Шәкірт білім жолында тәуекелге бел бууы қажет. Ризық мәселесі оның уайымы болмауы тиіс. Ондай нәрсе ойын мазаламағаны жөн. Әбу Жағфар риуаят етеді: Әбу Ханифа (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) сахабасы Абдулла ибн Хасан әз-Зубайдиден (р.а.) риуаят етеді: «Кімде-кім Алла дінінде білім үйренсе (фиқһ үйренсе), Алла тағала уайымын сейілтіп, ойламаған жерден ризығын береді». Өйткені кімнің ойын ішіп-жейтін тамағы мен киетін киім-кешегі мазалайтын болса, көркем мінез бен биік мақсаттарды бағындыруға уақыты қалмайды.
Сондай көркем мінездерді аңсама,
Сапар шекпе, жата бергін үйіңде.
Өйткені сен мұқтажсың ғой қаншама,
Ішер тамақ, және киер киімге, – делінеді бір өлеңде.
(Бұл өлеңде ақын тілдесіп тұрған адамын мазақ етіп, мұқатып, «сенің көркем мінез бен жақсы қасиет иеленуге шамаң жетпейді. Өйткені ойың тамақ табу мен киім-кешек қамымен шектелген» деп тұр. Кітап авторы осы өлең жолдарын келтіре отырып, кімнің ойын ішіп-жейтін тамағы мен киетін киім-кешегі мазалайтын болса, көркем мінез бен биік мақсаттарды бағындыруға уақыты қалмайды, деген ойын жеткізуде).
Бір кісі Мансур әл-Халлажға:
- «Маған насихат айтыңызшы?», – дейді.
Ол:
- «Нәпсіңмен айналыс. Егер нәпсіңді шаруа басты етпесең, ол сені шаруа басты етеді», – деп жауап берген екен.
Әрбір адам нәпсінің айдауында жүрмеуі үшін нәпсісін жақсы істермен айналысуға итермелеуі қажет. Ақылды адам дүние ісіне қатысты мазасыздана бермеуі тиіс. Өйткені уайым мен қайғы келген қиыншылықты қайтармайды және пайда да бермейді. Керісінше жүрек, ақыл және денсаулыққа зияны бар және ізгі амалдарға кедергісі тиеді. Кісі ақырет ісі жайлы ойланғаны жөн, бұл пайдалы.
Ал, Алла елшісінің (с.ғ.с.):
«Расында күнәлардың ішінде тек бала-шағаны асырау қамы (уайымы) ғана өтеу болатын күнә бар», – деген сөзіне келсек, ондағы мақсат уайымның мөлшері ізгі амалдарға кедергі болмайтындай және ойды мазалап намазда жан тыныштығын бұзбайтындай шама. Осынша мөлшерде уайымдау ақырет амалына жатады. Шәкірт дүниелік қарым-қатынасты шама-шарқынша азайтқаны дұрыс. Сондықтан бұрынғы ғалымдар оқшаулануды таңдаған. Сондай-ақ, тәлім алу жолында қиындық пен ауыртпалыққа төзе білуі тиіс. Мұса (ғ.с.) білім жолында:
«...Әрине, осы сапарымызда шаршадық...» («Каһф» сүресі, 62-аят), – деп білім сапары қиындықсыз болмайтындығын білдірген. Ол басқа сапарларында бұлай деп айтпаған. Өйткені білім алу – үлкен шаруа. Білім көпшілік ғалымдар көзқарасында жиһадтан да абзал. Ал, сауабы қиыншылық пен ауыртпалық шамасынша. Кімде-кім осыған сабыр етсе, басқа дүниелік ләззаттардан да артық рақатты сезінеді. Сондықтан да Мұхаммед ибн Хасан түндерді ұйқысыз өткізіп, білімдегі түйінді мәселелер шешілгенде: «Бұл ләззаттан патша балалары қайда қалды?» – деуші еді. Шәкірт білімнен басқа шаруамен айналыспауы керек. Және фиқһтан теріс айналмауы қажет. Мұхаммед ибн Хасан (р.а.):
"Кімде-кім біздің ілімді бір кезде тәрк етпек ойы болса, сол сәттен тәрк етсін, Біздің бұл өнеріміз (іліміміз) тал бесіктен жер бесікке дейін», – деген екен. Мұның мағынасы: фиқһ үйреніп жүрген шәкірт бір кезде бұл ісімді доғарамын деген ойда болса, білім алудағы жігері әлсіз, ойы тұрақсыз болғандықтан, сол сәттен білімді тоқтатқаны жөн. Өйткені мұндай адамнан пайда жоқ және уақытын зая жібереді.
Ол (Мұхаммед ибн Хасан және Ибраһим ибн Жаррах) Әбу Юсуфке (р.а.) өлім төсегінде жаны қиналып жатқанда жағдайын сұрап келеді. Сонда Әбу Юсуф (р.а.) одан:
- «(Қажылықта) шайтанға тас атуды көлік үстінде жасаған абзал ма, жаяу тұрып па?», – деп сауал қояды. Келген фақиһ жауап бере алмайды. Сонда ғұлама өзі жауап берген екен. Фақиһ адам осылайша үнемі шариғатпен шұғылданып жүруі қажет. Сол кезде білімнің үлкен ләззатын сезінеді.
Имам Мұхаммед жайлы ел арасында мынадай бір әңгіме бар. Қайтыс болғаннан кейін имамды бір кісі түсінде көреді. Әлгі адам имамнан:
- «Жан тәсілім етер шақта қандай күйде болдыңыз?» – деп сұрайды. Сонда имам:
- «Мукатаб 5 мәселесіне қатысты бір сауал төңірегінде ойланып жатқанмын. Содан жанымның шыққанын сезбей қалдым», – депті.
Жаңағы түс көрген адам Мұхаммед ибн Хасанның (р.а.) өмірінің соңғы күндері «мукатиб мәселесі маған бұл күнге дайындалуға мұрша бермеді» дегенін айтады. Бұл сөзді ғұлама кішіпейілдік танытып айтқан.
(Мукатаб – өз қожайынымен белгілі мөлшерде құн төлеп, басына азаттық алу үшін шарт жасалынған құл).
Бұрхануддин Зарнужи, "Тәлімгер тағылымы". Қазақ тілінде. Аударған: Заңқоев Қалижан Байырбекұлы. Алматы-2011 ж.