Зина ісі – ауыр күнә. Исламда зина жасап тәубеге келмеген кісінің ақыреттегі жағдайы тым ауыр. Зина ісі үлкен күналар қатарынан саналады.
Шариғатта зинаны екі түрге бөліп қараған:
-
Бірі – әурет жердің зинасы. Бұл - іс жүзінде зина жасауды білдіреді. Үкімі – үлкен күнә.
-
Екіншісі – ағзалардың зинасы. Бұл – үлкен зинаға апаруы ықтимал болған алғы шарттар. Үкімі – кіші күнә. Бұлардың күнәсі нағыз зинадан жеңілдеу болғанымен, жиілеуі - ауыр күнәға алып келеді. Бұлар – үлкен күнәға апаратын баспалдақтар.
«Ағзалардың зинасына» нелер жатады? - деген сұраққа Пайғамбарымыздың (с.а.у.) асыл сөздерінен жауап іздеп көрелік:
Бірінші хадис
العينُ تَزني والقلبُ يَزني فزِنا العينِ النظَرُ وزِنا القلبِ التمَنِّي والفَرجُ يُصَدِّقُ ما هُنالِكَ أو يُكَذِّبُه
«Көз зина жасайды, жүрек те зина жасайды. Көздің зинасы – сұқтанып қарау, жүректің зинасы – (құмарланып) дәмету. Әурет мүшесі бұл айтылғандарды не іспен растайды, не оларды өтірікке шығарады».
(хадистің тізбегі «сахих»)
Екінші хадис
عن ابنِ عَبَّاسٍ، قال: ما رَأيتُ شيئًا أشبَهَ باللَّمَمِ، ممَّا قال أبو هُرَيرةَ: عَنِ النَّبيِّ صلَّى اللهُ عليه وسلَّم: إنَّ اللهَ كَتَبَ على ابنِ آدَمَ حَظَّه مِنَ الزِّنا، أدرَكَ ذلك لا مَحالةَ؛ فزِنا العَينِ النَّظَرُ، وزِنا اللِّسانِ المَنطِقُ، والنَّفسُ تَمَنَّى وتَشتَهي، والفَرجُ يُصَدِّقُ ذلك أو يُكَذِّبُه.
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді:
«Мен Әбу һурайраның Пайғамбарымыздан (с.а.с.) жеткізген мына сөзінен артық (аятта айтылған) «ләмәмға» (кішігірім күнәларға) ұқсайтын ештеңе көрмедім: «Расында, Алла Тағала әрбір адам баласының зинадан алар үлесін жазып қойған. Ол сол үлесіне міндетті түрде ұшырасады: көздің зинасы – (харамға) қарау, тілдің зинасы – (құмарлықпен нәпсәни сөздер) сөйлеу. Нәпсі соны көксейді әрі құмартады. Әурет мүшесі болса бұны не растайды, не өтірікке шығарады».
(«Сахих Бұхари»).
Түсіндірме:
Алла Тағала бұл дүниеде адамдарды бекер жаратқан жоқ. Оларды сынау, тексеру үшін жаратты. Кім Раббысына бойсұнып, нәпсісіне қарсы тұрса – оның сыйы ақыретте жәннат болмақ. Ал кім Раббысына қарсы шығып, нәпсісінің жетегінде кетсе – ол тозақ иелерінен болады.
Екінші хадисте Абдулла ибн Аббас (Алла оған разы болсын) Құрандағы «ламам» ұғымын түсіндіреді. «Ламам» – адамның кейде нәпсісіне еріп, жасап қоятын ұсақ күнәлары. Бұл ұғым Алла Тағаланың мына аятында келеді:
«Олар үлкен күнәлар мен арсыз істерден сақтанады, тек болмашы күнәлардан (ламамнан) басқа. Расында, Раббыңның кешірімі кең» (Нәжм сүресі, 32-аят).
«Ламам» сөзінің түбірі – бір нәрсеге уақытша бейім болу, бірақ тұрақты түрде істемеу дегенді білдіреді. Яғни адам кейде сүрініп қалады, бірақ оны әдетке айналдырмайды.
Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) осы ұғымға ең жақын түсіндірме ретінде Пайғамбарымыздың (оған салауат пен сәлем болсын) Әбу Һурайра жеткізген хадисін келтіреді.
Бұл хадисте айтылғандай, Алла Тағала әрбір адамға зинадан белгілі бір үлес жазып қойған. Бұл – міндетті түрде адамның басынан өтетін сынақ. Бірақ бұл адам мәжбүр деген сөз емес. Керісінше, ол өз таңдауы арқылы істейді.
1) Хадисте айтылған «тағдырдағы үлес...» сөзін былай түсінуге болады: Адам баласының пешенесіне зинадан алар белгілі бір үлесі жазылған – үлкен зинаға бармаса да, зинаның екінші түріне болса да пенденің көбі барып қояды деген сөз. Бұл – адамның еріксіз көз салып қалуы немесе ойына бір сәт арам ойдың кіріп кетуі секілді пендешілік табиғатының көрінісі. Бірақ бұл «күнә жасауға рұқсат» деген сөз емес, керісінше, сол алғашқы қадамнан сақтандыру деп түсінген жөн.
2) Хадистің: «Әурет мүшесі мұны не растайды, не өтірікке шығарады» деген сөзі маңызды. Егер адам көзімен қарап, көңілімен қалап тұрса да, ақырында іс жүзінде үлкен күнәға бармай, бойын аулақ ұстаса – ол адам жеңіске жеткені, оның көңілмен қалаған күнәсі кешіріледі. Ал егер әлгі ойын іспен дәлелдеп, зинаға барса – бұл ауыр күнәға айналып, жауабы ауыр болмақ.
3) Мүшелердің зинасы. Мұны адам бойындағы пендешілік сезімдер мен күнәға бастайтын алғашқы қадамдар деп айтуға болады:
-
Көз бен тіл: Күнәнің есігі іспетті. Бөгдеге сұқтану немесе тыйым салынған жандармен нәпсіні қоздыратын, ләззат алатындай ерсі сөздер айтып, тілдесу – зинаның бастапқы сатылары.
-
Көңіл мен нәпсі: Іштей қиялдау мен құмарту арқылы күнәні пісіріп, жетілдіреді.
-
Әурет мүшесі: Шешуші нүкте. Егер адам бойын тежеп, үлкен күнәдан тыйылса, әлгі істері «кішігірім қателік» (ләмәм) болып қалады. Ал егер арам іске барса, ол нағыз зинаға – ауыр күнәға айналады.
Бұл хадистер мұсылманды әрбір мүшесінің тазалығына, әсіресе көз бен көңілдің амандығына бекем болуға шақырады.
Бұл хадис мұсылманды кіші күнәлардан сақтануға шақырады. Өйткені үлкен өрт – кішкентай ұшқыннан басталады. Көзді харамнан тыю – иманның бекемдігі, ал көңілді арамнан тазарту – тақуалықтың белгісі.
Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!