Earth («Жер») деп аталатын кітап әлемнің көптеген университеттерінде негізгі оқу құралы ретінде оқылып келеді. Оның авторларының бірі профессор Emeritus Frank Press. Бір кездері ол Америка Құрама Штаттары Президентінің Джимми Картердің ғылыми кеңесшісі қызметін атқарған, ал 12 жыл Вашингтонда (Колумбия округу) Ұлттық ғылым академиясының президенті болған.
Таулар жерге қадалған қазық тәрізді
Аталмыш кітапта таулардың өзіндік «тамырлары» бары айтылған[1]. Бұл тамырлар жердің тереңіне кеткендіктен тауларды жерге қадалған қадалармен немесе қазықтармен салыстыруға болады (1, 2 және 3-суреттерді қараңыз).
Ол құбылыс Құранда былай суреттелген:
«Біз жерді төсеніш қылып, тауларды қада тәрізді етіп жаратпадық па?»[2].
Жердің құрылымын зерттейтін Заманауи ғылымдар таулардың тереңге кететін «тамырлары» барын дәлелдеді (3-суретті қараңыз). Және де таудың жер асты бөлігі жер үсті бөлігінен бірнеше есе үлкен болуы мүмкін екендігін білдірген[3]. Осынысын ескерер болсақ, таулардың бұл құбылысын суреттеу үшін Құранда қолданған «қада» сөзінен дәлірек сөз таба алмайсыз, өйткені дұрыс ұрылған қаданың көп бөлігі жер астына кететіндігі мәлім. Таудың көп бөлігі жер астына кететіндігіне назар аудартқан Құран оны жерге ұрылған «қадаға» (қазық) ұқсатып отыр .
Таулардың терең «тамыры» бары туралы теория ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғана пайда болғанын ғылымның тарихынан білеміз[4].
Таулар жердің тепе-теңдігін сақтап тұрады
Сонымен қатар, таулар жер қабығын тұрақтандыру мәселесінде өте маңызды рөл атқарады[5]. Олар жердің тепе-теңдігін сақтап, оның теңселуін болдырмайды. Құдай Тағала бұл туралы қасиетті Құранда былай деген:
«Сендерді теңселтпеу үшін жер жүзінде асқар тауларды орналастырды...»[6].
Қазіргі жер плиталарының тектоникасы деген теория тауларды жер бетін тұрақтандырушы күш ретінде қарайды. Таулардың бұл қызметі ХХ ғасырдың 60-жылдарының аяқ жағында «плиталық тектоника теориясы шеңберінде» дами бастады[7]. Ал ол құбылыс Құранда осыдан 14 ғасыр бұрын ашық-анық айтылып кеткен.
Ойлап қараңызшы, 14 ғасыр бұрын Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) заманында әлдебіреу таулардың нақты құрылымын болжай алар ма еді? Сол кезеңдегі біреу көз алдындағы биікке самғаған дәу, алып жаратылыстың шын мәнісінде жер астына терең бойлаған, қазіргі ғалымдар айтқандай «тамыры» барын болжай аларма еді? Ондай құбылыстардың Құранда айтылуы - бұл Кітаптың адам сөзі емес, Құдай сөзі екендігінің тағы бір дәлелі екендігін айтуға болады.
Геология турасында жазылған көптеген кітаптарда тауларды сипаттаған кезде олардың тек жер үсті бөлігінің құрылымы қарастырылады. Мұның себебі, о баста адамдардың таулардың нақты геологиялық құрылымы туралы түсініктері болмаған тұғын. Алайда, қазіргі геология ғылымы сенімді түрде Құран сөздерінің растығын дәлелдеді.
Дереккөз: islamreligion.com
Аударған: islam.kz
[1] Earth, [“Земля”], Пресс (Press) и Сивер (Siever), стр.435. См. также Earth Science [“Жер туралы ғылым”], Тарбук (Tarbuck) и Лутгенс (Lutgens), стр. 157.
[2] Құран Кәрім: «Нәбә» сүресі, 6-7 аяттар.
[3] The Geological Concept of Mountains in the Quran, [“Құрандағы тау құрылымының геологиялық концепциясы”], Эль-Наггар (El-Naggar), стр. 5.
[4] The Geological Concept of Mountains in the Quran, [“Құрандағы тау құрылымының геологиялық концепциясы“], стр. 5.
[5] The Geological Concept of Mountains in the Quran, [“Құрандағы тау құрылымының геологиялық концепциясы“], стр. 44-45.
[6] Құран Кәрім: «Нәхл» сүресі, 15 аят.
[7] The Geological Concept of Mountains in the Quran, [“Құрандағы тау құрылымының геологиялық концепциясы“], стр. 5.