«Сутра» қою және намаз оқушының алдынан өту мәселесі
«Сутра» қою және намаз оқушының алдынан өту мәселесі
1 ай бұрын 2347 islam.kz Фото: rus.azattyk.org
Аударып, түсіндірме жазған А. Қасым

Намаз оқушы алдынан адамдардың кесіп өтуінен қауіптенсе, жайнамаз мөлшеріндей арақашықтыққа бір зат қояды, оны «сутра» дейді. Сутра деген «бөгет» деген сөз.

Шариғатта намаз оқып тұрған кісінің алдынан өту харамға жақын мәкруһ, яғни, күнә. Сол үшін намаз оқып тұрған кісінің алдынан өтпеуге тырысқан жөн. Оған байланысты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

««Намаз оқып тұрған адамның алдынан кесіп өтетін кісі қаншалықты күнә жазылатынын білсе ғой, ол үшін (кесіп өтпкеннен гөрі) қырық жыл (не қырық күн яки қырық ай) тапжылмай тұруы, намаз оқушының алдынан өтуден қайырлы болар еді (немесе қайырлы деп есептер еді.ауд.)». («Сахих Мүслім»). Алайда, егер намаз оқушының алдында бір зат тұрған болса, өтудің күнәсі жоқ. Сондай-ақ, үлкен мешіттерде немесе далалы жерлерде жайнамаздың көлемінен ұзағырақ жерден өтудің күнәсі жоқ. Осы және басқа да сутраға қатысты үкімдерді «ән-Нуқоя» атты Ханафи мәзхабына қатысты жазылған фиқһ кітабынан аударып беріп отырмыз.

Кітаб авторы Убайдулла ибн Мәсъуд әл-Мәхбуби (рахимаһуллаһ)а.) былай дейді: 

1) «Намаз оқымай отырған кісінің арқасын өзіне қаратып, намаз оқуға болады».

Мысалы, мешітке барғанда алдыңғы сапта отырғандар болады, солардың артына қарап оқыса болады немесе бәрі тұрып кеткенде бір адам намаз оқушыға артын қаратып, оның алдында тұрса да есептеледі, осылайша намаз оқып алғанша өзгелердің оның алдынан өтпеуін қамтамасыз етеді. Риуаяттарға қарағанда Әзіреті Омар намаз оқитын кезде түбінде оқитын тірек табылмаса, қасындағы адамға: ««Уәллинии Зоһрак», яғни, «маған артқарап тұршы» деп айтады екен.

2) «Намаз оқып тұрған кісінің алдынан өткен адам күнәлі болады»

Жоғарыдағы келтірілген хадисте былай делінген: «Намаз оқып тұрған адамның алдынан кесіп өтетін кісі қаншалықты күнә жазылатынын білсе ғой, ол үшін (кесіп өтпкеннен гөрі) қырық жыл (не қырық күн яки қырық ай) тапжылмай тұруы, намаз оқушының алдынан өтуден қайырлы болар еді (немесе қайырлы деп есептер еді.ауд.)». (Сахих Муслим). Осы хадисте де намаз оқып тұрған кісінің алдынан өтудің күнә екендігін ұғыну қиын емес. 

3) «Бірақ бұл шағын мешітте намаз оқып тұрған кісіге қатысты».

Бірақ күнә болуы шағын мешіттерде намаз оқып тұрған кісінің алдынан кесіп өтушіге қатысты деп отыр ғалым. Шағын мешітте намаз оқып тұрған кісінің алдынан кесіп өткен адам күнәлі болады екен. Шағын мешіттің көлемін кітаптарда "намаз оқитын залының көлемі 60 зираъдан аз болған" деп айтқан.Ол шамамен 30-40 метрдей. Кейбір мамандар: «50-60 алпыс кісіден аз адамды қамтитын мешітті шағын мешіт десек болады» деп шамалаған. Осындай шағын мешітте намаз оқып тұрған адамның алдынан өту – макрух болмақ. 

4)«Ал, шағын мешіттен басқа жерлерде (мысалы, үлкен мешіттерде, ашық алаңда, далада) сәжде жасайтын жеріне қарағанда назарының жететіндей жерден өту – макрух (одан әріден өту мәкруһ емес)».

Яғни, үлкен мешіттерде немесе далада намаз оқып жатқан адамның жайнамаз көлеміндей жерден әрірек жерден кесіп өту макрух емес.

Демек, үлкен мешіттерде намаз оқып тұрған кісінің алдынан жайнамаз көлеміндей жерден кесіп өту мәкруһ, ал, одан ілгері жерлерден өте берсе болады екен. Ал, кішкентай мешіттерде, намазханаларда, үйде т.б. осындай шағын жерлерде намаз оқып тұрған кісінің алдынан кесіп өтуге мүлдем болмайды, ондай жерлерде «мынандай арақашықтықта өте берсе болады» дейтіндей мөлшер жоқ, әрине, егер, алдында сутрасы болмаса, ал мұндай шағын жерлерде алдында бір зат тұрса, яғни, сутра тұрса, өтудің күнәсі жоқ. 

