Үзір иесі дегеніміз, кіші дәретін немесе үлкен дәретін, яки, желін ұстай алмайтын немесе истихаза қаны келіп тұратын, не болмаса, бір жері ауырып (мысалы, құлағы, көзі, жарақаты) содан су, қан, ірін, сары су ағып тұратын кісі.
Үзір иесінің шарты
Шариғи тұрғыда «үзір иесі» атану үшін бойындағы үзірі бастапқыда - бір парыз намаз уақыт бойы тоқтамауы керек (аз бір сәт тоқтауы үкімді өзгертпейді). Одан кейінгі уақыттары бір намаз уақыт ішінде бір рет көрінуі үзірдің жалғасып жатқандығының белгісі.
Үзірдің тоқтағандығының белгісі
Үзірдің тоқтағандығының белгісі - бір намаз уақыты бойы еш белгісінің көрінбеуі. Егер бір рет көрінсе үзірдің тоқтамағандығының білдіреді.
Үзір иесі үзірі байқалғаннан кейін уақыты кірген намазының уақытының ақырғы бөлігіне дейін кідіреді. Егер тоқтамаса дәрет алып намазын оқиды. Егер келесі намаз уақыты ішінде үзірі тоқтап қалса, оқыған алдынғы намазын қайтадан оқиды (қазасын оқиды), ал келесі намаз уақыты бойы тоқтамаса, қайта оқымайды, өйткені ол жағдайда үзірі көрінген уақыттан бастап келгендігі нақтыланған болып отыр.
Үзір иесінің дәреті
Үзір иесі әр уақыты кірген намаз үшін дәретін жаңалап отыруы керек. Және алған дәреті келесі намаз уақытына дейін жарамды, егер басқалай дәрет бұзылатын жағдай орын алмаса, сол уақыт ішінде өзге де намаздарды оқи алады.
Үзір иесінің киімі
Үзір иесі үзірі себепті былғанған киімін жуғаннан кейін, намаз оқып боламын дегенше бәрібір былғанатындай күйде болса, жуудың пайдасы жоқ, сондықтан, сол күйімен оқи береді, оған кешірім бар. Ал бір рет жуғаннан кейін намаз оқып болғанша былғанбайтын болса, онда нәжіс тиген жерді жуу керек, онда да тиген нәжістің көлемі алақан ойығындай көлемде болса, одан аз болса жуу шарт емес.
Үзір иесі мәсі кие ала ма?
Үзір иесі мәсі киер болса, оның мәсісі келесі намаз уақытына дейін ғана жарамды, келесі намаз уақыты кірісімен мәсісін шешіп аяғын жууы керек. Үзір иесінің мәсісі тек бір намаз уақытқа жарамды.
Үзірі тоқтаса
Үзірі тоқтағаннан кейін алған дәреті - егер үзірі мүлдем байқалмаса, келісі намаз уақытында алған дәретін жаңартуы шарт емес, ол үзірі тоқтағаннан кейін дәретін алған болып отыр. Ал келесі намаз уақыты кіргеннен кейін үзірі байқалса немесе басқалай дәреті бұзылса, әрине дәретін жаңалайды.
Үзірі тоқтаған кісі, басқа дәрет бұзатын жағдай үшін дәретін алғаннан кейін, үзірі қайта жалғасса, алған дәретін жаңалауы тиіс, өйткені оны үзірі себепті алмаған еді.
Үзірлі кісі (үзірі тоқтамаған кісі) басқа дәрет бұзатын жағдай себепті дәретін жаңалайтын болса, ол дәретті үзірі бұзбайды. Мысалы, жарақатынан қан ағып тұрған үзір иесі, кіші дәретке шығып келгені үшін дәрет алса, ол алған дәреті жарақатынан аққан қан себепті бұзылмайды, келесі намаз уақыты кіргенге шейін немесе басқалай дәрет бұзғанға шейін жарамды.
Үзір иесінің имамдығы
Үзір иесі тек өзі секілді үзір иесіне имам бола алады. Сау адамға немесе өзінікінен бөлек үзірге ие кісіге имам бола алмайды, мысалы, үзірі зәр тоқтамау болса, бұл кісі жарақатынан қан ағып тұратын үзір иесіне имам бола алмайды, өйткені екеуінің үзірлері екі түрлі.
Үзір иесі үзірін тоқтата алса тоқтатуға тырысуы тиіс
Үзір иесі үзірін байлап тоқтата алса, тоқтатуға тырысқаны жақсы. Үзірін тоқтата алса, үзір иесі болудан шығады. Сондықтан да, жарақатына дәрі жағып таңып қойған кісі үзір иесі үкімінде емес. Өйткені, таңғышпен таңу арқылы қанын тоқтатып отыр1.
islam.kz
1 Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр». Хайыз тарауы. 1\504 бет.