«Сопылық» термині
(шығу төркіні мен мән-мағынасы)
Дінімізде иман (ақида), ислам (фиқһ), ихсан (мораль) атты негізгі үш ұстын бар. Жалпы, Хақ дін осы үш ұстыннан нәрленіп, бүр жарады. Оның әрқайсысы жеке-жеке ғылым саласы, арнайы пәндер ретінде қалыптасқан. Осының ішінде ихсан ілімі – сопылық дүниетанымда ең жоғары құлдық мақам болып есептеленеді. Бұл рухани дәрежеге иек артқан адам Алланың көркем есімдері мен сипаттарын тануға талпынып, діни тәрбиенің барлық сатыларынан өтіп, рухани шабыттануға қол жеткізеді.
Ихсан ілімі бұқара халыққа «сопылық» атауымен танылған. Сопылықтың мазмұнын құрайтын ұғымдар мен қағидалар дін негіздерінде көрініс тапқан. Оған қатысты Құран кәрімде көптеген үкімдер баяндалған. Солардың кейбіріне тоқталар болсақ:
«Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылады, әлде кім оны кірлетсе қор болды» (Шәмс, 9-10).
«Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың» (Хұжурат, 13).
«Олар тіке тұрып, отырып, жамбасынан жатып (әр халде) Алланы еске алады. Сондай-ақ олар көктер мен жердің жаратылуы жайында ойланады да: «Раббымыз! Сен мұны босқа жаратпадың, Сен пәксің, бізді от азабынан сақта!» (Әли-Ғимран, 191).
«Бой ұсынып, түн ішінде сәжде етіп, тіке тұрып» (Зумар, 9).
«Сендерге анық (захир) және тылсым (батын) нығметтерін толықтасырды» (Лоқман, 20).
Сопылық ілім адам бойындағы азғындыққа итермелейтін індеттерді еңсеріп, құлшылықты арттырып, нәпсімен ымырасыз күресуге һәм рухани кемелденуге шақырады. Осы мәселеге қатысты Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис-шарифтері:
«Кіші жиһаддан үлкен жиһадқа қайтып барамыз. Ол жүректің жиһады» (Ажлуни, 1/310).
«Хикмет он бөліктен тұрады. Тоғызы узлаттан (оңаша қалып Алланы зікір ету), бірі аз сөйлеуден тұрады» (Байһақи).
«Өлім келместен бұрын шәхуат нәпсі сезімдеріңізді тәрк еткен бейнеде өліңіз» (Ажлуни, 2/29).
«Мүміннің парасатынан қорық. Өйткені ол Алланың нұрымен қарайды» (Тирмизи).
«Адам денесінде бір кесек ет бар емеспе еді?! Егер ол сау болса бүкіл дене сау болады, ал егер ол бұзылса бүкіл дене бұзылады. Əлбетте ол жүрек емес пе?» (Бұқари, Мүслім).
«Суфи» сөзінің тілдік мағынасына қатысты әртүрлі пікірлер айтылады. Зерттеушілердің бір тобы «асхаба-суффадан» (сахабалар лашығы) шыққанын айтса (3), келесі бір тобы сопылардың аш құрсақ жүруді әдетке айналдырып, майлы астан бас тартып, шөлде өсетін «суфан» атты өсімдікпен қоректенгеніне байланысты шығуы мүмкін екенін айтады. Сопылардың жүректі пәктеуді мақсат етуіне орай «сафа» (таза) сөзінен шықты деген көзқарастың мағына жағынан қисынды екені шүбәсіз. Сондай-ақ, сопылардың құлшылықты арттыруға көп мән беруіне қарай «саффа-әууал» (алдыңғы сапта болу) деген сөзден шығады деген пікір де этимология заңдылығына қайшы емес. Меккедегі Қағбаға қызмет етушілерді «Банус-суффа» деп атауына байланысты шығуы мүмкін деген ой да құптарлық көзқарас. Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) еліктеп сопылардың шаштарын желкесіне дейін өсіруіне орай «суфатул-кафа» (желке шашы) сөзінен шықты деген көзқарас та көңілден шығады. Алла тағаланың көркем сипаттарын сопылар ерекше құрметтегендіктен «сипат» сөзінен шығуы ықтимал, грек тілінде «даналық» ұғымын білдіретін «софия» сөзінен шықты деген пікірлер де негізсіз емес. Дегенмен, тасауфтанушылардың басым көпшілігі сопылардың жүн шекпен (суф) киюіне байланысты «суфи» сөзінің оларға таңылғанын алға тартады.
