Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм:
– Рамазанныы соңғы күні Алла Тағала ораза ұстағандарды кешіреді, – деді.
Сахабалары:
– О, Расулалла! Ол күні қадір түні ме? – деп сұрады.
Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм:
– Білмеуші ме едіңдер, жұмыс істеген адамға жұмысты бітіргенінде еңбек ақы беріледі, – деді». (Байхақи)
Иншалла өміріміз тұтастай Рамазан айына айналып, соңғы деміміз айт мейрамына айналғай!
Өткен жылы арамызда болған кейбір бауырларымыз биыл қабір әлемінде. Биыл арамызда отырған кейбір бауырларымыздың да биылғы Рамазаны соңғы оразасы болуы ықтимал. Олай болса, баршамыз Рамазанды барынша пайдалануымыз керек. Өйткені Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм барлық құлшылықтарымызды соңғы ғибадатымыздай орындауды үгіттейді.
Сол үгіт аясында өмір сүре алсақ, Рамазан – тақуалық мектебі, айт болса – оның рухани дипломы болмақ.
Ардақты Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм айтады:
مَنْ قَامَ لَيْلَتَيْ الْعِيدَيْنِ مُحْتَسِبًا لِلَّهِ لَمْ يَمُتْ قَلْبُهُ يَوْمَ تَمُوتُ الْقُلُوبُ
«Ораза айт пен Құрбан айт түндерін, сауабын Алладан күте отырып, құлшылықпен өткізген кісінің жүрегі барлық жүректер өлетін күні өлмейтін болады». (Ибн Мәжә, сыям, 68).
Олай болса, Рамазан түндері секілді айт түндерінің де бір ғанибет екенін ұмытпайық. Мынаны да ұмытпайық, нағыз айт мейрамы мүміндердің тақуалық сынағынан табысты өтіп, Хақтың құзырына шығатын күндері болмақ.
ШЫНАЙЫ МЕЙРАМ
Әзіреті Бәһлул Дана айтады:
«Шынайы мейрам жаңа киім кигендерге емес, Алланың азабынан құтылғандарға болады».
Шынайы мейрам – Хақтың бізге разы болуы. Сондықтан да бұл қуанышты айт күндерінде жетімдерді, ешкімі жоқтарды, пақырлар мен мұқтаждарды сүйсіндіріп, Алла Тағаланың разылығын іздейік.
Мейрам – өмірде таршылық көргендердің езуіне күлкі сыйлай білгендер үшін қандай керемет дүние жәннаты!...
Шынайы мейрамдар туыстар арасын жалғау, дүниеден өткендеріміздің рухын шаттандырып, иман бауырлығын жамағат болып жандардыру секілді қаншама игі шараларға мұрындық болатын, бүкіл қоғамды құшағына алатын ғибадат күндер.
Бір жағынан діндарлық тек Рамазан айында немесе белгілі күндерге ғана тән нәрсе емес. Ол – өмірлік тақуалық тіршілік дәстүрі. Сондықтан да Рамазаннан кейінгі айларда да уақытымызды ізгі амалдармен безендіру тұрғысында ғапыл болып қалудан сақ болайық.
Раббымыз баға жетпес Рамазан айт сыйының рухани берекесінен нәр алуды жазғай!
Рамазанның рухани береке дариясын өміріміздің әр күніне таратуды және ажалымыздың мәңгілік айт мейрамы таңына айналуын Раббым нәсіп еткей!
Қасиетті Рамазан мен мүбәрак айттарымызды отанымызға, ұлтымызға және барша Ислам әлеміне бақыт пен тыныштық себепкері етсін! Әмин!...
"Ықылас пен тақуалық" атты кітаптан.