Сүндет және медицина
Сүндет және медицина
11 жыл бұрын 5969
Құдайберді Бағашар

 Сүндеттеу медицина ғылымында «циркумцизия» (лат. circumcisio) деп аталады. Оның тарихына қарасақ, б.э.д. 2500 жылдары ежелгі Мысыр елінде кең қолданылғандығын көреміз. Екі баланы сүндетке отырғызу рәсімі көрсетілген папирус фото Каир мұражайында сақталғандығы – осының айғағы. Бүгінгі күні дүниежүзі бойынша ер адамдардың алтыдан бір бөлігі сүндетке отырады екен. Әсіресе, солтүстік Америкада профилактикалық әрі гигиеналық мақсатта жас балалардың 90 пайызы сүндеттеледі. Әлем тұрғындарының 1,3 миллиардын құрап отырған мұсылмандарды былай қойғанда, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Англия секілді бірқатар мемлекеттерде баланы сүндетке отырғызу бүгінгі күні қалыпты үрдіске айналған. Сүндетке Викторияндық кезеңде көңіл бөле бастаған ағылшын тілді бұл елдерде ХХ ғасырдың алғашқы жартысында сүндетке отырғызу өте жоғары бағаланды. Алайда сүндетті жақтаушылармен қатар Дэвид Голлахер секілді оған қарсы шығушылары да бар. Қарсы шығушылар: «Сүндет – мұсылмандар мен еврейлерге ғана тән діни міндет, өзге дін өкілдеріне қатысы жоқ. Ол гигиена сақтау қиынға соғатын ыстық аймақтарда қолданылған. Бүгінгідей гигиенаны сақтау мүмкіндіктері жоғары кезде оның қажеті жоқ. Ол құмарлықты тежейді. Балаға ауыр тиеді» деген пікірлерді алға тартуда.

   АҚШ-тың педиатрлық академиясы 1989 жылы осы мәселеге орай жаңа туған нәрестелерге арналған ауыртпайтын әрі қауіпсіз әдіс табылғандығын ресми мәлімдеді. Бүгінгі күні Вашингтонның Балалар емханасының медициналық орталығында (Childrens Hospital Medical Center) ата-аналардың қадағалауымен жаңа туған балаларға жасалатын барлық хирургиялық операциялар кезінде ауырсынуды басатын анестезия пайдаланылуда. Сондай-ақ, бұл Педиатрлық академия 1999 жылы сүндеттің медициналық тұрғыдан пайдалы екендігін жариялаумен қатар, баланы сүндетке отырғызу-отырғызбау мәселесін ата-аналардың өздері шешкені мақұл деп тапты. Бұған қоса, сүндеттеуде қалыптасқан діни, мәдени, эстетикалық көзқарастармен де санасу керектігін ескертті.

Американың медициналық ассоциациясы (American Medical Association) сүндеттеудің несеп-қуық жолдарында сирек кездесетін қатерлі, жұқпалы аурулардан, инфекциядан қорғайтындығын мәлімдеді. 

Американың акушер және гинекология академиясы да (American Academy of Obstetricians and Gynecologists-ACOG) Педиатрлық академия мен Медициналық ассоцацияның мәлімдемелерін мақұлдап, сүндеттеуге ескішілдіктің сарқыншағы ретінде қарауға ешқандай да медициналық негіз жоқ екенін жариялады.

   Сүндеттің пайдасы бар ма? Көптеген медициналық зерттеу жұмыстары сүндеттеудің мынандай пайдалары бар екенін дәлелдеді:

  1. Сүндеттелмегендерге қарағанда, сүндеттелген ерлер жыныстық қатерлі ісікке (рак) анағұрлым аз шалдығады.
  2. Ері сүндеттелмеген әйелдерде жатыр мойнының қатерлі ісікке шалдығу қаупі 6 есе жоғары.
  3. Жыныстық жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупі сүндеттелмегендерде 8 есе жоғары. Айталық, балалардың небәрі 10 немесе 30 пайызы сүндеттелетін Кения, Замбия сияқты елдерде жыныстық жұқпалы ауруға шалдыққандар жергілікті тұрғындардың төрттен бірін құраған. Ал, Бенин және Камерун секілді шамамен әр бала сүндеттелетін Африка елдерінде жұқпалы ауруларға шалдыққандар тұтас алғанда 6 пайыздан аспаған. Австриялық зерттеуші ғалымдар тіптен үлкен жаңалық ашты. СПИД-ке шалдыққан ер кісілердің басым көпшілігінің сүндеттелмегендер екендігін дәлелдеді. Өйткені, СПИД вирусы ең әуелі жыныс мүшесінің ұш қабатын зақымдайтын көрінеді. Егер ол тұс микрозақым алса, қабыну қаупі өте тез жүреді екен.     
  4. Гигиеналық тұрғыдан бактериялогиялық, стафилококк (іріңді микроб), гонорей (жыныстың жіңішке ауруы) микробтарынан таза болу тұрғысынан сүндет жасату аса керекті. Оған қоса, смегмалардың (қорғаушы ақ түйіршіктер) қабынып, жараға айналмауында үлкен рөл ойнайды.  
  5. Сүндет фимоз (жыныс үрпісінің жиырылып ашылмай қалуы), парафимоз, баланит, баланопостит кеселдерінің алдын алады.

Сүндеттеу тәсілдері. Мыңдаған жылдардан бергі құрал-саймандардың өзгергені секілді, сүндеттеу тәсілдері де уақыт талабына сай өзгеріп отырған. Сүндеттеу тәсілдерінің ең негізгілері мыналар:

  1. Еркін әдіс (free hand): хирургтар новокайн арқылы жансыздандырып, арнайы аспаппен сүндетке отырғызуы, тамырлардың тігілуі. Бұны «Классикалық әдіс» деп те атауға болады.
  2. Дәстүрлі әдіс: дін мамандарының өткір ұстарамен кесіп, жараға таза күлді кесемен төңкеріп жасайтын әдісі. Бұл – сүндеттеудің бұрыннан кең тараған түрі. 
  3. Арнайы құрал пайдалану: сүндетке отырғызуға медицина мамандары араласқалы бері оған «Gomco Clamp» пен «PlastiBell» (қоңырау) секілді арнайы құралдар ойлап табылды. Алайда, балаға бір апта көлемінде тағылып, ұшын байлап, терінің өз бетінше түсіп қалуын қамтамасыз ететін бұл қыстырма құралдар аса тиімді деп есептелмеуде. Бұдан бөлек, электр құралын пайдалану арқылы косметикалық әсермен қанатпай жасалатын басқа да сүндеттеу тәсілдері баршылық.

Ислам дінінде сүндеттелу өте үлкен мәнге ие. Өйткені, ол үмбеті ретінде Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) ісін қайталауға, яғни сүннет амалын жасауға жатады. Дәлел – Әбу Хұрайра жеткізген Пайғамбарымыздың хадисі. Хадисте адам жаратылысының табиғи қажеттілігі ретінде мына бес нәрсе: сүндетке отыру, мұртты басу, қолтық пен ұятты жерді түктен таза ұстау, тырнақ қысқарту аталған. 

0 пікір