Тим Феррис - әлемді жалпағынан жалықпай кезген, жолай неше түрлі бизнестің іргесін көтеріп, молынан тәжірибе жинаған, орта жастағы қарымды кәсіпкер. Шет жұрттың тілін үйренуге, уақытты ұтымды пайдалануға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға қатысты толғамдарын қағазға түсіріп, жарияға шығарған Феррисстің кітаптары Нью Йорк Таймс-тың бестселлерлері қатарында. Оларды жіті парақтаған оқырман майталман бизнесменнің қандай да істе тиімділікке айрықша мән беретінін аңғарады. Бүгін оның тіл үйрену бағдарындағы кеңестерін ұсынбақшымыз.
Тим Феррис тіл үйрену үшін арнайы жоспар жасап, үш тұрғыға негіздеу керек дейді:
- 1) Әсерлілік.
- 2) Тұрақтылық.
- 3) Тиімділік.
Атаулы үштік, әдетте, нысанадағы тілді меңгеруге бел сыбана кіріскен кезде пайда болатын "Не?", "Неге?" және "Қалай?" сынды сұрақтарға жауап береді.
1) ӘСЕРЛІЛІК
Шалағай және толымсыз материал - тілді практикалық дәрәжеде меңгеруге үлкен кедергі. Әу бастан сыннан өткен салмақты оқулыққа бейіл берген абзал.
Нақты тәжірибеде әсерлілік үшін Парето қағидасын қолданғанның пайдасы мол. 18-ші ғасырдың екінші жарымында өмір сүрген Фильфредо Парето Италиядағы халықтың 20 пайызы бүкіл ел табысының 80 пайызын өндіретінін байқаған. 20/80 теориясының салмағын бұрын түсінген ойшыл Джозеф Джуран оны "Парето қағидасы" деп атап, экономикадан тысқары барлық салаға көшіруге тырысады. Джуран ұдайы ұтысқа шығу үшін қат-қабат проблемалардың ішінде ең соқпалды бірқаншасына күшті жұмылдыру керек деп жар салады.
Парето қағидасының астарында өнімді еңбек ету үшін ақылды қалтықсыз қолдану керек деген емеурін бар. Құр жүгірмей, алдағы жолды барынша бағдарлап, ұзағынан бағамдап, содан кейін ғана барып қимылдасаңыз, межелі асуды ақ тер, көк тер болмай, еркін еңсересіз. Стив Джобс "маған ақша қажет болса, жұмыс іздеп сандалмаймын, отыра қап ойланамын. Сірә, идея - ең қымбат тауар", - деген екен.
Расында, түкпірлеп ойлан адам өмірдегі маңызды көрінген көп нәрсенің ұрымтал сәтте айтарлықтай рөл ойнамайтынын аңдайды. Парето қағидасы бойынша, қалаулы нәтижеге жету үшін ірілі-ұсақты шаруаның бәрін жеріне жеткізе орындау шарт емес. Ұтымды екі жоба орта қолды сегіз жобаның табысын әкелуі мүмкін. "Мәселе - білуде емес, білуге болатын нәрсенің ішінде ең қажеттісіні білуде", - деген ұлы жазушы Толстойдың сөзі де Парето қағидасының мәнін аша түседі.
Тим Феррис - Парето қағидасын мейлінше ұтымды қолданып жүрген кәсіпкер. Ағылшын тілін үйренуді ойға алғандар әуелде ең көп қолданыстағы 100, 300 немесе 500 сөзді меңгерсін дейді ол. Сөйтсе жұмсалған әрбір сағаттың қайтарымы жоғары болмақ. Феррисстің айтуынша, тілдің 95-пайызын түсініп, ауыз -екі тілде еркін тілдесу үшін 3 ай жетеді. Ал бірақ, 98-пайыз дәрежеде үйрену үші аттай 10 жыл уақыт кетуі мүмкін. Себебі инвестияның қайтарымы кемитін кезі болады. Сондықтан, бес жыл сайын 1 пайыз жылжығанша, басқа тілді немесе мүлде бөлек бір саланы меңгеріп алған абзал.
2) ТҰРАҚТЫЛЫҚ
Тұрақты дайындық болмаса, ең таңдаулы материал да, ең озғын әдіс те оңды нәтиже бермейді. Әуелгі ыждағаттылықты сақтап, талмай, талықпай үйрену - қиынның қиыны. "Пендеде бір іс бар жалығу деген", одан біржола құтыла алмайсыз, бірақ әлсіретіп, дәрменсіз кейіпке түсіруге болады. Жалығуды тежейтін ең негізгі фактор - тақырып. Үнемі өзіне қызық дүниені оқитын адам жалығу дегенді білмейді. Футбол десе, ішкен асын жерге қоятын фанат қажетті ақпарды үйреніп жүрген тілінде алуға талпынса, әлдейқайда ұтысты шығады.
Мәселен, испан чемпионатын қадала қарайтын талапкер As.com немесе Marca.com сынды айтулы сайттарды үзбей оқыса, испан тілін тезінен меңгереді. Бөтен тілді белгілі бір салада білім алу, немесе машық қалыптастыру үшін пайдалану - үйреніп алуға үлкен көмек. Тим Феррис те жапон тіліне дзюдо спортын түсіндіретін құрал деп қараған. Ақырында, шимайы мол, күрделі лұғатты қиындықсыз, аз уақытта меңгеріп шыққан.
Сонымен қатар, интернеттің мүмкіндігін молынан пайдаланбақ керек. Бүгінде тіл үйренуші талапкерге жолбасшылық жасайтын онлайын жобалар шаш-етектен. Испандық "Ел-Мандо" газеті BBC Learnıng Englısh ресурсын айрықша мақтайды. Ағылшын грамматикасын ежіктеп түсіндіретін атаулы жоба, оқылған материалды біржола бекіту үшін басқа қолданушылармен чат арқылы сұқбаттасуға мүмкіндік береді. Ал, франзус тілін үйренуге ниет қойған жан "Radio France" сынды қызметіне ақы сұрамайтын ресуртсы қолданғаны мақұл.
Тіл үйрену үшін жалықпай, жаннан кешіп еңбектену керек. Сізді бекер жатқызбас қызықты тақырыпқа шолу жасайтын көлденең кітап пен журнал - үлкен себесін.
3) ТИІМДІЛІК
Егер түу бастан нысанадағы тілді 20 жылда меңгеремін деп ойласаңыз, ең татымды материал да, мақтаулы тұрақтылық та көмектеспейді. Тезінен үйреніп алуға септесетін сенімді тәсіл керек. Өзіңізден "қазіргі әдісім қысқа уақыт мерзімінде сөздерді жылдам үйреніп, жақсы есте сақтауға көмектесе ме?" деп сұраңыз. Болымсыз жауап алсаңыз, лезде өзге тәсілге көшіңіз. Тіл үйрену тарабында тәжірибеден қорықпау керек.
Шет жұрттың тіліне жас та, жасамыз та жетігеді. Орта жастан асқандар қолдарын "мезгілінен кеш сермесе" де түсінетін-түсінісетін жұпыны деңгейде үйрене алады. Ал, егер атаулы тілді кейін ақпарат құралы ретінде пайдаланса таным аумағы өлшеусіз кеңейеді. Қосымша тіл қатардағы қызметкердің нарықтағы бағасын айрықша көтеріп, айлық табысын да жақсартады. Шет жұртпен тілдесуге мүмкіндігі бар адм қашанда төңірегінен биік, қатарынан озық тұрады.
"Жаһан" журналы. 2016 жыл.