Сүлеймен пайғамбар және халықаралық ұшақтар
Сүлеймен пайғамбар және халықаралық ұшақтар
8 жыл бұрын 10324 islam.ru
Аударған Хадиша Ермекқызы
«Сүлейменге (ғ.с.) де ерте кетуі бір айлық, кешке қайтуы бір айлық (жол алатын) желдерді бағындырдық…» (Құран Кәрім, 34:12)

Әкесі Дәуіт пайғамбарға (ғ.с.) көптеген нығметтердің нәсіп болғанындай Алла тағала Сүлейменге (ғ.с.) де түрлі мұғжизалар берді. Олардың арасында желді өзіне бағындыру да бар еді. Жел Сүлейменнің (ғ.с.) тағын пайғамбар қалаған жаққа алып баратын. 

Белгілі дін ғалымы, хадис ілімінің білгірі Хасан әл-Басри Алла тағаланың желді Сүлейменге бағындыруын құлшылығынан алаңдатқан аттар оқиғасымен байланыстырады. Құранда бұл туралы: “Сол уақытта бір кеште Сүлейменге (ғ.с.) сәйгүлік жүйріктер келтірілді. “Сөз жоқ, мен Раббымды еске алу үшін атты өте жақсы көремін” деді. Ақыр тұлпарлар көзден ғайып болған сәтте: “Оны маған қайтарып әкеліңдер” (деп,) сонда аяқтарын, мойындарын сипай бастады» (Құран, 38:31-33).

Құлшылығына немқұрайлы қарауына осы бір жүйріктер себепші болғанын түсінген Сүлеймен (ғ.с.) оларды құрбандыққа шалмақшы болады. Шын ниетімен өкініп, кешірім сұраған пайғамбардың тәубесін Алла тағала қабыл етіп, оған аттан да жақсы көлік – желді нәсіп етеді.

Сүлеймен пайғамбардың желдің көмегімен бір жерден екінші жерге жылжуына қатысты Құранда “күндіз” және “түнде” сөздері қатар айтылады. Яғни, толық мағынасы Сүлейменнің тағын көшірген жел таңнан түске дейін керуеннің бір айлық жолын, ал кештен түннің ортасына дейін тағы бір айлық жолды жүретін болған. Осылай Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) екі айлық жолды бір-ақ күнде жүріп өтеді екен.   

Хасан әл-Басридың әңгімелеуінше, Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) таңертең Құдыстан шығып, түске қарай Истахр қаласына (Иранның оңтүстігінде орналасқан ескі шаһарлардың бірі) жететін болған. Ол онда түскі құлшылығын атқарып, түстенеді екен. Екі қаланың қашықтығы – 2000 шақырым. Ал түнге қарай патша тағы 2000 шақырым жүріп өтіп, Кабул қаласына жеткен. Сонда Сүлейменнің желмен жылжу жылдамдығы сағатына 400 шақырымды қамтыған. Ол қазіргі қарапайым ұшақтардың дағдылы жылдамдығына тең еді.

Аятта желдің айтылуы тегін болмаса керек. Жел – алдымен ауа ағыны. Ауаның қатты ағыны көтеретін күш береді. Бұрандалы қозғалтқышпен жабдықталған ұшақтың қалқаншалары ауаны жарып өтіп, ұшуға жеткілікті тартылыс күшін жасайды. Ұшақ қанаттарының көтергіш күші, сұйықтықтың не газдың жазық параллель ағынында орналасқан денеге әсер ететін көтергіш күші туралы теореманы 1904 жылы орыс ғалымы, “аэродинамика әкесі” аталатын Н.Е.Жуковский ойлап тапты.

Қалай болғанда да Құранда желдің қатынас құралы ретінде аталып көрсетілуі – адамдарға айқын нұсқау. Ең кереметі, осы бір қасиетті кітапта адамдардың жердегі көліктерінен гөрі ауада жылдамырақ қозғалатыны жөнінде салыстыру келтірілген. Бірақ осыдан мыңдаған жыл бұрын ұшақтың қандай қағидаларға сәйкес ұшатынын ешкім білген жоқ қой? Тіпті ертегілерде айтылатын ұшатын кілемдер де ойлап табылмады. Тек кейін ғана ХХ ғасырда адамзат Құранда айтылған желдің көмегі арқылы ұшатын ұшақ ойлап тапты. Бүгінде кезіндегі Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) секілді мыңдаған шақырымды артта қалдырып, әлемді шарлап жүрген адамдар бір кездері Құранда сипатталған желдің көмегімен ұшып жүргенін біле ме екен?...

  

2 пікір
  • СубханАллаһ!!! Өте қызық мақала!!! Альхамдулиллях!!!
    8 жыл бұрын
  • Өркениет жетістіктері бұрын болған ғой.Бумен жүретін Нұх пайғамбардың кемесі сияқты.Қазіргі Калашников автоматын болашақтағы ұрпақ бұрын адамдардың қолында таяқ болған екен, от шығаратын деп айтуы мүмкін.Сол сияқты Сүлеймен тағын жел ұшырады екен дегенді бұрын да қазіргі ұшақ тәріздес көлік болған деп түсінуіміз керек.
    8 жыл бұрын