәселесінде олардың арасында теңдікті сақтауы тиіс.

Бұған Алла Тағаланың мына аяты дәлел:

«Егер (араларында) әділ бола алмаудан қорықсаңдар, онда біреумен ғана шектеліңдер!».
(«Ниса» сүресі, 3-аят)

Бұл бұйрық Алланың:

«Өздеріңе ұнаған әйелдерден екеу, үшеу және төртеуден некелеңдер»-

деген сөзінен кейін келген. Яғни, егер екі, үш немесе төрт әйел алған жағдайда қасында түнеу кезегі мен нәпақада әділ бола алмаудан қорықса, онда бір әйелмен ғана шектелу бұйырылған.

Осы аятта бірнеше әйел алуды қалаған мұсылманға, егер әділдік орната алмаймын деп қорықса, бір әйелмен ғана некелесуді Алла Тағала нұсқап отыр. Аяттағы «қорықсаңдар» деген сөз уәжіптікке ишара етеді. Өйткені адам тек міндетті істі орындамаудан ғана қорқады. Демек, бұл — әйелдер арасында түнеу мен нәпақада әділ болудың уәжіп екеніне дәлел.

Аяттың соңында Алла Тағала:

«Бұл – әділетсіздік етпеулеріңе ең жақыны»-  

дейді. Мұндағы «таъулу» сөзі «қиянат жасау, әділетсіздік ету» деген мағынаны білдіреді. Ал қиянат — харам. Сондықтан әйелдері арасында әділдік сақтау міндетті түрде уәжіп болмақ.

Өйткені Алла Тағала жалпы түрде:

«Шын мәнінде, Алла әділдікті және жақсылықты бұйырады»

деп бұйырған. («Нахл» сүресі, 90-аят). Бұл бұйрықтың тек арнайы дәлелмен шектелген жағдайлардан басқа барлық іске қатысы бар.

Әбу Қиләбәдан жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйелдері арасында әділдік танытатындығы айтылады және Ол (с.а.у.) Раббысына былай деп дұға етеді екен:

«Уа, Алла! Бұл — менің қолымнан келген бөлісім осы. Ал Өзiң иелік етіп, мен иелік ете алмайтын нәрседе (жүрек қалауында) мені айыптама».

Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.у.):

«Кімнің екі әйелі болып, біреуіне ғана көбірек илтипат танытса, қиямет күні бір жағы қисайған күйде келеді» - деген.

Қасына түнеу кезегін сақтау

Қасына түнеу кезегінде бойжеткен мен бұрын тұрмыста болғаны, жас пен кәрісі, алғашқы жары мен кейін қосылғаны, сондай-ақ мұсылман әйел мен кітап иесі (яһуди немесе христиан) болған әйелі -  бәрі тең, ешкімді бөліп жармай, араларында теңдікті сақтауы тиіс. Өйткені бұл мәселедегі дәлелдер ешқандай айырмашылық жасамай, жалпы түрде келген.

Кезектің уәжіп болу себебі — неке. Ал барлық әйелдер некеде тең болғандықтан, кезек мәселесінде де тең болмағы ләзім.

Алла Тағала некелі әйелдердің санын шектеді, өйткені олардың саны артқан сайын әділетсіздік қаупі күшейеді. Ал күңдерге сан жағынан шектеу қоймады. Бұл — олар үшін түнеу кезегі уәжіп еместігін көрсетеді. Себебі кезек міндеттелсе, әділетсіздік қаупі туар еді. 

Сонымен қатар, кезектің уәжіп болу себебі — неке, ал күңдерде неке жоқ.

Егер ер адамның бір азат әйелі және бір некелі күңі болса, азат әйелге екі күн, күңге бір күнін арнайды. Әлиден (р.а.) жеткен риуаятта:

«Азат әйелге кезектің үштен екісі, күңге үштен бірі тиесілі» - делінген.

Сондай-ақ, азат ер адамға төрт әйелге дейін алуға рұқсат етілген, ал құлға екі әйелден артық алуға рұқсат жоқ.

Алайда бұл айырмашылық тек түнеу мен баспанада ғана. Ал ас-су мен киім-кешекте азат әйел мен күң тең ұсталады, өйткені бұл — өмірлік қажеттіліктер.

Ал мұсылман әйел мен кітап иесі болған (христиан не яһуди) әйел бұл тұрғыда (түнеу кезегі тұрғысында) теңдік сақталуы тиіс.

Науқас адам да, сау адам сияқты, әйелдері арасында кезек сақтауға міндетті. Бұған Пайғамбарымыз (с.а.у.) соңғы ауруында әйелдерінен Айша анамыздың (р.а.) үйінде қалуға рұқсат сұрағаны дәлел. Егер ауру кезінде кезек міндетті болмаса, рұқсат сұраудың мәні болмас еді.

Сапарға шығарда кезекті сақтау шарт па?

Ал ер адам сапарға шыққанда әйелдері арасында кезек сақтау міндеті жүктелмейді. Тіпті сапарға бір әйелін ертіп шыққан жағдайда, сапардан оралған соң екінші әйелі сапар уақытына тең мерзімді түнеу кезегінде қолдануды талап ете алмайды. Себебі сапар уақыты «жоғалған уақыт» болып есептеледі. Ер адамның жалғыз өзі сапарға шыға алуы бұған дәлел. Дегенмен, әйелдердің көңілін тыныштандыру үшін сапарға қайсысын алып шығатынын жеребе арқылы анықтағаны — абзал іс. Пайғамбарымыз (с.а.у.) да солай істейтін.

