Төмендегі жайт Нортвестерн университетіндегі "Жұмыс басқару Магистратура" студенттері мен профессор арасында болған.
Профессор алдында отырған әлемдегі ең таңдаулы студенттердің жүзіне барлай қарағаннан кейін:
- Бүгін "уақытты басқара білу" тақырыбына бір сынақ жүргіземіз, - деді. Сөйтеді де профессор өз үстелінің астынан күні бұрын дайындап қойған үлкен шыны ыдысты алып, үстелдің үстіне қояды. Артынша үстелдің астынан тағы да әрқайсысы жұдырықтың үлкендігіней бірнеше тастар алып, ішіне сала бастайды. Ендігі тас сыймайды-ау деген кезде студенттерге бұрылып:
- Қалай ойлайсыңдар, ыдыс толды ма? - деп сұрапты. Ағайдың бар істегенін қалт жібермей байқап отырған студеттер бәрі бірауыздан:
- Иә, толы, - деп жауап береді.
- Олай болса, қазір көреміз, - деп, профессор үстел астынан тағы да тастар салынған бір банка алып, оны да әлгі үлкен таста қойылған ыдыстың ішіне сала бастайды. Ыдысты шайқаңқырап әбден толды-ау деген кезде студенттерден:
- Қалай, ыдыс енді толды ма? - деп тағы сұрапты. Бір оқушы қуланып:
- Әлі де толмаған болар, - дегенде, профессор асықпастан:
- Рас айтасың, бұл әлі де толмады, - деп, үстелінің астынан тағы да бір банка құм алып, оны да әуелгі ыдыстың ішіне жайлап төге бастайды. Ыдысты да ырғаңқырап отырып, құм ірі тастар мен ұсақ шағыл тастардың арасына нығыздалып әбден толды-ау деген кезде студенттерге қарап:
- Ыдыс енді толды ма? - деп қайта сұрапты. Профессордың түбінде нені меңземек болғанын әлі де аңғара қоймаған студенттер:
- Жоқ, толмады, - деседі.
Бұл жолы да "Дұрыс айтасыңдар" деген профессор әлгі ыдысқа енді бір ожау су құйыпты. Мемілдеп толған су оның ернеуіне жеткен кезде енді болды дегендей студенттерге қарап:
- Біздің бұл сынағымыздың мәнін кім ұқты? - деп сұрапты. Бір студент:
- Уақыт бізге қанша толы болып көрінгенмен тағы да бөле беруге болатындығы, - дегенде, профессор:
- Жоқ, - депті сынақтың түп мәнісін өзі түсіндірмек болып. - Бұл сынақтың астары: егер үлкен тастар бірінші болып қойылмаса, онда ұсақ тастар қойылып қойғаннан кейін ыдысқа үлкендерінің кейіннен мүлде сыймай қалатындығы. Бұл - өздерің де көріп отырғандай күнделікті өмірдегі таза шындық.
Студенттер таңғала қарап отырғанда профессор сөзін ары қарай сабақтапты:
- Өмірдегі үлкен тастар дегеніміз не? Оқу, білім алу, отбасы құру, бала сүю, денсаулық, жора-жолдас, басқаларға пайдалы болу, артыңа еңбек қалдыру, өзіндік арман-қиялдарың. Осылардың біреуі немесе бірнешеуі тіпті барлығы да сендердің үлкен тастарың болуы ғажап емес. Бүгін түнде жатар алдында жақсылап ойланыңдар, сендердің үлкен тастарың қайсы екендігін дұрыстап шешіңдер. Ыдысқа үлкен тастарды бірінші қылып қоймасаңдар, кейін сыйғызармын деудің бос әурешілік екенін біліңдер, онда болашақта елге де, отанға да ешкімге де пайдалы бола алмайсыңдар. Ендеше, өмірдің іргетасы іспетті үлкен тастарға қазірден бастап зор жауапкершілікпен қараңдар! - деген профессор сабақ бітсе де, аңтарылып үнсіз отырып қалған студенттерді сыныпқа қалдырған күйі шығып кеткен екен(1).
(1) "Аңсар" журналы, 2007 ж.