Еріне қатысты шағым айту – әйелдің жақсы көретін ісінің бірі. Туысқандардың немесе екі-үш әйелдің басы қосыла қалса, ең тәтті тақырыптың біріне айналады. Негізінде, шағымданудың ар жағынада «күйеуім маған артығырақ көңіл бөлсе екен» деген қажеттілік, арман- тілек жатыр.
Екінші, шағымданудың ар жағында әйел кісінің ерін өзі қалағандай өзгерткісі келетіні тағы бар. Асылында, әйел адам ерінің кемшіліктерін жасыру, толықтыру арқылы құрметке бөленеді. Әйел кісі еріне бойындағы кемшілігін саналы түрде өзінің дұрыстауына жағдай тудыруы қажет. Босқа шағымданып кемшілікті бетке баса беру түбі жақсылыққа апармайды. Себебі әр адам өзін басқаның түсінгенін қалайды. Ең дұрысы – ерінің табиғатын түсіну арқылы оның разылығын алуға күш жұмсау.
Есте сақтаңыз:
– Күйеуіңіздің кемшілігін сыртқа шығарудан барынша сақ болыңыз. Мұны шариғатымыз да құптамайды.
– Көп шағымдана бермеңіз. Қолыңыздан келетін мәселені өзіңіз-ақ шеше салыңыз.
– Әр істі күйеуіңіздің мойнына жүктеуді әдетке айналдырып алмаңыз.
– Күйеуіңізді бар кемшілігімен қабылдай біліңіз. Кешіріммен қараңыз және сол кемшіліктерден құтылуға көмектесіңіз.
– Күйеуіңіздің назарын үнемі өзіңізге қарата бермей, бір мезгіл өз-өзімен болуына да мүмкіндік беріңіз.