Сахабалар уақытында Ислам дінінің таралуына қаламмен үлес қосқандар да болды. Жер бетіне Құранның түсуімен Ислам діні түрлі жолдармен жұртқа тарай бастады. Осылардың арасында қолына қалам ұстағандар да бар еді. Сахабалардың біразы мұғалім еді. Кейбірі оқуға, жазуға сауатты болғандықтан, Расулалла оларды мұғалім ретінде бекітті. Олар кейде соғыстарға қатысса да, негізгі міндеті жұрттың сауатын ашу болды. Мейлі «куттап» деп аталған жасөспірімдер мектептерінде, мейлі мешіттерде балалар мен ересектерге Құран оқуды, жазу жазуды, діннің бұйрықтарын үйрететін. Әркез арнайы тағайындалып, өзге аймақтарға да хижрет жасап, сол аймақтарда да осы міндетті атқаратын. Расулалла өмірден озғаннан кейін де бұл жолдан қайтпады. Тіпті төрт халифа уақытында олардың қатарына басқа сахабалар да қосылды. Сөйтіп ағартушылық дәстүрі жалғасын тапты. Ал енді сахабалар уақытындағы ағартушы ұстаздар кімдер еді, соларға тоқталайық.
Нақты қанша сахабаның ұстаздық міндетке тағайындалғаны белгілі емес. Дегенмен араларынан Убада ибн Самит, мұғалім Мирдас ең біліктісі еді. Бұлардан тыс Муаз ибн Жәбал, Мұсғаб ибн Үмәйір секілді сауаты барларға міндет берілгендер де болды. Міне, енді осыларға тоқталайық.
Мұғалім Мирдас
Расулалланың педагогикалық тұрғыдан берген кейбір мәліметтері осы Мирдас арқылы бізге жеткен. Осындай өсиеттерінің бірінде Расулалла оған: «Әй, Мирдас, Құран үйреткенің үшін қандай да бір заттай дүние талап етпе, тіпті сол үшін еленген нан берсе де алма» десе, тағы бір өсиетінде: «Әй, Мирдас! Үштен көп ұрма. Егер үштен көп ұрсаң, Алла қиямет күні саған да дәл сондай қысас жасайды» деген.
Үбәй ибн Қағыб
Хазірет Қағыб – Расулалланың «Алла саған Кәламын оқуымды бұйырды» деп, жекелей өзіне Құран оқыған кісі. Алайда ол тарихта пайғамбардың жазушысы ретінде қалған. Фиқһты да жақсы меңгерген, пәтуа да берген. Мәдинада тура жолға келгендерге ұстаздық жасауымен әйгілі.
Убада ибн Самит
Мәдина кезеңінде Пайғамбар мешітінің қабырғасына жақын құрылған Суффа – жастар білім алатын мектеп еді. Расулалла құрған осы мектептегі ұстаздардың бірі Самит. Ол Суффада әрі Құран, әрі жазу үйрететін. Өзінен жеткен бір риуаятта міндеті жайлы мынаны айтқан: «Расулалла мұсылмандардың ағарту жұмыстарымен көп айналысатын. Тіпті Мәдинаға бір мұһажир келген уақытта оны бізден біреуге табыстап, қасиетті кітапты үйретуімізді қалайтын. Қайтарымға ештеңе алмау керектігін ескертетін».
Абдулла ибн Саид ибн Ас
Суффада міндетті басқа сахаба Ибн Ас еді. Дереккөздерінде Ибн Астың жахилия кезеңінінің өзінде сауатты болғаны айтылады. Жазуы әдемі еді. Бірақ ұстаздыққа Ислам дінін қабылдаған кезде бастаған. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) оны Мәдинадағы мұсылмандарға жазуды үйрету ісіне міндеттеген.
Муаз ибн Жәбал
Есімі өзімізге белгілі Муаз ибн Жәбал Құран аяттарын жинақтауымен көбірек танылған. Дереккөздерінде жазу жазуды кейіннен үйренгені айтылады. Ұстаздыққа Йемен мен Хадрамаутта бастаған. Расулалла Йемендіктерге жолдаған бір хатта ол үшін мынаны айтқан: «Мен Муазды сендерге мырза ретінде емес, бауыр, мұғалім әрі Алланың бұйрықтарын үйрету үшін жібердім». Мекке азат етілгенде, сол аймақтың халқына фиқһты үйретуді де Расулалла соған тапсырған.
Әбу Убайда ибн Жаррах
Ұстаздық жасаған тағы бір сахаба – Әбу Убайда. Жақсы тәлім беретін ұстаз сұраған Әбу Салабаға Расулалла оны аманаттап, былай деген: «Сендерге тәлім мен әдепті жақсы үйрететін кісіні беріп жатырмын». Сүйікті елшінің оған сенім артқанын білдіретін тағы бір оқиға болған: Йемендік бір топ Пайғамбарымызға серт беріп, артынан өздеріне діни мәселелерді үйрететін мұғалім сұрайды. Сонда Расулалла «Осы үмбеттің сенімдісі» деп өзі ілтипат жасаған Әбу Убайданы оларға жіберген.
Әбу Мұса әл-Әшғари
Хазірет Муазбен бірге Йеменге Құран үйретуге барған сахабалардың бірі осы – Әбу Мұса әл-Әшғари. Құранды әдемі оқитын. Йеменнен кейін хазірет Омар оны Басраға, хазірет Осман оны кейіннен Куфаға басшы етіп тағайындаған. Бірақ ол басшылық қана жасамаған. Құран үйретуімен де танымал.
Мұсғаб ибн Үмәйір
Мұғалімдігі қырымен танылған тағы бір тұлға – Мұсғаб ибн Үмәйір. Ол Бірінші Ақаба сертінен кейін 12 кісілік топпен Мәдинаға Құран үйрету үшін жолға шыққан. Ислам дінінің Мәдинада жайылуында көп үлес қосты. Көбіне Құран оқуды үйреткен. Жазу білгендіктен, жазуымен де көп көмек берген.
Әбу Дарда
Әбу Дарда – Құран Кәрімді жаттаған іріктеулі сахабалардың бірі. Бұдан бөлек, алты фақиһтардың бірі ретінде де өтеді. Ұстаздық міндетіне хафыздығы үшін тағайындалған. Пайғамбарымыздың кезеңінде ағарту ісіндегілердің біразы хафыздар болған. Құранды оқып әрі жаза алатындықтан, барлық хафыздар жұртқа Құранды үйретуге міндеттелген. Міне, Әбу Дарда да солардың бірі.
Өзге де ұстаз сахабалар
Әбан ибн Саид ибнул-Аси, Амр ибн Хазм, Ала ибнул-Хадрами, Үсәйд ибн Хұдайыр, Рафи ибн Малик, Абдуллаһ ибн Масғуд, Мұнзир ибн Амр, Жүбәйір ибн Хайиатис-Сақафи, Осман ибн Аффан, Сағыд ибн Үбада, Амр ибн Саид ибн Ас, Халид ибн Саид ибнул-Aс… Бұл кісілер де сол дәуірдегі ағартушылар. Араларынан кейбірі Меккелік, кейбірі Мәдиналық… Жаһилия кезеңінде жазу жазуды білгені – бәрінің ортақ қасиеті. Алайда Ислам дінін қабылдаумен қатар, аттарын қатар атауға себеп болатындай тағы бір ортақ жағы бар. Ол – Расулалла тарапынан ұстаздық қызметке тағайындалғаны.