Ихсан іліміне әлі сопылық атауы берілмеген кезде бұл рухани ілімді ұстанушылар әртүрлі атаулармен аталған. Мысалы, «ғураба» – туған жерінен ілім іздеп көшуші, «сайияхин» – ілім үшін туған елінен саяхат жасап шығып, келесі бір мекенге сапарлаушы, «фуқара» – күллі мүліктің иесі иесі Алла деп танып, Одан басқа ешкімнен ештеңе тілемейтін пақыр, «шиафтус» – тәфаккур жасау үшін оңаша жерде (үңгірде) қалушы, «зухд» – дүние қызықшылығынан бас тартушы, «абид» – Аллаға ұдайы құлшылық жасаушы, «захид – дүние ләззатынан бас тартып, тек ақыретте ойлаушы, «насиқ» – насиқат айтушы, «баққа» – Алланы еске алғанда жанарын жасқа толтырушы, «нурия» – жүрегін илаһи нұрға малындыруға талпынушы, «муқаррабун» – Жаратушыға жақын болуға ұмтылушы және т.б. атаулармен аталған.
Сопылық ілімнің арнайы пән ретінде пайда болуының себебі
Сопылық ілім Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде арнайы пән ретінде қарастырылған жоқ. Себебі, алғадай мұсылмандар (сахабалар, табиғиндер, таба-табиғиндер) Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үзеңгілес серіктері болғандықтан, олар ұдайы Ұлы Жаратушыны зікір ететін тақуа жандар еді. Алғашқы дін өкілдеріне барлық істе Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі үлгі болды. Олар рухани хәлдердің низамы бекітілмесе де, Хақ Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) еліктеумен ихсан шыңына иек арта алды. Яғни, алғадай мұсылмандар сопылық атауын иеленбесе де, олардың өмірінің мәні сопылық ұғымдармен астасып қойындасып жатқан еді.
VIII ғасырда фиқһ ілімі шарықтап дамып, базбір мұсылмандардың пайымынша діннің негізгі мұраты сыртқы пішін мен қоғамдық қатынасты реттеу секілді болып көріне бастады. Осы кезде захидтар (тақуа мұсылмандар) діннің асыл мақсаты тек сыртқы пішінді түзеу емес, ішкі жан-дүниенің тазалығы һәм жүректің амалмен үйлесім табуы екенін алға тартты. Бірақ, форманы түзеуге және қоғамдық қатынасты реттеуге аса құмбыл фақиһтер мен хадисшілер фиқһ ілімін одан арықарай дамыта түсті. Ал, захидтар болса, ішкі жан-дүниені кемелдендіру ілімін жетілдіруді қолға алды. Осылайша сопылық мұсылман қоғамында діни-психологиялық, діни-этикалық, діни-моральдық ілім ретінде өз орнын иеленді.
Хафыз Исфаханидің «Шафаһ-иду’т-тасаууф» атты шығармасында VIII ғасырдың орта шешінде алғаш рет Ахмед ибн Атаның ханакасында сопылықты арнайы пән ретінде өте бастағандығы айтылады. Кейінірек Ахмед ибн Гассан атты шейх сопылық ілімді теориялық һәм тәжірибелік тұрғыда бастан кешіруді үйрететін арнайы ханака ашады. Имам Раббани өзінің атақты «Мактубат» атты шығармасында сопылық ілімді үйрету үрдісін арықарай Хасан әл-Масвухи мен Әбу Хамзаның жалғастырғандығын баяндайды.