Түнеу кезегін сыйлау

Егер әйел өз кезегін күйеуінің өзге әйеліне (күндесіне) беруге немесе одан бас тартуына рұқсат. Себебі бұл — оның өз құқығы. Сауда бинт Замъа (р.а.) жасы ұлғайғанда өз кезегін Айша анамызға (р.а.) бергені риуаят етілген. Осыған байланысты:

«Егер әйел күйеуінің безінуінен немесе бет бұруынан қорықса, екеуінің келісуінде күнә жоқ. Келісім — қайырлы» деген аят түскен. («Ниса», 128).

Егер әйел кейін өз кезегін қайта талап етсе, оған бұл құқық қайтарылады. Себебі бұл тек уақытша рұқсат болатын.

Кезегін саудалау

Ал егер кезекке қатысты әйелдерінің бірі еркекке ақша немесе мал-мүлік ұсынса, бұл — рұқсат етілмейді және алынған нәрсе қайтарылады. Өйткені бұл — біршеті пара беру, екіншіден, құқықты саудалау болып саналады. Сондай-ақ, ер адам да әйелдерінің біріне кезегінен бас тарту үшін ақша ұсынуына болмайды. Және де әйелдерінің арасында да ақшаға келісіп, кезегін сату деген болмайды, күнә іс.

Жалғыз әйелі болса

Бұл үкімдердің барлығы ер адамның екі немесе одан көп әйелі болған жағдайға қатысты. Ал егер оның бір ғана әйелі болса, онда арнайы күн онымен өткізер күнді белгілеу мәселесінде ғалымдар арасында пікірталас бар.

Имам  Құдури мен әл-Хасан ибн Зиядтың Әбу Ханифадан жеткізген бір риуаятта былай делінеді: егер ер адам әйеліне көңіл бөлмей, бар уақытын ораза ұстауға, намаз оқуға немесе сатып алған күңімен айналысуға арнаса, онда ол әйеліне әр төрт күннің бір күнін және әр төрт түннің бір түнін бөлуге міндеттеледі (яғни, ең аз әр төрт күнде бір әйеліне арнауы тиіс). Ал қалған үш күн мен үш түнді құлшылығына немесе өз істеріне арнай алады.

Имам Тахауи де осы пікірді ұстанған. Ол (р.а.) бойынша, ер адам әйелінің жанында болатын бір күнді нақты белгілейді, ал қалған үш күн мен түнді ғибадатқа немесе жеке шаруаларына жұмсайды.

Бұл пікірдің негізі Мұхаммедтің «Неке» кітабында келтірілген мына оқиғаға сүйенеді:
Бір әйел күйеуін Омарға (р.а.) шағымдап келіп, оның күндіз ораза ұстап, түнде намаз оқумен шектен тыс айналысатынын айтады. Омар (р.а.):

— «Күйеуіңді жақсы мақтап тұрсың ғой», — дейді.

Сонда Қағб (р.а.):

— «Уа, мүміндердің әмірі! Бұл әйел мақтап тұрған жоқ, күйеуінің үстінен шағымданып тұр», — дейді.

Омар (р.а.):

— «Қалайша?» — деп сұрағанда, Қағб:

— «Егер ол күндіз ораза тұтып, түнде намаз оқыса, әйеліне қашан уақыт бөледі?» — дейді.

Содан кейін Омар (р.а.) Қағбқа:

— «Араларына үкім бер!» — дейді.

Қағб (р.а.):

— «Мен бұл әйелді төрт әйелдің бірі деп ойлаймын. Күйеуі үш күн ораза ұстап, бір күн әйеліне арнасын», — деп үкім шығарады.

Бұл үкім Омарға (р.а.) ұнап, ол Қағбты Басра қаласының қазысы етіп тағайындайды.

Алайда Мұхаммед бұл оқиғаны «Неке» кітабында келтіргенімен, осы пікірді өзі ұстанатынын ашық айтпаған.

Ал Жассас бұл пікір біздің мәзһабтың (ханафи) негізгі көзқарасы емес дейді. Оның себебі мынада: түнеу кезекке байланысты бәсекелестік бірден көп әйел болғанда ғана туындайды. Ал ер адамның басқа әйелі болмаса, бәсекелестік жоқ, сондықтан арнайы кезек белгілеу де міндетті емес. Бұл жағдайда ер адамға тек: «Оразаны да, намазды да үздіксіз жалғастыра бермей, әйеліңнің құқығын толық орында» деп ескерту жасалады, бірақ нақты уақыт мөлшері белгіленбейді...

Бұл мәселедегі көзқарас қайшылықтары Әбу Ханифадан жеткен әртүрлі риуаяттарда және Жассастың еңбектерінде баяндалған.

Алла Тағала — ең жақсы Жәрдемші.

Бұл мәліметтер Ханафи ғұламасы Имам Кәсәнидің, «Бәдәиъус Санаиъу» атты фиқһ кітабынан ықшамдап аударылды.

0 пікір