САУДА ТАУАРЛАРЫНЫҢ ЗЕКЕТІ
САУДА ТАУАРЛАРЫНЫҢ ЗЕКЕТІ
2 жыл бұрын 3608
Дайындаған Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

Шариғатта сауда тауарлары деген кезде: алтын, күміс және қағаз ақшадан (валюта) басқа сауда-саттық үшін әзірленген заттарды айтады. Мысалы: азық-түлік, автокөлік, киім-кешек, жан-жануарлар т.б.

Шарты

Сауда заттарынан зекет беру міндет болуы үшін белгілі шарттары бар. Бұл шарттар табылған жағдайда сауда заттарынан зекет беру міндет болады.

Ханафи мәзхабында шарттары төртеу:

1) Нисаб мөлшеріне жету. Сауда тауарларының құны нисаб мөлшеріне жеткен болуы тиіс. Оның нисабы алтын немесе күмістің нисабымен есептеледі. Егер сауда заттарының құны - ең аз 600 грамм күміс немесе 85 грамм алтынның құнына жетіп тұрса, оған зекет беру парыз болады.

2) Бір жыл толу. Сауда тауарларының құны нисаб мөлшеріне жеткеннен кейін, бір жыл өтуі керек. Осы бір жыл ішінде құны нисаб мөлшерінен азайғанымен, жыл соңында қайта нисаб мөлшеріне толған болса, зекеті беріледі, өйткені нисаб мөлшерінде - жылдың басындағы және жылдың аяғындағы мөлшер маңызды. Алайда жыл басында құны нисабқа жетіп, бірақ жылдың соңында құны нисабтан төмендеп қалса, зекет беру парыз болмайды.

3) Заттарды сауда-саттық ниетімен алу. Тауарды сатып аларда «сату» ниетімен алған болуы керек. Ал өзінің қолданысы үшін сатып алынған заттардан зекет берілмейді. Мысалы, мініп жүру үшін екі көлік сатып алған кісі ол үшін зекет бермейді, ал егер ол екі көлікті сауда үшін, яғни, сату үшін алған болса, онда ол екеуінің құны нисаб мөлшеріне жеткен жағдайда немесе өзге сауда тауарларына қосып, 2,5 пайыз зекеті берілу керек болады. Және айта кету керек: құр ниеттің өзі жеткіліксіз, ниетпен қоса іс жүзінде саудаға шығарылған болуы керек.

4) Заттар сауда тауары болуға жарайтын түрден болуы тиіс. Мысалы егін жерін сатып алса, ол жер - «үшір жері», одан зекет емес, үшір беру керек[1].

Зекет тауарына жатпайтын заттар

1) Дүкендегі жиһаздар мен сауда ісінде қолданылатын құрылғылар, долаптар, сөрелер т.б. сауда тауары болып саналмайтын заттар зекетке есептелмейді.  

2) Бір затты баста "сатып, үстінен пайда көру" ниетімен сатып алғанымен, кейіннен райынан қайтып, өзінің қолданысына қалдыруды ұйғарса, ол зат зекет тауары болудан шығады, яғни, зекетке есептелмейді. Мысалы, бір жер учаскесін сауда ниетімен сатып алып, алайда кейіннен ол жерге үй соғып тұруды ұйғарса, ол жер зекетке есептелмейді. Алайда егін ексе, үшір зекетін береді, ол басқа.

3) Бір затты сауда үшін емес, қолдану үшін сатып алып, артынан сатуды ұйғарса (ниеттенсе), ол оны іс жүзінде саудаға шығармайынша, құр ниеті үшін зекетке есептелмейді. Сатқан жағдайда, ақшасы нисабқа жетіп тұрса, бір жылдан соң зекеті беріледі.

Сауда тауарларының зекетін есептеу

Мұсылман саудагер жыл соңында дүкеніндегі бар сауда тауарларының бүкілінің құнын есептеп шығарады, егер тауарларының ортақ құны «нисаб мөлшеріне» жетіп тұрса, қырықтан бірін, яғни, 2,5 пайызын зекет ретінде беруі тиіс[2]. Осы орайда, мойнындағы қарызы, сондай-ақ, өзінің және отбасының негізгі қажеттіліктері шегеріледі[3].

Зекетті есептегенде – дүкендегі әртүрлі заттардың құнын бір-біріне қосқандағы ортақ құны шығарылып, ортақ құнынан 2,5 пайыз беріледі. Мысалы, бір дүкенде он түрлі зат болса, алдымен жеке-жеке құндары есептеліп, артынан бәрін қосып, ортақ құнынан 2,5 пайыз зекет беріледі.