Бір қарағанда жан тазалығын ұлықтайтын сопылық ілім иелері формаға (сыртқы пішін) мән беретін фиқһ ілімінің мамандарына қарсы секілді көрінгенмен, негізінен сопылық пен фиқһ бір-бірін толықтыратын пәндер еді. Бірі – сыртқы пішінді шариғатқа сай реттесе, бірі – шариғатқа сәйкес жан тазалығын қамтамасыз ететін. Дегенмен, алғашқыда фақиһтар мен хадисшілер сопылық ілім иелерін өздеріне оппозиция санап, оларды мүмкіндігінше қуғындауға тырысты. Билік өкілдері тарапынан саяси қолдау болмағандықтан, сопылар көбінесе рибат (шекара) аймақтарында өмір сүрді. Сопылар мен фақиһтардың арасындағы текетірес бірнеше ғасырларға ұласты. Екі ілім иелерін татуластырған Имам Кушайри мен Имам Ғазали еді. Олар сопылық ілімнің фиқһ ілімінің ішкі динамикасы, ислам құқығының этикасы, моральдық құндылықтарын құрайтынынын дәлелдеп бақты. Осыдан кейін барып, фиқһ өкілдері мен сопылар арасындағы талас-тартыс толастай бастады.
Сопылық ілімде құлшылықты мінсіз орындау, нәпсіні тәрбиелеу және жүректі кірден тазартып, ізгілікке ұмтылу негізге алынатындықтан, ихсан ілімі «илми тазкия» (жүрек ілімі) және «илм ул-ахләқ» (мінез-құлықты түзейтін ілім) деп те аталады. Сондай-ақ, жүректі тазарту арқылы әдептілік пен мінез-құлықты көркейту, даналыққа иек арту арқылы «толық адам» дәрежесіне жету көзделгендіктен, сопылық ілімді «тахаллуқ (мінез-құлық нормаларын үйрену) және тахаққуқ» (көркем мінезді игерумен ақиқатты тану) деп те атады.
Сопылық ілім шариғаттың бұйрықтары мен тыйымдарын кемелденудің алғышарты ретінде қарастырады. Сопылар шариғатты игермей тұрып, кемелдену мүмкін емес деп санайды. Олар шариғат теріс санаған харам және мәкрұһ істерден бойын алшақ ұстап, күмәнді нәрселерге жуымауға тырысады. Шариғат қағидаларын ту етіп ұстап, Хақтың разылығына ие болу үшін тәнін азапқа салып, жанын рухани ләззатқа бөлейді. Өмірлік сынақтарға сабыр етіп, тауқыметтерге төзіп, әрдәйім ар тазалығын ұлықтайды.
Сопылық ілімнің даму дәуірлері
Сопылық ілімнің тарих сахнасына шығуы, қалыптасуы мен дамуы мынадай үш кезеңге бөліп қарастырылады:
- Зухд дәуірі.
- Тасауф дәуірі.
- Тариқат дәуірі.
Зухд дәуірі деп – сахаба, табиғин, таба-табиғиндердің ішінде фәни дүниенің ләззатынан бас тартып, құлшылық жасауға ынтығып, дегдарлықтың жарқын үлгісіне айналған әзіреті Әбу Бәкір Сыддық, әзіреті Әли ибн ӘбуТәліп, Әбу Зәрр әл-Ғифари, Уайсал Карани, Хасан әл-Басри, Рабия әл-Әдәбийа және т.б. захидтер өмір сүрген «алтын ғасырды» айтамыз. Бұл дәуірде Құран кәрім мен сүннеттің негізінде сопылық ілімнің іргетасы қаланды. Сондай-ақ, өздерінің жанқияр тәжірибесімен мұсылман үмбетіне тақуалықтың үлгісі бола білген сопылық ілімнің алғашқы ірі өкілдері өмір сүрді.
