«Сутраның» шарттары мен сүннеттері
«Сутраның» шарттары мен сүннеттері
2 ай бұрын 1253 islam.kz

Намаз оқушының алдына қойылатын бір затты сутра дейді, сутра – бөгет немесе қалқан дегенді білдірмек. Сутра қою арқылы, адамдардың намаз оқушының алдынан еркін өтуіне мүмкіндік жасаған болады. Сутра қою - мұстахаб. Сутраның шарттары мен сүннеттері кітапта былай баяндалған:

1. Қабырғаны немесе тіректі сутра ретінде қолдану. Егер жақын жерде қабырға болса, өтушілерге кедергі болмау үшін және олардың жолын бөгемеу үшін соны (қабырғаны, дуалды) сутра етіп тұтынған абзал. (Тіректі сутра қыларда дәл алдына алып емес, аздап сол жағына, не, оң жағына қарай тұрған мұстахаб-ауд.).

2. Сутраның өлшемі. Сүннет бойынша сутраның ұзындығы садақтың оғындай немесе бір шынтақтай (зираъ, шамамен 40-50 см) болмағы ләзім. Ал қаншалықты қалың болуы керек дегенге қатысты нақты дәлел жоқ, кейбір ғалымдар саусақтың жуандығындай болса жеткілікті деген. Айша анамыздан (оған Алла разы болсын) риуаят етілгендей, Алла Елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намаз оқушының сутрасы туралы сұралғанда, ол: «Ер-тоқымның артқы қасы сияқты»(1) деп жауап берген. Бұл шамамен білек сүйегінің көлеміне сәйкес.

3. Сутраға жақын тұру. Сүннет бойынша сутраға мүмкіндігінше жақын тұру керек. Саһл ибн Әби Хасма (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер бірің сутраға қарап намаз оқыса, оған жақын тұрсын, сонда шайтан оның намазын бөле алмайды»(2).

4. Сутраның орналасатын жері. Сутраны тура алдына емес, екі қасының (адамның қасы) бірінің тұсына қою керек, яғни оған тіке қарамауы тиіс, сәл былай, не, былай тұрғаны дұрыс(3).

5. Сутра табылмаған жағдайда. Егер сутра таба алмаса, алдына бір сызық сызса болады (далада оқыған адамға қатысты және имамның сутрасы жамағатқа да жарайды). Жерге төселген таза жайнамаздың шеті сутра ретінде жарамсыз.

6. Сутраны қою әдісі. Сутраны алдына тігінен немесе жарты ай тәрізді етіп көлденеңінен қоюға болады. Немесе қамшысын алдына тастай салады. Имамның сутрасы оның артында ұйыған жамағат үшін де сутра болып есептеледі.

Намаз оқушының алдынан өтпек болған адамды тоқтатуға қатысты үкімдер

Намаз оқушының сутрасы болса да, болмаса да, алдынан өтпек болған адамды итермегені абзал (мұстахаб). Өйткені намаздың негізі – тыныштық. Әрі сутрасы бар адамның алдынан біреу өтсе, оның намазына зиян келмейді, күнә өтушіге жазылады.

Өтушіні тоқтату әдістері:

  • Ишарамен тоқтату. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Үммү Сәләмә анамыздың (оған Алла разы болсын) үйінде намаз оқып жатқанда, оның ұлы Умайра алдынан өтпек болғанда, ишарамен «тоқта» деп ишара жайсайды, ол түсініп тоқтайды.

  • Тәсбих айту арқылы. Саһл ибн Сағд (оған Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Намазда бір нәрсеге тап болсаңдар, ерлер тәсбих («Субханалла») айтсын, ал әйелдер қол соқсын» (4) деген. Ишара мен тәсбих айтуды (сүбханаллла деуді) бірге қолданбайды.

  • Құранды дауыстап оқу арқылы. (Егер жария оқылатын намаз болса).

  • Әйелдер үшін: Ишарамен немесе жоғарыдағы хадиске сай, бір қолының алақанын екінші қолының сыртына ұру арқылы белгі береді.

Ал Әбу Сағид әл-Худри (оған Алла разы болсын) риуаят еткен: «Егер бірің адамдардан қалқалайтын бір нәрсеге қарап намаз оқып жатқанда, біреу оның алдынан өтпек болса, оны итерсін. Егер көнбесе, онымен шайқассын (күш қолдансын), өйткені ол – шайтан» (5) деген хадиске келер болсақ, ғалымдар бұл хадистің үкімі жойылған деп санайды, себебі намазда көп қимыл жасауға алып кеп соғады, ал көп қимыл намазды бұзады, сондықтан хадис мәнсұқ етілген (күші жойылған) деп түсіндірген.

(1) "Сахих Мүслим": 1-том / «Намаз» кітабы, 47-бап / 243-хадис.
(2) Әбу Дәуіт, "Сүнән": 1-том / «Намаз» кітабы, 107-бап / 695-хадис.
(3) صَمَدَ (сомада): мақсат етті, беттеді, тура ұмтылды.
(4) Әбу Дәуіт, "Сүнән": 1-том / «Намаз» кітабы, 173-бап / 941-хадис.
(5) "Сахих Бұхари": 1-том / «Намаз оқушының сүтресі» кітабы, 10-бап / 487-хадис.

«Фиқһуль Ъибадат аляль Мәзхәбиль Хәнәфи»
атты кітаптан аударылды, авторы: Нәжәх әл-Хәләби. 
Қазақшалаған: islam.kz

0 пікір