5)«Егер, жерден биіктеу орында оқыған жағдайда, (ол жердің биіктігі) өтушінің бір ағзасы, (мысалы, басы), намаз оқушының ағзасына (мысалы, тірсегіне) тұспа-тұс келіп жатса, (яғни, биік орын сондай ғана биіктікте болса) ол кезде де алдынан өту мәкруһ болады».

Ал, адам бойындай биіктіктегі жерде оқып тұрған кезде төменгі жақтан адамның өтіп жатуы күнә емес. Кітаптың арабша мәтініндегі «дуккан» сөзі, биіктеу орналасқан бір тапшан тәріздес орынды білдіреді. Мысалы, мешіт ішіндегі екінші қабаттағы намазхана орындары немесе теппешекті алсақ болады - егер, оның биіктігі, бір адамның бойынан төмен орналасқан болса, соның үстінде намаз оқып тұрған кісінің алдын кесу мәкруһ болмақ. Ал, ең аз бір адам бойындай биіктікте тұрса, ол жерде намаз оқып тұрған кісінің алдын кесіп өту күнә емес. Биік жерлер «сутра» ретінде саналады. 

6) «Аталмыш жерлерде (яғни, кіші мешіттерде, үйде, кеңседе, адам бойынан төмен орналасқан тапшандарда т.б) намаз оқушының алдынан кесіп өту мәкруһ болады. Бірақ, егер «намаз оқушының алдында, ұзындығы - бір зираъ (45-50 см), ал жуандығы кемі бір саусақтың жуандығындай сутра қойса, мәкруһ болмайды».

«Сутрда» сөзі «бөгет» деген мағынада. Намаз оқушы мен кесіп өтушілер арасында тұрған бөгетті сутра дейді. Намаз оқушы алдынан адамдардың кесіп өтетіндігінен қауіптенсе, жайнамаз мөлшеріндей арақашықтыққа бір зат қояды, оны «сутра» дейді. Сутра болмаса, мешіттердегі тіреулердің түбіне барып оқыса болады. Сутра қоюдың үкімі – мұстахаб. Қоймаған жағдайда, жеңіл мәкрүһ үкімін тудырады. Сутраның ұзындығы - бір зираъ (45-50 см), жуандығы ең кемі бір саусақтың жуандығындай болуы керек екен. Демек, адамның алдында сутра тұрса, оның алдынан өтуге болады, ол жағдайда күнә болмайды.

7) «Сутраны алдына - оң қасының немесе сол қасының (оң жақ тұсына немесе сол жақ) тұсына қарай қадайды».

Таяқты немесе басқа бір ұзын затты, далада намаз оқып тұрғанда мүмкін болса, аздап оң жағына қарай ыңғайлып қадап қояды. Қадауға мүмкіндік болмаса, жатқызып қояды. Міндетті түрде қадалатын зат қою шарт емес. Сүтраға жарайтын заттардың қай қайсысын қойып қойса да болады. 

8)«Өзіне жақындатып қояды».

Жайнамаз көлеміндей жерге қойса жеткілікті. Пайғамбарымыз өзінің бір хадисінде: «кімде-кімсүтра қойып намаз оқитын болса, сутраға жақын тұрсын. Шайтан намазын бөліп жүрмесін («Ла таътаъуш шайтану ъалейһи саләтаһу»)" деген. 

9). «Имамның сүтрасы – жамағат үшін жарайды».

Намазда имам боп тұрған кісі алдына бір зат қойса, онысы артта ұйып тұрған жамағатқа да жарайды, жамағат қосымша сутра қоймайды.

10). «Егер намаз оқушының алдынан кесіп өтетін ешкім болмаса немесе адамдар өтетін жолға беттеп оқып
тұрмаған болса, сутра қоймаса да балады».

Егер үйде т.б. жерлерде оқыған кезде алдынан біреудің өтетін қауіпі болмаса, сутра қоймай оқи берсе болады, ал алдынан адам өтетін қауіпі бар болса, сутра қойып оқығаны жөн. Мысалы, үйдің дәлізінде т.б. адамдар былай-алай жүретін жерлерде оқыған кезде, алдына бір затты қойып, оқығаны жөн

11) «Біреу алдынан өтіп жатқан жағдайда, «субханаАлла» деп ескертеді, немесе («жеңінен тартып, яки, қолың созып») ишарамен тоқтатады.
12) Әрине, бұл сутра қоймаған кезге және сутра қойса да сутра мен оның арасынан бір кісі өтіп жатқанға қатысты.

Ендеше, алдында сутра тұрса, адамдардың өте беруіне болады екен, оларды тоқтатуы шарт емес, ал сутра болмаса, алдынан өтіп бара жатқан адамға «субханалла» деп белгі береді немесе қолымен өткізбей кедергі болады1. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1  عبيدالله بن مسعود بن محمود (صدر الشريعة الأصغر) Убайдулла ибн Мәсъуд әл-Мәхбуби (р.а.): «ән-Нуқоя Мұхтәсәруль Уиқоя», Намаз тарауы.

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: