«Шариғи мәселелерді түсіну үшін кейбір хадистерді жаттап алу жеткіліксіз»
«Шариғи мәселелерді түсіну үшін кейбір хадистерді жаттап алу жеткіліксіз»
2 ай бұрын 1436 islam.kz/

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кейбір хадистерін жаттап, олардың тек сыртқы мағынасын білу және тереңіне үңілмей сол сыртқы мағынасын ұстану – шариғи мәселелерді түсінуге және фиқһи үкімдерді шығаруға көмектеспейді. Ол үшін, фиқһ ілімін және фиқһ әдістемесін (усул әл-фиқһ) толық меңгеріп, терең түсініп, тәжірибе жинақтау қажет. Сондай-ақ, Исламның рухын, діннің негіздерін терең ұғыну керек. Бұл нәрселерсіз ақиқатқа жету мүмкін емес.

Хадистің тек сыртқы мағынасын негізге алып, содан шариғи мәселелер мен фиқһи үкімдерді шығарғандар шариғатқа және жалпы Исламның рухына қайшы келетін нәрселерді тудырды. Мен саған осы тақырыпқа қатысты мысал келтірейін:

Имам Ибн әл-Жәузи (Алла оны рақым етсін) өзінің «Талбис Иблис» атты кітабында мынадай мәлімет келтірген:

Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) риуаят етілген хадисте: «Алла Елшісі ер адамның өзінің суымен өзгенің бақшасын суғарудан тыйды» — делінеді. Енде кейбір бір топ адам осы хадисті тікелей түсініп:

«Біз кейде бақшамызды суғарғанда, артық су көршілеріміздің бақшасына кетіп қалып жатады. Сол кезде біз Алладан кешірім сұраймыз» дейді. Сонда олардың арасындағы осы хадисті оқыған да, естіген аталмыш хадистің түпкі мағынасы «бақшаны суғару емес», оның мағынасы: жүкті әйелді некеге алғанда, ол босанғанша онымен қатынасқа түспеу керек екендігін сезбеген де, түсінбеген де!. (Ибн Жәузи: «Тәлбису Иблис»).

«Кәнз әл-Уммал» атты кітапта Мужаһидтен (Алла оған рақым етсін) риуаят етілген оқиға орын алған, Мужәһид (р.а.) былай әңгімелейді:

«Бірде біз, яғни Ибн Аббастың шәкірттері – Ато, Таус және Икрима – отыр едік. Сол кезде Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) намаз оқып тұрған болатын. Бір кісі келіп: – Пәтуа беретін адам бар ма? – деп сұрады. Икрима: – Сұра! – деді. Әлгі кісі: – Мен кіші дәретке отырған сайын, соңынан (шәует сияқты) қою сұйықтық шығады, – деді. Біз: – Бала пайда болатын сұйықтық па? – деп сұрадық. Ол: – Иә! – деді. Біз: – Онда саған ғұсыл құйыну парыз, – дедік. Әлгі кісі артына бұрылып, кетіп бара жатты. Осы кезде Ибн Аббас намазын тездетіп аяқтап, сәлем берген соң: – Әй, Икрима! Әлгі кісіні маған шақырып кел! – деді. Ол кісіні шақырып келген соң, Ибн Аббас бізге бұрылып: – Бұл кісіге айтқан пәтуаларыңды Алланың кітабынан алдыңдар ма? – деп сұрады. Біз: – Жоқ! – дедік. Ол: – Алла Елшісінің () сүннетінен алдыңдар ма? – деді. Біз: – Жоқ! – дедік. Ол: – Алла Елшісінің () сахабаларынан алған шығарсыңдар? – деді. Біз: – Жоқ! – дедік. Ол: – Ендеше бұл пәтуаны кімнен (неге сүйеніп айттыңдар)? – деді. Біз: – Өз пікірімізден, – дедік. Сонда ол (Ибн Аббас) былай деді: «Сол себепті де Алла Елшісі (): «Бір фақиһ (фиқһ маманы, дінді терең түсінетін ғұлама) шайтан үшін мың құлшылық етушіден де ауыр», – деген» деді». Содан соң ол әлгі кісіге бұрылып: – Айтшы, сенен сол сұйықтық шыққан кезде жүрегіңде шәһуат (құмарлық) сезімі бола ма? – деп сұрады. Ол: – Жоқ! – деді. – Ал денеңде бір босаңсу, селқостық байқала ма? – деп сұрады. Ол тағы да: – Жоқ! – деді. Сонда Ибн Аббас: – Бұл – жай ғана суықтықтан шыққан сұйықтық. Одан кейін (ол бөлінгеннен кейін) дәрет қана алуың жеткілікті, – деді». («Кәнз әл-Уммал», 9-том, 291-бет. Таһарат кітабы (Хайдарабад баспасы).

Осы риуаятқа байланысты сарапшы ғалымдар былай деп түсініктеме береді:

«Ибн Аббас (р.а.) айналасындағы хадисші шәкірттерінің осы мәселеде қателескенін байқап және (басқа бір хадистегі ұрықты сипаттап айтқан:) «қарқынмен атылып шығатын» деген сөздің сыртқы мағынасына алданып қалғанын көргенде, олардың ғұсылдың негізгі себебін (илләтын) ескермей, тек сыртқы мағынаға сүйеніп пәтуа бергенін түсінді. Ол бұл хадисшілердің арасында бірде-бір фақиһ (шынайы фиқһ маманы) жоқ екенін аңғарды. Егер олардың бірі фақиһ болғанда, мәселенің негізгі себебіне (илләтіне) үңілер еді. Сондықтан, әлгі адамның сұрағындағы зәрден кейін әлдебір сұйықтықтың шығуы ғұсылды бұзатын себеп емес екенін (яғни, құмарлықпен шықпағанын) түсінгеннен соң, Ол (Ибн Аббас) бұл атылып шыққан судың мәни (ұрық) емес екенін әрі ғұсыл алуды қажет етпейтінін айтып пәтуа берді».

Бұл оқиғадан кейін Алла Елшісінің () фақиһтерді мақтаған хадисінде, олардың шариғи мәтіндерді терең түсінетін өткір парасаты мен салиқалы ой-пікірге ие болғандары үшін мадақтағаны айқын болып отыр. Ибн Аббастың жанында отырған Мужаһид, Ато, Таус және Икрима сияқты ұлы мухаддистер (хадис білгірлері), тіпті олар хадис ілімінде көшбасшы, ұстаз болса да, фақиһ емес еді. Сондықтан да, олар ғұсылдың негізгі себебін көре алмады және ол туралы ойланбады. Сол себепті де, Пайғамбарымыз () фиқһ мамандарының артықшылықтарына нұсқай отырып: «Бір фақиһ (фиқһ білгірі) шайтан үшін мың ғабидтен ауыр», – деген. (Абид - көп құлшылық жасаушы)

Себебі, шайтанның негізгі мақсаты – адамдарды азғырып, оларды Исламға қайшы келетін жиіркенішті істерге итермелеу. Ал (жай ғана) құлшылық етуші адам (ғабид) өзінің құлшылығымен әлек болып, шариғи мәтіндердің мағынасына терең ой жүгіртуге, оларды зерттеп, Ислам шариғаты мен оның рухына сай келетін үкімдер шығаруға уақыт таба алмайды. Хадисшілер де (мухаддистер) сол сияқты. Олар үшін тек хадис тізбектерін (иснад) нақтылау және риуаятшыларды (рауилерді) зерттеу ғана маңызды.

Ал фақиһқа (фиқһ білгіріне) келетін болсақ, ол әрбір нәрсенің мәніне терең үңіледі, жасырын тұстарын ашып, әртүрлі қырларын көреді. Ол бір мәселеде үкім шығармас бұрын, сол мәселеге қатысты барлық аяттарды, Пайғамбардың хадистерін және сахабалардан жеткен сөздерді (әсәрларды) толық зерттеп, танысып шығады. Содан соң өзінің өткір ақылы мен зеректігін іске қосып, Шариғат Иесінің (Алланың) бұл үкімдегі мақсаты мен көздеген пайдасын анықтайды. Сонда ғана ол шариғатқа және оның рухына толықтай сәйкес келетін үкім шығарады1...

Note: Жоғарыдағы мақаланың өзегі - он шақты хадис біліп алып, өзін ғұлама, "реформатор" санап, шариғи үкімдерді өзгерткісі келетін кейбір "сәләфит" уахабиттерге қарасты деп түсінуге болады. Өздері дәреттің үкімдері былай тұрсын, Құранды ежелеп оқитындықтарына қарап алмай, Имам Ағзам Әбу Ханифа сынды шоқтығы биік ғұламалардың бекіткен пәтуаларын талқылағысы келетіндіктерін қайтесің. Имам Мәтуридидің "таухид" атты кітабынан бір сөйлем болса да оқи алмайтын олар, Имам Мәтуридиге тіл тигізіп, оны "бидғатшы" деп, адасты деп айтуға беттері бүлк етпей қалай дәттері барады десеңізші. Оның бәрі надандықтың белгісі, бірақ бәрінен қатты қарынды аштыратыны "білімсіз" бола тұра, сол білімсіз екендіктерін білмеулері болып табылады. Тауфиқ, һидаят Алладан!

(1)Шейх Абдуррахим Ләжфурий: «әт-Тәқлидуш Шәръи филь Умуриль Фиқһия» атты кітабынан ықшамдап аударылды. islam.kz

 

0 пікір