Сауда тауарларының зекетін есептеп беретін кезде нарықтағы құны негізге алынады дейді ғалымдар. 

Сондай-ақ, нисабқа жеткен күннен бастап бір жыл өтуі керек, осы бір жыл ішінде түскен пайдалар, жыл соңында ортақ құнға қосып есептелінеді. Мысалы, дүкеннің заттары нисабқа жеткеннен соң, жыл соңына дейін басқа заттар қосылса немесе кіріс кірсе, қажеттілігінен артылып жиналған артық ақша пайда болса, жыл соңында оларды да сауда тауарларының ортақ құнына қосып есептеп, зекеті беріледі.

Зекетті заттай беруге бола ма?

Ханафи мәзхабында сауда тауарларының зекетін ақшалай да, заттай да беруге болады. Мысалы, мата саудагері зекетін беретін кезде, матаның қырықтан бірін маталай берсе болады. Ол кезде, барлық мата түрі үшін ортақ бір мата түрінен зекетін беріп емес, әр мата түрінің зекеті өз алдына бөлек (қырықта бірі) шығарылып беріледі. Өзге үш мәзхабта сауда тауарларының зекеті заттай емес, құнынан берілу керек[4].

Қайсысы абзал дегенге, сауда тауарының зекетін заттай емес, құнын ақшалай берген абзалырақ. Өйткені заттай берілген жағдайда, ол зат кедей үшін қажетсіз болуы мүмкін. Ал ақшалай берілсе, кедей өзіне қажетті затын өзі сатып ала алады[5].

Сауда тауарларының нисабын есептегенде күмістің нисабын негізге аламыз ба, алтынның ба?

Сауада тауарларының нисабын анықтайтын кезде, алтын мен күмістің қайсысының нисабына жетіп тұрса, соның нисабын негізге алған жөн дейді ғалымдар. Егер сауада тауарларының құны 85 грамм алтынның нисабына жетпей, бірақ 600 грамм күмістің нисабына жетіп тұрса, ол жағдайда күмістің нисабын негізге алған абзалырақ делінген. Кедейлердің үлесін беру жөнінен осылай істеген жақсырақ[6].

Мақаламызды Құран Кәрімнің мына бір қасиетті аятымен аяқтайық:    

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَنفِقُوا مِن طَيِّبَاتِ مَا كَسَبْتُمْ وَمِمَّا أَخْرَجْنَا لَكُم مِّنَ الْأَرْضِ ۖ وَلَا تَيَمَّمُوا الْخَبِيثَ مِنْهُ تُنفِقُونَ وَلَسْتُم بِآخِذِيهِ إِلَّا أَن تُغْمِضُوا فِيهِ ۚ وَاعْلَمُوا أَنَّ اللَّهَ غَنِيٌّ حَمِيدٌ (267) الشَّيْطَانُ يَعِدُكُمُ الْفَقْرَ وَيَأْمُرُكُم بِالْفَحْشَاءِ ۖ وَاللَّهُ يَعِدُكُم مَّغْفِرَةً مِّنْهُ وَفَضْلًا ۗ وَاللَّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ (268)

«Әй мүміндер! (Сауда) Табыстарыңның және сендер үшін жерден шығарған нәрселеріміздің жақсысынан тиісті орынға жұмсаңдар (зекетін беріңдер). Ал өздерің көздеріңді жұмып әрең ғана алатын сапасыз нәрсені Алла жолында беруді ойламаңдар. Біліңдер, Алла бай, мақтаулы. Шайтан сендерге кедейлікті уәде етіп, арсыздықты бұйырады. Алла болса, сендерге кешірімді және берекені уәде етеді. Алла – өте кең, барлық нәрсені білуші»[7].

Алла Тағала саудаларыңызға береке берсін! 


[1] Проф. Доктор Уаһбәту Зуһәйли: «әл-Фиқһуль Исләми уә әдилләтуһу). 3/1866-1870 беттер.
[2] Шәқиқ ән-Нәдуи: «әл-Фиқһуль Мүәссәр». 271 бет.
[3] Шейх Юсуф әл-Қардауи: «Фиқһуз зәкәт». 1/329 бет.
[4] Проф. Доктор Уаһбәту Зуһәйли: «әл-Фиқһуль Исләми уә әдилләтуһу). 3/1874 бет.
[5] Шейх Юсуф әл-Қардауи: «Фиқһуз зәкәт». 1/338 бет.
[6] Проф. Доктор Уаһбәту Зуһәйли: «әл-Фиқһуль Исләми уә әдилләтуһу). 3/1872 бет.
[7] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 267, 268 аяттар.

 
 
0 пікір