Тасауф дәуірінде ғұламалар тарапынан ихсан құндылықтары жүйеленіп, бір ізге түсіріле бастады. Рухани күйлер, хәл мен мақам сатылары, нәпсіні ауыздықтау мен жеңу кезеңдері және сопылық ілімнің теориялық-метологиялық негіздері қалыптасты. Сонымен қатар, бұрын әртүрлі аттармен аталған ихсан құндылықтары «тасауф» деген атауға ие болды. Тасауф кезеңінен бастап біржолата тақуалыққа бекінуші мұсылмандардың жалпы есімі «суфи» деп аталынды. Және сопылық ілім фиқһ, ақида, тәпсір секілді дербес ілім ретінде қалыптасып, медреселерде жеке пән ретінде оқытыла бастады.
Тасауф дәуірінде өмір сүрген сопылық ілімнің ірі өкілдері ретінде Әбу Хашим әл-Куфи, Ахмет ибн Ато, Ахмет ибн Гассан, Хасан әл-Масбухи, Әбу Хамза, Харис әл-Мухасиби, Маруф әл-Қарһи, Сарий әс-Сакати, Абдуллаһ әт-Тустери, Баязид Бистами, Жүнейд Бағдади, Әбул Хусейн ән-Нури және т.б. сопылардың аты аталады. Аталған көрнекті тұлғалардың кейбірі сопылық ілімнің дамуы үшін арнайы рисалалар жазып, кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырды. Олар сопылық ілімнің көркейе түсуіне теориялық һәм тәжірибелік тұрғыда мейлінше өз үлестерін қосты.
ІХ ғасырда тасауфтің теориялық негіздері қалыптасып болған соң сопылардың тәжірибелік машығы мен рухани-психологиялық аспектілері, өзін-өзі тәрбиелеу мен шынықтырудың ұжымдық әдіс-тәсілдері ортаға шықты. Сопылық ілімді ұжымдық түрде ұстану тариқат* деп аталды. Оның көптеген хәл-мақамдарымен бірге тариқат, мағрипат, хақиқат атты рухани қабаттары бекітілді. Тариқатта сопылық ілімнің теориялық негіздерімен қатар тәжірибелік қырын игеруге көбірек көңіл бөлінді. Хәл-мақамдарды бастан кешірудің тариқаттарда өзіндік әдіснамалары қалыптасты. Әрбір тариқаттың өзіне тән шариғат негіздерінен нәрленген шейх пен мухлис арасындағы байланыс нормалары, әдеп қағидалары, сопылар атқаратын психо-техникалық жаттығулар мен діни рәсім-жоралғылары, рухани кемелдендіріп, діни ақиқатпен қауыштыру жолдары қалыптасты.
Тариқатта шейх шәкірттерінің бойындағы ашық және жасырын кемшіліктерді жоюдың, осалдықты толықтырудың жолдарын нұсқап, олардың жан-дүниесіндегі өзгерістерді ұдайы бақылап, ішкі сезімдерін пәктеп, соған сай сыртқы пішінін мінсіз әдептілікпен өріп, рухани кемелдікке жетуіне жолбасшы болады. Ал, мүрит нәпсілік қалалуларды жеңіп, пенделік кемшіліктерден тазарып, Хақпен қауышу үшін ақиқатқа жол бастар рухани көшбасшыға еріп, қашан толық кемелденгенге дейін біржолата оған өзінің ерік-жігерін тапсырады. Бірақ, шариғат бұйрықтары мен тыйымдарына мойынсұну әрбір мұсылманға міндетті болса, мухлис тариқатқа кіруге ерікті саналады. Яғни, рухани кемелденуді көздеген жан тариқат тәртібіне өз еркімен ғана мойынсұнады.
* араб тілінде: жол, әдіс-тәсіл